• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2011

Қарындасым – қарлығашым

4426 рет
көрсетілді

Қарындасым – қарлығашым

Жаныңды салып азапқа Сағыныш жайлар бір кез бар. Қарындас деген  қазақта Құлаққа тәтті бір сөз бар. Қарындас деген сол сөзден Саумал бір самал еседі. Қарындас деген сол сөзден Көркейіп көңіл өседі. Қарындас десе, тегінде, Жаныңды  жайлау жаз қылар, Жүректің жылы төрінде Жібектей жұмсақ наз тұрар. Қарындас десе – қазақтың Еске алам ерке қыздарын. Ыстығы-ай сол бір ғажаптың Еріткен көңіл ызғарын! Қарындас десе – көзімнің Алдына кесте тартылар. Қарындас десе – сезімнің Болмайды кезі сарқылар. Қарындас деген сол сөздің Алтыннан артық нарқы бар. Қарындасты көкке көтерген Халқымның ардақ салты бар. Қарындас, шіркін, жігітті Батыр да қылар, нар қылар. Маздатып алау үмітті Қарындас үшін шарқ ұрар. Табаныңа шоқ тисе, Шырқырайтын қарындас. «Тар қолтықтан оқ тисе, Сүйеп шығар қарындас». Қарындас десе – көңілдің Шертілер күйлі пернесі. Қарындас десе – өмірдің Жайнайды жарқын сәулесі. Ағалап еріп соңыңнан, Анаңнан бетер аймалар. Айың боп туар оңыңнан Қарындас сезім қайда бар?! Қорғанбек  АМАНЖОЛ.

Әсел мен Назигүл

Кеден қызметі қыз-келін­шек­терге лайық екенін, нәзік жанды­лар­дың қашанда өз ісіне өзгеше ұқыптылықпен қарайты­нын осы қыздарымыздың жұмыс барысы­нан да байқауға болады. Бүгінде қызметтің сан түрі бар. Әйтсе де Кеден қызметінің жайы бір басқа. Олай дейтінім, ол ұлт байлығын та­лан-таражға салуға жол бермейтін өткел сынды. Иә, бүгінде бұл қызметтің ауыртпа­лы­ғын ер-жігіттермен қатар ар­қалап жүр­ген кеденші қыз­дары­мыз да аз емес. Со­лар­дың қатарында Әсел Тоқтасова мен Назигүл Мақсұт­хан да бар. Әуелде Әсел Тоқтасова өз жұ­мысын Астана қаласы бойынша ке­дендік бақылау департаментінің кең­­се бөлімі маманынан бастаған болса, бүгінде «Әуежай-Астана» кеден бекетінің бас маманы болып отыр. «Әуежай-Астана» кеден бе­кетінің халықаралық әуе рейстерін тіркеу бөлімшесінің бас маманы, кеден қызметінің капитаны Әсел­дің есімі бүгінде көптің аузында жүр. Өйт­кені, ол заңның ала жібін атта­мақ болғандарды, контрабан­да­лық та­сы­мал­ды тұсады. Жас та болса алғырлығымен дараланатын қыз­дың асар белестері алда екені анық. – Мемлекетіміздің бас қала­сы­на қатынайтын жолаушылар нө­пірі көп. Соның ішінде қай­сыбірі заңды белден басқысы келеді, оны анықтап білуге пси­хо­логиялық таным керек. Өз ба­сым жолаушы­ның сенімсіздік ұялататын іс-қи­мылына қарап, бір нәрседен жал­та­рып тұрғанын сеземін. Бірде менің ауысымдық кезегімде 19 мың 300 долларды Дубайға әкет­пек болған бір әйел ұсталды. Ауыз­ша түрде өзімен бірге 3 мың АҚШ доллары бар екенін айтты (заңды түрде 10 мың АҚШ дол­лары­на дейін соманы кедендік декларациядан өткізбеуге болады), бірақ оның түрі күдік тудырған. Арнайы кедендік қарау бөлме­сін­де оның қол жүгінен, киімдерінің арасынан көп шетел валютасы шық­ты. Содан «неге кедендік декларациядан өткізбедіңіз?» дегенімде, «асығыс болдым» де­ді. Бұндай заңсыздыққа бай­ланысты оған қатысты ҚР ҚК-нің 209 бабымен қыл­мыстық іс қозғалды – де­ді Әсел әңгіме бары­сын­да. Жұмыс жайымен осы­лай­ша сыр бөліскен Әсел азаматтардың заңның та­лаптарын біле тұра, осы­лай қараулық танытаты­нын айт­ты. Бұндай әре­кет­терге тос­қауыл қойып, ал­дын ала­тын кеденші қыз­дары­мыз­дың ең­бегі елеу­лі. Ол талай мәрте елорда әуежайында заңсыз валюта тасы­малдарының деректерін анықтап, ҚР ҚМ Кедендік бақылау комитеті төрағасы Қ.Кәр­бозовтың алғысын алып, «Кеден қызметінің үздігі» алқасын иеленгенін айтсақ та жеткілікті. Тәуе­лсіз еліміздің қайсар қызы Әселдің ба­ғындырар шың­дары таусылмасын демекпіз. “Әуежай-Астана” ке­ден бекетінің жас ма­ман­дары­ның бірі Назигүл Мақ­сұт­хан туған еліне Қытай Халық Республикасынан оралған. Алма­т­ы­­­да заң академиясын тәмамда­ған соң, Алматы облысының «Дос­тық» кеден бекетіне қызметке ор­на­ласқан. Назигүл туған жерінің, елінің байлығын қорғауға қашанда сергек қарайды. Сондықтан да ол кәсібін жетілдіруден ешқашан жа­лыққан емес. Ұжымда өтетін түрлі шараларға да атсалысып, тіптен “Қара жорға” биін нақышына келтіре билеп, көптің ықыласына бөленгені өз алдына бір әңгіме. – Мен Қазақстан-Қытай мемлекеттері арасындағы «Достық» кеден бекетінің саудадан тыс айна­лымды ресімдеу бөлімінде қызмет еттім. Айтпағым, өзіме тәлімгер бол­ған Ғалым Байсеркеновке алғы­сым шексіз. Олай дейтінім, өз ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын ол кісіден үйренгенім көп. Иә, мен де қызметіме зор сүйіс­пеншілікпен қараймын. Өйткені, кеден қызметі салғырттықты, нем­құ­рай­­дылықты кешірмейді, – дейді Назигүл. Кеденші – мемлекет келбеті, ше­телден келген мейман кеден қыз­мет­керіне қарап, мемлекеттің дә­ре­жесін аңғарары анық. Сондық­тан астана­лық кеден департаменті­нің қыз­мет­керлеріне артылар жүк жеңіл емес. Әсел мен Назигүлдей жігері та­сы­ған қыздарымыздың еліміз­дің эко­­но­микалық тұғырында тұр­­ғаны қуан­тарлық. Көпке үлгі бола білген қыздарымыздың еңбегі өнімді бол­ғай! Әсел ТҮСІПБЕКҚЫЗЫ, Астана қаласы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметкері.

