• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2016

Тәрбиенің тал бесігі – балабақша

861 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының есігіне қара құлып салынып, балабақшалар жұмысын тоқтатса да, көп ұзамай бұл саладағы түйінді мәселелер ретімен өз шешімін таба бастады. Тәуелсіздіктің таңы атып, еліміз өз еркіндігін алған соң мектепке дейінгі тәрбие беру жұмыстары оң бағытқа бет бұрды. Қай елдің өсіп-өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның білім беру жүйесінің даму бағытына тікелей байланысты екені белгілі. Жеке тұлғаны дамытуға қызмет ететін білім мен тәрбие негізі, өзегі – балабақшадан бастау алатыны бүгінгі күні білім беру әлемінде дәлелденіп отырғаны ақиқат. Тәрбиенің тал бесігі – балабақша табалдырығынан бастау алып, ізгілік пен парасаттылыққа жол көрсетер іргелі орынның бала тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын есімізден шығармағанымыз жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: "Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларға жақсы білім беріп, тәрбие беруге ұмтылуымыз керек", – деген еді. Елбасының тікелей бастамасымен балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-14 жылдарға жоспарланған «Балапан» бағдарламасы бүлдіршіндер үшін бұрын-соңды болмаған игіліктің өзіне айналды. Мектепке дейінгі мекемелердің жаңа сипатта дамуына сара жол салған «Балапан» бағдарламасы тұтас елде түлей бастады. Алайда, Сырдағы серпілістің жөні өзгелерден бөлек болды. Облыс басшысының табандылығының арқасында мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік үйлескен үндестік тапты. Сөйтіп, нәтижелі жұмыстар жүзеге аса бастады. Біздің облыс республикада алғашқылардың бірі болып, 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 100 % қамтыды. Осы орайда облысымызда орны ерекше Қармақшы ауданында атқарылған игі істерге тоқталайық. Бүгінгі таңда ауданда 27 балабақша және 26 шағын орталықта 3330 бүлдіршін тәрбиеленуде. Кент орталығындағы 90 орындық №20 «Толғанай», Төретам кентінде №22 «Гаухартас», Ақай аулында 280 орындық «Балдырған» балабақшалар мемлекет басшысының «Балапан» бағдарламасы аясында салынып, халық игілігіне берілді. «Балапан» бағдарламасы бір мезеттік емес, өмірлік мән-маңызы бар жоба. Елбасының ел көңілінен шыққан міндеттемесінің талапқа сай және сапалы орындалуын облыс, аудан әкімдері өзі жеке және қатаң қадағалап, нақты талаптар қойып отыр. Соңғы үш жылда Жосалы, Ақай және Төретам ауылында еуропалық үлгіге сай сыйымдылығы жоғары жаңа мектепке дейінгі ұйымдар нысаны салынып, іске қосылды. Мәселен, Ақай аулындағы 280 орындық №23 «Балдырған» балабақшасында балаларға бүгінгі заман талабына сай тәрбие және білім берумен қатар олардың денсаулығын жақсартуға, шыңдауға, спорттық ойындарды үйретуге де ерекше мән берілген. Мекеме ғимаратында әдістемелік бөлмеден бастап спорт және музыка залы, психолог бөлмесі, тілдерді үйретуге арналған интерактивті бөлме, бейнелеу өнері және медициналық блок жұмыс жасайды. Балаларға қозғалыс ортасын құруда балабақша ауласында спорт алаңы жасақталған. Ал Төретам кентіндегі №22 «Гауһартас» балабақшасында музыка, спорт залдары, медицина бөлмесі, хореография, бейнелеу студиясы, компьютер класы жұмыс істейді. Сонымен қатар балабақшаларда мемлекеттік тілді дамыту нақты қолға алынған. Қармақшыдағы балабақшалар 100 пайыз таза қазақ тілінде. Киелі Қорқыт баба, жер кіндігі Ғарыш кешені – Байқоңыр біздің мақтанышымыз! Соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Байқоңыр қаласының білім беру ұйымдарын Қазақстанға беру туралы Мәскеу қаласында өткізілген келісімге сәйкес Байқоңырдағы 280 орындық 1 балабақша және 6 мектеп Қазақстандық білім жүйесінің қарамағына қайтарылып, бұрын Ресей стандарттары бойынша білім беріліп келсе, енді Қазақстандық бағдарлама бойынша білім берілуде. Қармақшыдағы барлық балабақшалар ағымдағы, күрделі жөндеуден өткізілді. Жосалы кентінен 340 орындық жекеменшік балабақша ашу жоспарланса, «Балапан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында екі 90 орындық «Ертөстік», «Айгөлек» балабақшалары 2017 жылы салынатын болып, халықты үлкен қуанышқа бөледі. Қармақшыда қаншама жекеменшік балабақшалар шағын орталықтар ашылуда. Біздің өңірде аналардың дүниеге ұрпақ әкелуі жылдан-жылға арта түсуде. Жаңадан ашылған балабақшалар білікті мамандармен қамтамасыз етілуде Елбасы білім саласының алдына қадау-қадау мәселелер қойып отыр. Мемлекет басшысы үш тұғырлы тіл саясатын енгізуді тапсырды. Үш тілде оқыту заман талабы. Кішкентай балалар қағілез келеді. Балалар тілді табиғи түрде тез меңгереді. Қазіргі балаларға білім, тәрбие алуға барлық жағдай жасалған. Үш тілді еркін меңгерген, өз білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын ұрпақ тәрбиелеу қажет. Өйткені біз дамып келе жатқан мемлекетпіз. Ал, қазақ тілі Елбасы айтқандай тұғыры биік тіл. Ана тіліміздің шоқтығы үстем болып, қасиеті арта түспек. Осы тілдермен білімдердің барлығын балалардың жүрегіне ана тіліміз арқылы сіңіреміз. Біздің алдағы мақсатымыз - еліміздің тірегі болып табылатын жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп, оларды сапалы біліммен қаруландыру. Осы бағытта аянбай жұмыс істей беретін боламыз. Біздің № 3 «Ертөстік» балабақша ұжымы 25 жылдың – 25 жарқын жетістігі тақырыбында 25 түрлі іс-шара жасап жұмыс жүргізуде. Тәуелсіздігіміздің 25 жылына арнап «Білімді ел – Мәңгілік ел» тақырыбында аудандық семинар өткізіп Абайтану үйірмесінде Абай өлеңдерінің ерекшелігін көрсетсек, бейнелеу өнері үйірмесінде бүлдіршіндер «Ауыл табиғаты» тақырыбында сурет салды, «Биші болам өскенде» үйірмесінде қазақ биін насихаттадық. «Балапан» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асып жатқаны бәріміз үшін де үлкен қуаныш. Бұл бағдарламаның барша білім саласында қызмет атқарып жатқан мамандардың алдына қойып отырған мақсаты айқын. Ортақ мақсатта жұмыла жұмыс істеп, ұйымшылдықтың арқасында ұлттық рухы биік бүлдіршіндер тәрбиелейміз, болашаққа үлкен сеніммен қараймыз. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы үшін киелі Қармақшы ауданы Елбасы тапсырмаларын барынша жылдам, әрі сапалы орындап жатыр деуге толық негіз бар. Айткүл ӘБЖАЛИЕВА, №3 «Ертөстік» балабақшасының басшысы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті