Бүгін Бішкектегі ШЫҰ мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің жұмысы аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ауғанстан Ислам Республикасының Атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулламен кездесті, деп хабарлайды egemen.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар сауда-экономикалық, гуманитарлық салалардағы және өңірлік қауіпсіздіктегі екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мәлім болғандай, Қазақстан Ауғанстанға практикалық қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Атап айтқанда, Қазақстан трансшекаралық темір жол желілерін кеңейту, CASA-1000 электр энергиясын өткізудің жоғарғы вольтті желілері және Орталық Азия елдерінен оңтүстік бағыттағы құбыр желісі жобаларын қоса алғанда Ауғанстанның қатысуымен өңірлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамаларды ілгерілетуге жәрдемдесуде. Бұдан өзге, Қазақстан Ауғанстанға екіжақты және көпжақты деңгейде техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуде.
Қазіргі уақытта қазақстандық оқу орындарында бейбіт мамандықтар бойынша жоғары және орта кәсіптік-техникалық білім алу мүмкіндігі 994 ауған студентіне берілді. ҚР Үкіметі Ауғанстанда мектептер, ауруханалар және жолдар салуға 2,3 млн доллар бөлді. 20 мың тоннаға жуық азық-түлік көлемінде гуманитарлық жеткізілімдер жүзеге асырылды (жалпы 17 млн доллардан астам сомаға). Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақсыз мүшесі ретінде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мүдделердің ортақтығын ескере отырып, Ауғанстан Ислам Республикасының қатысуымен жанжалдарды реттеу және алдын алу мәселелеріне белсенді қатысады.