Сегізбай + Ақшай=...16 ұл-қыз, 40 немере, 13 шөбере

Табан астында тапсырма алдым. Тақы­рып: «Көп балалы ана!». Бірақ... «көп бала» деген қарапайым түсініктің қаншамен есептеліп, қаншамен шектелуі (егер шектелсе) керек екенін табан астында біле алмадым. Әсіресе, қазақ сияқты балажан халық үшін. Қазір ел Үкіметі жеті ұл-қыз туған ананы ардақты ана деп – алтын, алты бала туып, өсірген шешені – күміс медальмен марапаттап отыр. Ал бес бала тапқан әйел медаль алмаса да «көп балалы» ана қа­тарында аталады. Ондай бес бала кез келген қазақтың үйінің шаңын аспанға шы­ғарып, ойнап жүр. Қайта бұрынғы талап жоғарылау еді, мысалы алтын медаль­ды он ұл-қыз туып, аман-есен өсірген ана ға­на ала алатын. Сегіз, тоғыз ұл-қыз туған апа­­ларымыз Олимпиада ойындарының ал­тын медаліне қол созым жетпей қалған талантты спортшыдай арманда қалатын. Шіркін, он бір, он екі бала тапқан және оны аман-есен өсіріп отыр­ған ата-ананы тапсам редактор бір қуанып қалар еді-ау деп те ойлап қоям. Ақыры ойланып оты­рып Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміт­кен Най­мановаға телефон шалып: «Аса ауы­лы­нан оншақты бала туып, аман-есен өсі­ріп отырған ата-ананы «тауып» бере аласыз ба?» деп өтіндім. Үміт­кен үмітімді ақтады. Ақтағанда қандай жә­не... он алты ұл-қыз туып, оларды дін аман өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған Сегізбай көкем мен Ақшай апамды тауып берді. Ақшай Ергебайқызы 1936 жылы Бай­зақ ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келіпті. Бастауыштан әрі қарай оқи алма­ған. Ал тәңір қосқан жары Сегізбай Рыс­құлбеков – Жамбыл ауданындағы Пионер ауылында 1936 жылы туған. Екеуі тағ­дыр­дың жазуы­мен 1953 жылы үйленіп, отау құрады. Ол кезде заман қазіргідей кең емес. Жас та, кәрі де ағарып таң атқаннан қа­райып кеш батқанға дейін бел жазбай колхоздың қара жұмысында құмырс­қаша қыбырлап жүреді. Ақшайдың еншісіне де сол тұстағы ауыл әйелдерінің маңдайына жазылған қызылша өсіру, қызылша жинау бұйырды. Әйел екен, ана екен деген ілтипат жоқ. Коммунистік партия – басшы, қызылша­шылар бригадирі – ұраншы. Сегізбайға тұрмысқа шыққаннан кейін тұңғыш қызы дүниеге келді. Сегізбай көке мен Ақшай апа: «Отбасымызда тек қана мейрам болсын», деп оның атын Мейрам­гүл қойды. 1954 жылы дүниеге келген сол Мейрамгүліңіздің жасы 57-ге келіп, бүгін­де зейнетке шыққан, немере сүйген бәй­бі­ше болып отыр. Төркінінен де ұза­май Жам­был ауданының Жасөркен ауылы­ның азаматымен тұрмыс құрды. Мейрамгүл қыз былдырлай бастағанда дүниеге іңгәлап Сәрсекүл келді. Сәрсекүл де бүгінде зейнетке шыққан. Сонау 1956 жылы дүние есігін ашқан ол қазір 55 жаста. Ақшай анасы туып-өскен ауылға, яғни нағашы жұртына келін болып түскен. Екі қыздан кейін өмірге ұлдың тұңғышы – Талғарбай келді, аңқылдап. Аңқылдап демекші, Сегізбай көкеміз бен Ақшай апа­мыз­дан туған ұл-қыздың бәрі тәрбиелі, қақ-соғы жоқ, нағыз «Шіркін, Сегізбай мен Ақшайдың ұл-қыздарының тәрбиесі-ай!» дейтін үлгілі отбасынан. Талғарбай осындағы Пионер өндіріс­тік кооперативінің тракторын айдады. Кеңес өкіметінің кезінде «озат механизатор» деп мақтаушы еді, қазір «жарыса­тын» ешкім жоқ, әркім өз шаруасын көңі­лі қалағанынша істейді. Оқырмандар да байқап отырған шығар, Мейрамгүл, Сәр­се­күл және Талғарбайдың туған жылдары­ның арасы екі жылдан айналады. Міне, осыдан кейін Ақшай апамыз араға үш жыл салып, яғни 1961 жылы дүниеге Сейітқалиды әкелді. Сейітқали да сайдың тасындай болып өсті. Ол бүгінде Пионер ауылындағы дәрігерлік амбула­тория­ның жедел жәрдем мәшинесін жүр­гізеді. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға көмек қолын бірінші созатын дәрігерлердің қолқанаты десе де болған­дай. Сейітқалидан бір жылдан кейін өмір­ге «бақырып» Бақытқали келді. Талғарбай ағасы сияқты Бақытқали да механизатор. Бақытқалидан кейін аралары бір жастан болып өмір есігін Сәбит пен Жұмағали ашты. Сәбит қазір Айша бибі ауылында жеке меншіктің малын бағып жүрсе (ішінде өзінің тапқан-таянғаны да бар), Сәбит Тараз секілді «тәртіпті» қалада полицей болып қызмет істейді. Екі қыздан кейін төрт ұл тапқан Ақшай апамыз «ендігісі қыз болады» деп жорыған. Қателеспепті. Жұдырықтай қыз­дың атын Жұмагүл қойды бәрі. Бүгінде ол Жамбыл ауданының Құмшағыл ауылын­дағы мектепте жұмыс істейді. Жұмагүл­ден кейін өмірге 1968 жылы – Гүлсара, 1969 жылы – Гүлшара, 1970 жылы – Талғат келді. Бұлар да тіл-көзден сақта­сын, талшыбықтай болып өсті. «Жұмыс тауып бер», деп