Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, зиялы қауым, өңірлердегі ғылыми-сарапшылық топтардың жетекшілері, жоғары оқу орындарындағы ҚХА кафедралары мен орталықтарының меңгерушілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Ералы Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ғылыми тұрғыда сүйемелдеудің маңызы зор екенін айта келіп, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын халыққа жете түсіндіруде, насихаттауда ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүктелетініне тоқталды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің бүгінгі кеңейтілген отырысы еліміз үшін аса мерейлі мереке – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Осы Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайту бағытында көптеген шаруалар атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау білдіру маңызды шаралардың бірі болып табылады, – деді Е.Тоғжанов.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Виктор Малиновский «Қазақстандық бірегейлікті азаматтық қағидатында нығайту: құқықтық және тарихи аспектілер» тақырыбында баяндама жасады. В.Малиновский өз сөзінде Қазақстанның 25 жыл ішінде азаматтардың құқықтарын қорғау, этносаралық татулықты сақтау бағыттарында көптеген шаралардың лайықты жүзеге асырылғанына тоқталып өтті. Сонымен бірге, ол ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделінің артықшылықтарын айта келіп, еліміздегі тұрақтылық пен орнықты дамуға Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесін сөз етті.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Күлайша Ақтаева өз кезегінде қарқынды дамып келе жатқан қоғамымыздағы азаматтық бірегейліктің маңыздылығын айта келіп, Тәуелсіздік жылдарында көпұлтты Қазақстанның өркендеуі этносаралық келісім негізінде жүзеге асырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласындағы: «Əр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке жəне отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді. Ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тəуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат жəне тəуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық», деген сөзін көпшіліктің жадында қайта жаңғыртты.
Жиында, сонымен бірге, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары Айгүл Сәдуақасова «Этносаралық қатынастар саласын әлеуметтанулық зерттеулер: біртұтас мониторинг әдіснамасы» тақырыбында хабарлама жасады. Сондай-ақ, бірқатар азамат сөз сөйлеп, ҚХА қызметіне ғылыми тұрғыда талдау жасаудың мән-маңызына назар аударды.
Жиын соңында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған үздік ғылыми жобаға жариялаған Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық конкурсының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі болды.
Айта кетейік, осы отырыстың аясында Мұрат Әуезовтің «Времен связующая нить» атты кітабының және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған ұлттық талдамалық шолудың таныстырылымы өтті.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»