Кеше Шымкентте “Нұр Отан” ХДП бастамасымен құрылған “Қазақстан-2020” Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері мен президенттіктен үміткер Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі республикалық штаб өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысында жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді. Коалиция мүшелерінің құрамында саяси партия жетекшілері, еліміздің танымал қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері болды.
Таңертеңгілік “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының ғимаратында өткен кездесуде республикалық қоғамдық штабтың төрағасы, “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин, “Әділет” демократиялық партиясының төрағасы М.Нәрікбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Б.Тілеухан, Парламент Сенатының депутаты Қ.Сұлтанов, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Б.Смағұл сөз сөйледі. Кездесуді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ұ.Сәдібеков жүргізді. Іс-шараға облыстық коалиция мүшелері, штаб және партия филиалдарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен зиялы қауым, шығармашылық қауым өкілдері, БАҚ басшылары мен қызметкерлері, “Жас Отан” жастар қанатының белсенділері қатысты.
Жиында сөз алғандар қазақ мемлекетінің басынан қилы-қилы кезеңдер өткендігін, тәуелсіздік алған жылдары іштегі, сырттағы бәз біреулердің Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұр дегенге илана қоймағандығын тілге тиек етіп, бүгінгі күннің игіліктеріне тоқталды.
Ел ішінде алалық кірген мемлекеттердің іркіттей іріп жатқандығын атап көрсетті.
Сөзін қазақтың қасиеті оңтүстікте деп түйіндеген Бекболат Тілеухан қазір еліміз мемлекеттің тағдыры шешілер сын кезеңде тұрғандығын, сайлауда қателесуге болмайтындығын көлденең тартты. Еліміздің әрбір бесінші тұрғыны оңтүстіктің адамы. Қазақтың өскендігі, өркендегені сіздер берген дауысқа байланысты. Президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзіне жауап бере алатын саяси тұлға. Өтірік уәде берген жері жоқ. Отанымыздың дәулеті артты, берекесі кірді, тұрақтылық пен бейбітшілік нығайды. Қазаққа осыдан артық не керек, деді депутат. Жұрт түзу сөзге имандай ұйып, дүркіретіп қол соқты.
Сол күні түстен кейін “Қазақстан-2020” Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері топ-топқа бөлініп, С.Сейфуллин атындағы Халықтар достығы үйінде, облыстық өзбек драма театрында және “Oxy Textile” ЖШС-інде кездесулер өткізді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.