міндет қылып та отырған жоқ. Гүлсара – Тараз қаласындағы меди­циналық колледжде жұмысшы, Гүлшара – Тараз қалалық ауруханасында мейірбике болып, ал Талғат түрлі жұмыстарға жалданып, жан бағып жүр. «Жұмыс жоқ» деп, жәутеңдеп жүргеннен бұл да жақсы. Сонымен, 11 ұл-қыз болды ма! Ара­ларына 1 жыл (көбіне), 2 жыл және 3 жыл салып 11 ұл-қызды туып тастаған апамыз, Талғаттан кейін біраз «демалуды» ойлап­ты. Бірақ ол «демалысы» небәрі 4 жылға жетіп, 1974 жылы дүниеге Ләззат деген сұлуды сыйлаған. Ол бүгінде Тараз қала­сында тұрады. Облыстық тері аурухана­сын­да дәрігер болып қызмет атқарып жүр. Төрт жылдық «демалыстан» қуаттанған апамыз 1975 жылы Бақытжанды туды. Ба­қыт­жаннан екі жылдан кейін Тимур дү­ниеге келді. Бүгінде Бақытжан қарапайым жұ­мыс­шы, ал Тимур өзі күшімен меди­ци­на­лық институтқа түсіп, Байзақ ауданын­дағы ауруханада дәрігер болып қызмет етуде. Айтпақшы, Ләззат та мейірбике маманды­ғын өз күшімен бітіріп алған. Тимурдан бір жылдан кейін, 1978 жылы Ғабит жатты бесікте. Ол да тіл-көзден аман өсті. Қазір ауылында, ата-анасының қолында тұ­ра­ды. Тараз қаласындағы об­лыс­тық білім бас­қармасында қарауыл болып жұмыс істейді. Міне, Сегізбай көкеміз бен Ақшай апа­мыздың ұл-қыздарын санап отырып, сүт кенжесіне, яғни 16-шы қызға да келіп жеттік. «16» санының – Қазақ халқы үшін ерек­­ше қасиеті бар. Мысалы, 16 желтоқ­са­н­­­да – қазақ жастары кеңестік империяға қарсы­лық көрсетті, 16 желтоқсанда – Қа­зақ елі тәуелсіздігін жариялады. Сол сияқ­ты, Сегізбай көкеміз бен Ақшай апамыз­дың ерекше жақсы көретін сүт кенжесі, яғни 16-шы қызы Жәмила 1981 жы­лы Сегізбай көкеміз – 51, Ақшай апа­мыз – 45 жас­қа келгенде дүние табал­дырығынан аттады. Міне, ақ баталы бір шаңырақтан, ақ некелі бір ата-анадан... 16 ұл-қыз! Бұл енді сенсация! Бұл енді бақыт! «Атадан алтау туғанның жүрегінің бастары алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның жүрегінің бастары сары да жалқын су болар, жалғыздық сені қайтейін!» деп, кезінде күңірене жырлаған Ақтамберді жырау армандаған «алтын менен будан» да асқан байлық бұл! Бірақ бір таңғаларлығы, егер маған көп балалы ана туралы мақала дайындай қал деп табан астында тапсырма берілмесе және Жамбыл аудандық әкімдігіне телефон шалып өтінішімді білдірмесем ормандай болып отырған осы бір ошарлы жандар туралы ешкім естімегендей, ешкім білмегендей екен. Әрине, ауыл әкімдігінің есебінде тұрады, ауыл-аймағы олардың 16 ұл-қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырғанын біледі, сосын Кеңес өкіметі мен тәуелсіз Қазақ елінің алтын медальдарын алғандарынан да хабардар. Иә, «Алтын алқаға» қосымша төленетін 8,5 мың теңгесін уақтылы алып тұраты­нын да естіген. Бірақ... Ауылдың іргесіндегі көлге көңіл кө­теруге облыстан ты­ным таппай келіп жататын «ақ жағалы» шенеуніктер жа­ғы Пионер ауылында осын­дай отбасы тұрып жа­тыр деген хабардан мүл­де бейхабар екен. Сегізбай көкеміз момын адам дедік, Ақшай апа­мыз да қақ-соғы жоқ жан. «Мен өйттім, мен сөйттім» деп, 16 бала туғанын міндет қылып, басшылардың миын «ашытпайды». Олар да бір, ауыл­дағы бір-екі баласы бар қарапайым от­басы да бір. Бұл да Сегізбай көкеміз бен Ақшай апамыздың кісілік келбеттерін толықтыра түсетін ерекше қасиет. Айтпақшы, Сегізбай көкеміз бен Ақшай апамыз 16 ұл-қыздан 40 немере, 13 шөбере сүйіп отыр. Әрине, ұл-қыздары ата-аналары­на тартса бұл сан әлі өсе түсетіні анық. – Бұдан жаманымызда да тойға барған­быз. Шүкір, ел аман, жұрт тыныш. Кейбіреулер құсап, аспандағы айды әпер демейміз, «орамал тон болмайды, жол болады» деп, әйтеуір, мейрамдарда анау-мынау­ларын сый­лап тұрады. Ел тыныш болмаса оған да зар болар-ек қой, айналайын-ау, өзің ойлашы, ішінен іріп, сыртынан бүлініп жатқан елдегілер қара суды тыныш ішуге зар болып отырған жоқ па?! – дейді Ақшай апай. Ал сексеннің біріне келген Сегізбай ағаның да денсаулығы сыр бере бастапты. Бала-шағасы, немере-шөбересі осыған алаң­дап отыр. Облыс әкімі Қанат Бо­зымбаев азаматтық танытып 16 бала туып, аман-есен өсіріп отырған қарт ата-ананың от­басымен танысып, батасын алып (жа­қында облыс әкімінің үйіндегі келін де егіз тапты деп естідік) отбасылық көлік пе, әлде жеке үй ме, әйтеуір бір үлкен жәрдем берсе екен дейді. Әйтпесе, ақ­пейіл Ақшай апамыз да, сабырлы көкеміз Сегізбай да елінің тыныштығын, отбасы – ошақ қасының амандығын тілеп отырған өте момын жандар. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Пионер ауылы.

