• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2016

Алыс ауылға су келді

391 рет
көрсетілді

Нұрсай – республикамыздың ең шалғайда орналасқан ауылдарының бірі. Бұдан үш-төрт жыл бұрын журналистік іссапармен осы ауылға жолымыз түскен еді. Сол кезде нұрсайлықтардың ауыз судан үлкен қиындық көріп жүргендеріне, олар оны жырақтағы Лекер көлі маңынан тасып ішіп отырғанына куә болғанбыз. Екіншіден, сонау жетпісінші жылдары салынған орта мектеп ғимаратына сол уақыттан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген екен. Күздің ызғырық күндері мен ұйытқи соққан қысқы борандарда ғимарат ішін кеулеген жел мұндағы оқушыларды дірдектетіп қоя беретіні жөніндегі әңгімелерді де құлағымыз шалған-ды. Әрине, содан соң газетімізге Нұрсай ауылының қос түйткілі жөнінде сын мақала жазылған болатын. Әйтсе де сол кезде бұған өңірдегі атқарушы билік жетекшілерінің бір де бірі селт етпегеніне қай­ран қалғанбыз. Дегенмен, игіліктің ерте кеші жоқ дегендей, таяуда осы ауылда ауыз сумен қамту жүйесі пайдалануға бе­ріліп, мектеп ғимаратына күрделі жөн­­деу жүргізілгені үлкен қуаныш се­зі­мін туғызады. Жіліктеп айтар болсақ, «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша жүзеге асқан жобаға 247 ми­л­лион теңге қаражат бөлінген. Ал мек­теп­тің күрделі жөндеуіне 162 миллион тең­ге жұмсалған. Ауыз су жүйесін тартуға есептелген мер­дігерлік жұмыстар о баста 11 айға есеп­телсе, оны өңірдегі құрылыс саласы тарландарының бірі Каримолла Жақыпов бас­қаратын «ҚұрылысГаз» ЖШС-нің құ­рылысшылары небәрі үш айдан ас­там уақыт ішінде сапалы түрде аяқтап шыққаны тағы бір мерей. Бұл ретте аталмыш нысанның жедел іске қосылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей шапағаты тигенін айт­пай кетсек шындыққа қиянат. Гәп мынада. Нұрсай ауылындағы сумен қамту жүйесін аяқтауға аудандық бюджеттен бөлінген қаражат тапшылық жасаған екен. Осы жайтқа Казталов ауданына сапары барысында куә болған өңір басшысы шұғыл шешім қабылдап, облыстық бюджеттен тағы да қосымша 182 миилион теңге бөлдіруге ықпал жасапты. Күні бүгін ауылдағы 136 үйдің 126-сы ауыз су жүйесіне қосылып үлгерген. Қазір бұл істі толықтай аяқтау жұ­мыс­тары да мәреге таялып келеді. Міне, кешегі бір күндері шалғайдағы Нұр­сай ауылы тұрғындарының төбелерін көк­ке жеткізген қос қуаныштың сыры осындай. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Нұрсай ауылы