Ертеден келе жатқан көне мейрамды қазақ халқы да жарасымды салт-дәстүрмен қарсы алатыны өзімізге мәлім. «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше қадірлеп-қастерлейтін жаңа жылымызды теріскей жақ та қал-қадерінше атап өтіп жүр. Десек те, көбіне ән-жыр, той-думан тасасында қалып, қатардағы мерекелерден айырмашылығы болмай қалатыны жасырын емес. Көктемнің алғашқы жаршысы – әз Наурызға әзірлік жайын білмек болып тиісті орындармен хабарласқан едік. Өйткені, бұл мерекенің жыл өткен сайын мән-мағынасының толығып, ұлттық нақыштармен байытыла түсетіні заңды. Сөйтсек, Халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығы ақындар айтысын өткізуге бел буыпты. Иә, әз Наурызды айтыссыз көзге елестету қиын. Оның үстіне соңғы кездері өңірімізде жанданып келе жатқан айтыс өнерін насихаттаудың бір шарасы бұл. Алайда, ақындар айтысын мейраммен қатарластырып бір күнде өткізбек көрінеді. Әрі оны таңертеңгілікке белгілепті. Бұны өткіздік атты жасаудың бір көрінісі демеске шара жоқ. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Д.Малаев біресе ақсақалдардың ұсынысы еді, біресе шеттен келетін ақындар асығыс еді деп қырық сылтауды көлденең тартқан. Ол тіпті орталық алаңда С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жылда ұйымдастыратын «Әз Наурыз» сахналық қойылымының өтетінін де тап басып айта алмады. Ауыл- шаруашылық жәрмеңкесі болатыны, киіз үйлер тігілетіні, Түменнің Ямал-Ненец округінен мәртебелі меймандар келетіні секілді жалпылама жәйттерді баяндаумен шектелді. Қаражат жағы шешілсе, жезтаңдай әнші Қапаш Құлышеваны шақырмақ көрінеді. Қысқасы, әлі ойланып-толғанумен жүр.
Одан тұшымды ақпарат ала алмағаннан кейін облыс әкімінің орынбасары, Наурыз мейрамын өткізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының төрағасы Ф. Қуанғановпен сөйлесуге тура келді. Фархад Шаймұратұлы ұлттық нақышқа көбірек орын берілетінін, әлі тақырыптық жоспар бекітілмегенін, содан кейін бәрі айқындалатынын жеткізсе, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Мәдина Балғашоқова, ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Мұқанова, мәдениет бөлімінің бастығы Аян Садаев сайлау учаскелерінде мерекенің атап өтілетінін тілге тиек етті. Ал, көшелерде көктемнің басталуын, жаңаруын айшықтайтын билбордтар, ғибратты жазулар ілінбегеннен кейін дайындықтың қандай дәрежеде екенін шамалай беруге болады. Билік тұтқасын ұстаған лауазым иелері оны жұмысбастылықпен, күнделікті шаруалардың көптігімен түсіндіруге тырысады. Айтулы мерекеге арналған тақырыптық жоспар кешеуілдегендіктен, жауапты адамдар не істерлерін білмей дал болып жүрген тәрізді. Өйткені, қалалық мәдениет үйінің әдіскері Нейла Синельник ұсыныстарын әлі жазып жатқанға ұқсайды. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсел Дауылбаева нақты атқарылатын іс-шаралардың қолға тимегенін айтып, зар қағады.
Күн мен түннің теңесу мерекесін қызықты да әсерлі өткізудің жолдары жайлы петропавлдықтар былай ой түйеді.
Зейнолла қажы Олжабаев, ақсақалдар алқасының мүшесі: Менің бір қадап айтарым, Наурыз күні киіз үйлердің есігі айқара ашық тұруы керек. Әдеттегідей қарапайым адамдарды жолатпауға, есігін тарс жауып, жасырып арақ-шарап ішуге қатаң тыйым салатын мезгіл жетті.
Мәстура Ақылбекова, үй қызметшісі: Шынын айтсам, Наурызға әлі де баса мән бермей келеміз. Аталып өтілгеніне мәзбіз. Оны да Жаңа жыл сияқты қызықты өткізуге болар еді. Қаншама ұлттық ойындарымыз тасада қалып жатыр. Ұлыстың ұлы күнін бұрыннан қалыптасқан салт бойынша – жарапазанмен ашу соншалықты қиын ба? Шыны керек, бізге Қызылжар өңірі әлі күнге дейін жаңа жылды атап өтіп жатқандай. Жамбыл көшесімен жүріп келе жатып «Түркестан» (жазылуы осылай) мейрамханасының маңдайшасындағы «Жаңа жылыңызбен!», «С новым годом!» деген айшықты жазуларға көзіміз түскенде осылай айтуға мәжбүр боп отырмыз.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.