Бала  тапқандікі  емес, баққандікі

Әшім Ермұратова туралы ал­ғаш естігенде «өмірде ондай адам­дар бар ма?» деген таңда­ныс аралас сөз түсті аузымызға. Қызыл­орда қаласының тұрғыны жетімдер үйіндегі алты баланы бауы­рына басып, ыстық ұясына әкеліп, ана­лық мейірімін төгіп, тасбауыр өс­кен балалардың кө­ңі­ліндегі кір­біңді кетіріпті. Отбасы бақытынан айырылған балаларға ерте жаста жоғалтқанын тауып беріпті. Рас, алты баланың барлығы тұрақтаған жоқ. Молдахмет атты жеткіншек қанша тәрбиелесе де жетімдер үйін­дегі әдетінен айнымаған. На­мазға да жығып көріпті. Оған да бой бермеген. Ақырында психолог-мамандар Әшімге баланы қай­та жетімдер үйіне өткізу керек деген кеңес берген. Ал қалған балалар Абдуәшім Серібаевтың шаңы­ра­ғында қалған. Әшімнің бір емес, бес баланы қатар бауырына басуға не түрткі болыпты? Ол туралы кейіпкері­міздің өзі айтсын. – Әкем Тиышбай қырыққа тол­ғанында үлкен анамыз жал­ғыз ұлы­­мен бірге қайтыс бола­ды. Сөй­тіп, әкем жападан жал­ғыз қалады. Үй­ленуге құлқы бол­майды. Бірақ өзі­нен кейінгі інісінің баласын асырап алыпты. Өмір өзен емес пе? Бір орнында тұрмайды. Көңіл­дің кірі кетеді. Баласы екеуі атқа мінгесіп, ел аралап жүргенде екі қызы бар кемпірді жолықтырады. Тұрсы­най кәмелет жасына енді толған екен де, Ұмсынай әлі кішкентай қыз болса керек. Содан әкеміз әлгі кемпірді қыздарымен қосып, қолы­на алады. Тұрсынай оқу бітіріп кел­геннен кейін 17 жасында біздің әкемізге тұр­мысқа шығады. Содан қатарынан сегіз баланы дүниеге әкеледі. Әкемнің асырап алған ба­ласымен тоғыз едік, кейін тұңғыш немересін бауы­рына басып, өз аттарына жаз­дыртып алды. Сөйтіп, он ағайын­ды болып өстік. Біздің әулеттің ұғы­мында бала асырап алу – ырысқа кенелу болып есептеледі. Өз бала­ларым аяқтанды. Үлкен ұлым үй­лен­се де, біразға дейін немере сүй­медік. Сосын, бала асы­рап алу керек деген ойға келдім. Жұбайым мен балаларыма айтып едім, олар бірден қолдады. Ал­­ғашында 10 ба­ла­ны қатар асы­рап алғым келген. Бірақ оған біздің үй таршылық жасайды екен. Содан алты балаға құжат дайындап, 2009 жылдың қыркүйек айында бала­ларды үйге әкелдік, – дейді Әшім Ермұратова. Әдетте бала асырап алушы­лар жас нәрестені алады. Есі кірмеген, оң-солын танып білмеген баланы алып, аттарына жаздыр­тып, өз ба­ла­сы есебінде көреді. Әшім Ер­мұ­ратованың жағдайы оған мүлде ұқ­са­майды. Бауыры­на басқан Арай­лым Қамбарбек пен Гүлмира Назарбай 1992 жыл­дың түлектері. Олар бұл үйге келгенде 17 жаста болатын. Яғни, есі кірген, азамат бо­лып қалған қыз­д­ар еді. Ал Олеся Еси­на 1999 жылы туған. Руслан Се­йіт­мұрат та осы жылы дүние есі­гін ашып­ты. Русланның інісі Арман 2000 жылы өмірге келген. Бұл туралы Әшім былай дейді: «Негізі бала асырап алушылар нә­рес­телерді алады. Өйткені, тәрбие­леуге ың­ғайлы. Жас бала талшы­бық сияқ­ты емес пе? Қалай исең, солай өседі. Мен ойлана келіп, олай етпеуге бел байладым. Қайта жас­та­йынан қағажу көріп, тағдыр­дың тепкісіне түскен балаларды бауырыма алып, оларға отбасы­лық өмірдің қандай екенін түсін­діріп, ұғындырғым келді. Құдай­ға шүкір, ол ойым іске асты. Ба­ла­ларым қазір өз баламнан кем емес. Оны айтасыз, үлкен екі қыз бірінен кейін бірі тұрмысқа шықты», – дейді. Жаңылыс естідік пе деп қайта сұрадық. Гүл­мира былтыр 17 қара­ша күні құт­ты ұясына қоныпты. Оның ізін ала биылғы 28 қаңтарда Арайлым да ақ босаға аттап, келін болып­ты. Қуанышты жәйт емес пе?! Тағдыр-тәлейіне Әшім­дей қамқор ана кезігіп, өз отанынан ұзатылу да бір бақыт қой. Әшім Олесяны жанынан таста­майды екен. Қайда барса да жа­нын­да жүреді. Олеся да соған үй­рен­ген. Әжелеп еріп жүреді. Бая­ғы­да әже­міз той-томалаққа бара жат­са, етегіне оралып, жа­ны­нан бір елі қалмай қоятынбыз. Олеся да сондай. Руслан мен Арман бір атаның баласы. Бір атаның баласы болса да, екеуінің мінезі екі түрлі. Руслан тұйықтау. Ал Арман ержүрек. Соған орай екеуінің тілін табудың жөні де екі бөлек –   дейді Әшім Ермұратова. Ұзатылған екі қыз көрпе тігу, киіз басу, кесте жасау секілді тұр­мыста керекті дүниенің барлығын үйрен­ген. Әжелері олардың да бар­ған жерінде қор болмауын ой­лайды. Ендігі арманы қалған үш баланы аяқтан­дыру. Үйлі-ба­ран­ды етіп, солардан немере сүю­ді ой­лайды. Екі қызын ұзат­қаннан кейін тағы бала асырап алуды ой­лаған. Оған әзір мүм­кіндік болмай тұр екен. Дегенмен, алдағы уақыт­та үйін кеңейтіп, ана қам­қор­лығы­нан ада қалған ба­ла­ларды бауы­рына басуды арман­дайды. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы.

