• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

М.Жолдасбеков: Кейінгі буын тілден, көзден қала ма деп уайымдаймын

540 рет
көрсетілді

Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков кітапқа қатысты ойларын білдірді. «Алматыдағы ҚазГУ-ге түскен соң кітапқа шөлдеп келген біздер сол кездегі Пушкин атындағы кітапханаға ағылатынбыз. Кітап сүйер жастар ол кезде кітапханада танысатын. Еңбек ері, даңқты ақын ағаларың Олжас Сүлейменовпен мен кітапханада танысқанмын. Міне, содан бері қанша жылдар өтсе, де бір-бірімізден айрылғанымыз жоқ. Дос, іні-бауыр боп араласып келеміз. Біз барлық өнегені кітаптан алдық»-деді Мырзатай Жолдасбеков. Ол өркениетті елдерде танымал кітапханалардың көпшілігі жеке кітапханалардан құралғанын айтып, атақты Александрия кітапханасын мысал етті. Бұл орайда ол өзінің 9 жарым мыңнан аса кітабын Ұлттық академиялық кітапханаға өткізгенін, қаламгерлер тарапынан осындай қозғалыстың басталғанын айтты. Қадыр Мырзалиевтің жеке кітапханасы Оралға, Қалтай Мұхамеджановтың жеке кітапханасы Қызылордаға кеткенін, сондай-ақ, жақын күндерде Әбіш Кекілбаевтың жеке кітапханасы Ақтауға аттанатынын, сол жақта жазушыға арналған үлкен орталықтың ашылатынын жеткізді. «Мен дүние жинағаным жоқ. Кітап жинадым.  Алдымыздағы ағаларымыздың барлығы кітап арқылы өсіп өнді»-деген профессор қазіргі қоғамға қарап уайымдайтынын, жастардың, балалардың қолынан телефон түспейтінін, адамдардың бір-бірімен сөйлесуден қалып бара жатқанын алдыға тартты. Шешен халықтың ұрпағы тілден қала ма, экраннан шашырайтын зиянды сәулелердің салдарынан көзден қала ма деп уайымдайтынын ашық айтты. Айгүл СЕЙІЛОВА