Музей-апа

Сексеннен асқан Әмина Тұрсынбаеваны Көкше төңірегі «Бурабай тарихының тамыршысы» деп те атайды. Өзіміз де талай-талай әңгімесін тыңдап, ұлағат жинағанбыз. Әсіресе, Щучье ауданына Бурабай аты берілген күні газетімізде «Атыңнан айналайын, беу, Бурабай!» деген алақай мақаламыз жарияланғалы бері байланысымыз нығайып, бәйек болып тұрады. Жуырда тағы хабарласқанбыз. – Менің өмірімнің мақсаты – Бурабайда хандық құрып, тәуелсіз­дігіміздің іргесін қалаған Абылай ханның өмірінен, қызметінен ұла­ғатты деректер жинап, халыққа тарату, – дейді ол. Жанталасып жүріп Абылай мұражайын ашқаным да сондықтан дей келіп, бұл тұрғыда атқарылар іс-ша­ра­лар­ды әңгімелеп кет­кен апа­мыз­дың сүйікті тақы­ры­бының бірі Ұлы Отан соғысы жыл­дары Бу­р­а­бай­ға қо­ныстанып, елеу­­лі ең­бектері­мен та­ныл­­ғ­ан қы­рық­­тан ас­там академик пен үл­кен ға­­лым­дардың өмі­рі­не қатыс­ты жәйт­­тер. Бұл Бура­бай­­дың тари­хын­да ай­рықша оқиғаларға толы кезең еді. Соғыс жылдары Әмина апа­мыз Бурабайдағы атасының қо­лын­да тұр­ған. Әкесі Дәулет ша­ғын қымыз фермасын ұстап, 1941 жылдың 23 шілдесінен бастап осында көшіп келген бетке ұстар ғалымдарға қымыз бен сүт жеткізіп отырыпты. Атақты академик В.Вернадскиймен кездескен тұсы да осы. Әмина Дәулетқызының ай­туын­­ша, белгілі палеонтолог ға­лым А.Борисяктің ұсынысымен «акаде­мик­тердің қазақстандық то­бы» құ­ры­лып, оған микробиолог, құрметті академик Н.Гамалея жетекшілік еткен. Хатшылығына ірі экономист ғалым С.Струмилин сайланыпты. Қазақстандық топтың құрамында ірі химик Н.Зелинский, физик-географ және биолог Л.Берг, гидробиология ғылымының негізін салушы С.Зернов, орман физио­ло­гиясының білгірі Л.Иванов, әйгілі кеңес ботаниктері А.Рихтер, В.Сукачев және басқа 30 ғалым бо­лып­ты. Олар ғылыми орталықтардан, зертханалардан, тәжірибелік кәсіп­орын­дар­дан қол үзіп қалғанымен Бурабайда ғажайып ізденістерімен, жанқияр еңбектерімен танылған көрінеді. Мәселен, В.Вернадский «Жер биос­ферасының химиялық құрылы­мы» ата­ла­тын екі том­дық әйгілі ең­бегін аяқтап, шын мә­нінде ноосфера ұғы­мын эволю­ция­ның жоғары деңгейі­не көтерді. «Қазақстандық топтың» ғы­лы­ми жаңалықтары әскер мен халық ша­руашылығында шұғыл қолда­ныс­қа енгізіліп жатты. Әмина апа­мыз­дың мұражайында академик С.Бернш­тейн­нің басшылығымен ке­­ме­лердің тұрған жерін радиопеленгпен анық­тау құралы дайында­лып, ол штур­ман­дық есепті 10 есеге жетілдіргендігі туралы ақпарат­тар жинақталған. Сон­дай-ақ, 1943 жы­лы авиация құ­рамалары жаңа штур­мандық таблицалармен жа­рақ­та­нып, ұшақтар қоз­ғалысының дәлді­гі қамтамасыз етілді. Академик Н.Зелинский мұ­най өнер­­­кәсі­біндегі шикізат ресурс­та­рын тиімді пайда­ланудың ұтымды тә­сіл­дерін енгізсе, академияның мү­ше-кор­­рес­понденті В.Вологдин қор­ға­ныс кәсіпорын­дарындағы электро­тех­­ни­калық са­ла­ны құнды ұсыныс­тары­мен да­мыт­ты. Сондай-ақ, бу­ра­б­ай­­лық ға­лымдар «Озық ғылым үшін» танк колоннасын жасақтауға белсене қатысқанын да айта кету лазым. – Мәскеулік ғалымдардың сала­лық еңбектерінің жиынтығы 70 том­ды құрайды, – дейді Әми­на Тұр­сы­н­баева. Мұнда кітап­хананы 35 жыл басқарған Александра Ви­но­курова­ның еңбегі орасан. «Қай­­та құру» кезеңінде өлкетану мұража­йы мен кітапхана өзге қиын­шылық­тар аздай, өртке шал­дық­қан. Құнды дү­ние­лердің сақ­тал­ғанын топтасты­рып, жаңа мұра­ж­айға ор­на­ластыру да оңайға соқ­пағаны бел­­гі­лі. Бірақ, мұндағы Владимир Вернадский бө­лі­мі жаңа әдебиет­тер­мен, сый­ға тар­тылған қол­жазба­лар­мен, басқа да экс­по­нат­тармен байытылып келеді. Жасы ұл­ғай­ға­нына қарамастан, үне­­мі жадырап жү­ретін ұлттық киімдегі апамыздың қажыр-қайраты­на таң қалмасқа болмайды. Сегіз бөлім­нен тұратын қымбат жәдігер­лер хал­қымыздың ұзын-сонар та­ри­хынан сыр шертеді. Осының бар­лығы Әми­на Дәулетқызының зор талғамымен, еңбекқорлығымен да­йын­далған. Тіп­­­­­­т­і, 2006 жылы екі аяғын бірдей жаралап алған кезде де сүйген ісінен жаңылған жоқ. Екі жарым ай төсек­ке таңылғанына қарамастан, кө­мек­ші­леріне «маза бермей» қойға­нын бі­ле­міз. Мүге­дек­тер арбасымен жү­ріп-ақ мұра­жай қонақтарына тәлімді әңгімелер тиегін ағызатын. Әмина апамыз 2008 жылы Бурабайда өткен академик Владимир Вернадскийдің 145 жылдығына арналған V халық­арал­ық конференцияда баяндама жа­сап, арнайы дипломмен атап өтіл­ді. Әлі де мұражайды басқарып, ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып жүрген апамызға қайратыңыздан танбаңыз дегіміз келеді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы, Бурабай ауданы.

Ақтас – Ардақты аналар ауылы

Созақ арқылы Арқаға бір табан жақын жатқан Бәйдібек ауданының жері бір көрмеге өңсіздеу сияқты. Табиғаты қатал, жайқалып тұрған жасыл желегі жоқ. Атақты Арыстанды Қарабастың долы желі­нің ақырып өтетін тұсы осы. Ішін тартып, ұлып соққанда бет қаратпайды-ау. Әулиелі жері көп. Шымкенттен шу деп шыққанда қайқаң астынан Бала бөген өзені бойындағы “Домалақ ана” бейіті көзге ша­лы­нар. Еңку-еңку жер шалып барып шығыс­қа тартсаңыз, Бәйдібек бабаның күмбезінен шығасыз. Тура жол тау қуалап, бұлақ жаға­лап “Бес анаға” жеткізеді. Ал, оңға бұрыл­са­ңыз, Қос тұра тауын бөктерлеп барып, Ақтас ауылының үстінен ентелеп барып түсесіз. Батыр Аналар ауылы осы. Шағын ауыл­да екі-үш жүз отбасы бар. Сай сағалап, бұлақ жағалап отырған. Кеңес Одағы кезінде осы ауылдың жүздеген анасы “Батыр Ана” ата­ғын алыпты. Сонау Орталықтан, Мәс­кеу­ден шәпкесі қисайып, фотоаппараты мойнында салақтап талай журналист келіпті осы ауыл­ға. Сөйтіп, үйректің балапандарындай шү­пір­леген балаларды жинап, әке-шешесін орта­ға отырғызып суретке тартыпты. Екі езуі жаялықтай болып, мәз болып кетеді дейді. Шаһарда тұратын жақын-жамағайын ауылға келгенде “сендердің суреттеріңді орталық газеттерден көрдік” деп сүйінші сұрап келер екен. Осы ауылға біздің де жолымыз түсті. Әуелі табиғаты таңғал­дырған. Қолат-қолат тау. Іргеде Қошқа­арата өзені күркіреп ағып жатыр. Таудан бөлінген жетім бұлақтар ауылды қиып өте­ді. Кереметі ол емес екен. Тепсең толы бала. Шағын ауылдың әрбір үйінен шүпірлеп шығып жатқан бүлдір­шіндер. Көз тимесін дедік. Журналист, ағеділ іні Мұхтар Атабеков “бұл ауылдағы ең аз бала туған біздің анамыз болу керек” деп қал­жың­дайды. Мұхтар да осы ауылдың тумасы. Ана­сы Салтанат 10 баланы дүниеге әкелген ардақты жан. Мұхтардың сөзінің жаны бар. Анау үй деп бір үйді көрсетеді де балаларын санай бастайды. Оннан кемі жоқ. Әліпбаева Алымхан, Әділбаева Жұма­күл, Байжұманова Алтынкүл, Әділова Күл­шай, Орынтаева Қалдыгүл, Орынбаева Гү­лай­ша... осылай болып өріледі. Бәрі Батыр аналар. Байшымырова Аппақ анамыз 13 ұл-қыз өсіріп жатыр. Кәтекова Үрлаш әкпеміз 16 құрсақ көтерген екен, оның он үші жер басып жүр. Бір қызығы және бір сүйсінерлігі, осы ана­лардың шаңырағына түскен келіндер де көп балалы болғанды мерей көреді. Көбінің 6-7 бала-шағасы бар. Жерге қарайтын жаста емес, Аллатағала беріп жатса, шүкіршілік деп отыр. Бұл ауыл малды. Жер ыңғайы солай. Аздап егін салады. Несібелеріне жарап тұр. “Шаншар” театрында ойнап жүрген Нұржан Төлендиевтің айтатыны бар.  “Ауыл деген жақсы ғой. Ет бар, сүт бар. Қарның ашса, қаймаққа нан былғап жей­сің”, деп. Сол айтқандай, қазақтың сол жақсы ауылының бірі осы. Адамдарының қабағы ашық, қо­лын­дағы жарты нанын қонағымен бөлісуге әзір. Үлкені кеңпейіл, кішісі кішіпейіл. Жо­лынан жығылмайды. Сықыңдап бәле қу­май­ды. Қойын құрттап, айранын шайқап ішіп отырған момақан ауыл. Сондықтан да Аллатағаланың мейірі айырықша түскен шығар. Бала-өмірдің жалғасы, келешегіңнің кәміл кепілі, көңілдің күйін шертетін думан базары, шаттықтың жаршысы. Солай ойлағанбыз. Үрлаш апамызбен тілдескенбіз. Көзі ашық. Күнде теледидардан Қазақстанның жаңалықтарын тыңдап отыратын кейуана осы күніне мың қайтара шүкіршілік етеді. – Бүгінгі заман-еңбек қылғанның заманы. Соны балаларға ұдайы айтып оты­ра­мыз. Көрші елдердің жағдайын кө­ріп отырмыз. Ақ ордасын шауып алған жұрт береке, бірлікті қайдан табады. Елге тұтқа азаматтарын тыңдамаған ел кепиетке ұшы­райды. Қазақ ұлтының аты әлемде ұлықта­лып жатыр. Еліміз дұрыс жолмен келе жа­тыр. Соған шүкіршілік. Таяғын шошаңда­тып, аузынан түкірігі шашырап, баласынан жас қызды алғысы келетін шошақай шал­дар көбейіп барады. Апыр-ау, естері жоқ осылардың. Қа­лам ұстаған аға­йын­сыңдар, әлгіндей­лердің масқарасын шы­­ғар­майсыңдар ма? Тәубе, жоқшы­лық кө­ріп отырған жағ­дайымыз жоқ. Қой үстіне боз­торғай жұ­мыртқалаған заман. Аналар құр­метін кө­ріп жатыр. Басқа не керек. Осыны жаз, қарағым. Берекелі ауылдың батыр анасы әңгі­ме­сін осылай қайырды. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.

Байлығым да, базарым да  қыздарым

дейді жеті қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана Күләш Садықова

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат, бесаспап өнер иесі, ха­лық арасынан шыққан кесек талант, бір ауыз сөзге сайсақ, нағыз «самородок», марқұм Сағит Садықовтың есімі Ақ Жайық атырабына кеңінен танымал. Өзгесін айт­пағанда, Сағит ағамыз бен Күләш жеңгеміз жеті қыз, бір ұл тәр­биелеп өсірген өнегелі отбасы иелері. Ха­лық­аралық әйел­дер күні қарсаңында республиканың шалғай аудан­дары­ның бірі – Қазталовта, тұла бойы тұңғышы Светамен бірге тұратын зейнеткер-анаға арнайы барып жолыққан едік. – Күләш апа, сексеннің сеңгірінен асқан сәтіңізде сізді кәрілікке бой алдыра қоймаған сергек қалпыңызда көріп отырғаныма қуаныштымын. Мүмкін бұл қыз­дарыңыздың тілегі мен сізді мәпелеп, кү­т­іп-бағуының да арқасы шығар. – Оған сөз бар ма, қара­ғым. Бүгінде перзент­терім­нің бәрі де өмір­ден өз орындары мен ба­қыт­та­рын тапты. Қазір олар еліміздің әр түкпірінде хал-жа­йымды біліп, үнемі хабарласып тұрады. – «Қыз – өріс, қыз – тілекші, қыз – өмірдің қызғалдағы» деп жатады. О бастан қалып­тас­қан осы тіркестер мен ұғымдарға қатысты ойыңызды да айта кетсеңіз. – Қыздың өріс болатын себебі – ол іргеңді кеңейтеді. Алысты жақын қылуға дәнекер болады. Өз уақыты келгенде құда болып, құдағи болып сыйласу да өмірдің бір бақыты мен қызығы деп білемін. «Астың дәмін келтірген – тұз әулие, алысты жақын қылған – қыз әулие» деп тектен-тек айтылмаса керек. – Енді мына бір сұраққа жауап беріңізші. Қыздар бірінен соң бірі дүниеге келіп жатқанда оған Сағит ағамыз: Тағы да қыз ба? – деп қабағын шытқан жоқ па? – Жоқ, мұндай жағдай мүлдем болған емес. Ол қыздарын өте жақсы көрді. Өмірден өз орындарын тауып кетуі үшін әке­лік борышы мен парызын бір кісідей атқар­ды. Оларға тиісті бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеді. Әрі Ал­матыға, жоғары оқу орын­дарына қыздарын өзі ертіп барды. Соның арқасы шығар, қыз­да­рының бәрі де жоғары білім алып, қалаған маман­дық­та­рын игеріп шықты. Қыздары­мыз­дың бәрі де әкелерін өте жақсы көрді. – Сағит ағамыз өзінің артынан бір мұрагердің дүниеге келгенін қалайтынын сізге құлаққағыс қылған жоқ па? – Мұны, мүмкін іштей ойлаған да шығар. Пенде ғой. Бұған көзім анық жетпейді. Алайда бұл ойын маған сездірген де, тіпті бір ауыз емеурін танытқан да емес. Сонысына осы күнге дейін қайран қалумен келемін. Кенже қызымыз Венерадан кейін жеті жылға дейін құрсақ көтермедім. Осын­дай ұзақ уақыттан соң ұлымыз дүниеге келді. Оны әкесі өзінің есіміне, ұйқастырып Сағи деп қойды. Кім біледі, бұл да мүмкін қыздарымыздың: бір ініміз болса екен деген тілектерінің қабыл болғаны шығар деген ой да келеді кейде. – Апа, әңгімеңізге рақмет. Әсем де ақылды қыздар өсіріп, тәрбиелеген сізге амандық тілеймін. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы. Суретте: алтын алқа иегері, ардақты ана Күләш Садықова

«Қазақтың өренін де, өнерін де құлай сүйдік»

Дәулетбаевтар отбасының келіндеріне көңіл толады

Қази ақсақал мен Майра апайдың бір шаң­ы­рақ астында түтін түтеткендеріне жарты ға­сыр­дан асты. Былтыр алтын тойларын Қ­ызы­лжар мешітінде атап өтуді ұйғарған. Ондағысы «аспа-төк дүние онсыз да жетіп жатыр. Біз үшін ұл-қыздарымыз бен келіндерімізді мұ­сыл­мандық­қа, ата салт-дәстүрімізге тәрбиелеу­ден асқан мәртебе жоқ» деген ниеттен туған. Олардың бұл қадамына балалары мейрамханада неге өткіз­бес­ке, ертең ел не айтады дегендей қарсылық та­нытқ­анымен, ұсынысты келіндер қуана қол­да­ған. Имандылықты өмірлік мұраттарына ай­нал­дырған мерейтой иелерінің жүрекжарды қуа­нышына әр қиырдағы орыс, украин, татар құда-жекжаттары да ортақтас­қан. Келіндері аяқ­тарынан тік тұрып қызмет еткен. Қариялар сексен­нің сеңгіріне шықса да, әлі тың. Қазекең Алматы жоғары мілиса мектебін, ҚазМУ-дің заң факультетін бітірген. Еңбек жолын ауылда учаскелік инспектор­лықтан бастап, аудандық соттың төрағалығына дейін көтерілген. Майра апай көп жыл дүкен­шілік, бухгалтерлік қызмет­тер атқар­ған. 6 ұл-қыздарын қатарынан кем қыл­май өсір­ді, оқыт­ты. Өмірден көрген-білгені көп, тоқы­ғаны мол ұлағатты жандардың Алла­сы – аузын­да, иманы – жүрегінде. Қази ақсақал соң­ғы кездері шежіре жинауға көбірек ден қойып жүр. Майра апай ширек ғасырдан бері серік еткен бес уақыт намаздан жаңылған емес. Бү­гінде тамы­рын тереңге жайған мәуелі бәй­терек тәріз­ді. Немерелерінің алды шетелдерде білім алып келді. Ал, келіндері жайлы әңгіме қозғал­са, қариялар тебірене сыр шертуден жалықпайды. Тұңғыштары Ғазез жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Келіншегі Элзара – үш баланың анасы. Тал бойынан шығыс әйелдеріне тән иба­лық қасиеттер молынан кездеседі. Ерінің не айт­пағын қас-қабағынан жазбай таниды. Ата-ана­сы­на да сыйлы. Татар, қазақ тілдерінде әуе­лет­кенде адам жанын баурап алады. Ғазез басқа­ ұлттан келін түсіремін дегенде көңілдерінде «апырым-ай, тілін де, дәстүрін де білмейміз. Қалай болар екен?» деген күдік ұялапты. Табиғатынан ашық, ақжарқын Элзарамен ә дегеннен жарасым тапты. Қази ағаның музыкалық аспаптарда шебер ойнайтыны, Майра апайдың әншілігі балаларына да дарыған. Екінші ұлдары Қапез – ішкі істер полковнигі. Әке жолын қуып, бүгінде облыстық ішкі істер департаменті кадрлар басқармасы бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Келіншегі Наталья он саусағы­нан өнер тамған ісмер. Күні бойғы алданышы – бір жастағы қызы, ермегі – тігін мәшінкесі. Қа­йын­енесінің тәлімімен құрақ көрпелер жасауды, ұлттық оюлармен қалай өрнектеуді игеріп алған. Демалыс сәттерінде Қапез екеуі гитараға қосылып ән айтқанды ұнатады. Ұлы Дарханды қолынан жетелеп қазақ мектебіне апарды. Өзі де қазақша сөйлеуге төсе­ліп қалды. Мешітте некесін қидырып, ислам дінін қабылдады. Нағима деген әдемі есімді қалап алды. Ділнәзі дүниеге келгенде абысын-ажын­дарын жинап, шілдехана, тұсау­ке­сер рәсімдерін өткізді. Ортаншы ұлдары Мереке де әке салған соқпақпен жүріп келеді. Облыстық мемлекеттік автоинспекцияның бөлім бастығы, ішкі істер подполковнигі. Келіншегі Гүлбаршын­ның жүзі­нен имандылық нұры төгіліп тұр. Мамлют ау­дандық МАИ-дың бастығы, ішкі істер ма­йоры Бақытжанның келіншегі Ольганың да қазақтың салт-дәстүрін бір кісідей білетіні байқалады. Ол – ұлттық тағамдар дайындаудың кәнігі шебері. Көші-қон полициясында қызмет атқаратын Бауыржан шаңырақтың кенжесі бол­ған­дықтан, келіншегі Лилия ата-анасына еркелеу. Өнерсүйер қауым ағайынды Дәулетбаев­тарды ішкі істер департаменті жанынан құ­рылған вокальды ансамбльдің белсенді мүшелері ретінде де жақсы біледі. – Элзарамның әке-шешесі Тәжікстанда тұр­ғанда араласушы едік. Қырымға көшкелі қаты­насымыз сиреді. Лилиям қазақтың тілін де, са­л­тын да жақсы білетін әжесінің бауырында өс­кен­д­іктен, бізге тез бауыр басып кетті. Әке-ше­ше­лері Петропавлда тұратындықтан, жиі ха­бар­ласып тұрамыз. Сабантойды да, Наурызды да бірге мерекелейміз. Келіндерімді бір-бірінен бөлмеймін. Әрқайсысының мінез-құлқына орай ақыл-кеңес беріп, білмегенін үйретіп отыра­мын. Бірде Элзара келінім келіп тұр, тұңғыш немере­ңізге ат қоймайсыз ба деп. Бұл да білгендіктің, көр­гендіктің белгісі. Үлкен келіні­м­іздің тәрбие­сімен басқа келіндеріміз де жүріп келеді. Өздері шетінен бауырмал, елгезек. Айт­қаныңды екі етпейді. «Аталап», «апалап» жан­дары қалмайды, – дейді Майра әжей ерекше мейіріммен. – Шыны керек, бөтен босағаны алғаш атта­ғанда қобалжығанымыз рас. Қанша айтқанмен, басқа ұлттың ортасына кірігу оңай емес қой. Қалай тастай батып, судай сіңіп кеткенімізді өзіміз де аңғармай қалдық. Аллатағаланың жа­зуы­­мен ақылына көркі сай, «сегіз қырлы, бір сыр­лы» азаматтармен бас қосып, тұрмыс құр­ғанымызға еш өкінбейміз. Керісінше, қазақ секілді ғажап халықтың сан қырлы үлгі-өнеге­лерін өз бойы­мыз­ға қондырып, балалары­мызды да тәрбие­леу­деміз. Атамыз да, апамыз да бізді көп нәрсеге үйретті. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Дәулетбаевтар отбасы­ның келіндері бір ауыздан. Қазақтың өренін де, өнерін де құлай сүйген Дәулетбаевтар келіндерінің бүтін әулеттің өрісін кеңейтіп, ынтымақ-берекесін арттырып отырғаны сүйсінтеді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.

Топ-менеджер ханым

Астананың мәдени-рухани һәм коммерциялық құрылы­мында үштағанданып, елден ерек оқшау көрінетін «Думан» ойын-сауық орталығы бар. Шетелдерде,