Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған қазақстандық делегация ресми сапармен Беларусь Республикасына келді. Бұл ел Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынас қана емес, бірқатар ұйымдарда да әріптес болып табылады. Өткен жылы Қазақстан мен Беларусь арасындағы нақты тауар айналымы 850 млн.долларды құраған. Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде көретін беларустар елімізбен байланысты өте жоғары бағалайды.
Таңертең ерте Астана әуежайынан аттанған қазақстандық делегация отырған ұшақ беларустың ұлттық әуежайына сағат тоғызда келіп қонды. Алдымен Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Беларусь Республикасының Үкімет үйіне атбасын тіреді. Мұнда ол жаңа әріптесі, Беларусь Үкіметінің басшысы Михаил Мясниковичпен алдымен шағын, кейінірек кеңейтілген құрамда кездесу өткізді. Беларусь Премьер-министрі М.Мясникович ел делегациясын өздерінің жаңа жасақталған Үкімет құрамымен таныстырып өтті. М. Мясникович Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бастаған еліміз делегациясын қабылдай отырып, Қазақстан Кеден одағы арқылы жай әріптес емес, сонымен қатар стратегиялық әріптес екендігін жеткізді. Біз Қазақстанмен тұрақты экономикалық қарым-қатынастамыз.
Тек қана тауар айналымы емес, екі ел арасында ондаған инновациялық және өндірістік кәсіпкерлік жобалар жүзеге асуда. Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар жобалар бар. Сондай-ақ, біз ғарыш саласында келешекте жақсы әріптестік орнайды деген сенімдеміз. М.Мясниковичтің айтуынша, Қазақстан мен Беларусь мемлекеті арасындағы тауар айналымы өткен жылы 850 млн. долларға жеткен. Ол дағдарысқа дейінгі көрсеткіштің өзінен 60 пайызға артық. Біз қалыптасқан әріптестік, достық байланысымызды жаңа жетістіктермен толықтыра отырып, жаңа кезеңге шығаруға талпынатын боламыз. Бұл тұрғыда екі елдің әлеуеттері қазіргіден де жоғары деп ойлаймын, деді Беларусь Премьер-министрі Михаил Мясникович. Тауар айналымынан ғана емес, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға көшуіміз керек. Ал Қазақстанның индустриялық-инновациялық жобасы өте тамаша жоба, деді ол. Бұдан кейін сөз алған Кәрім Мәсімов алдымен жаңа Үкіметтің жасақталуымен құттықтады. Егемендік алған кезде екі елдің басшылары негізін салған Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастар, стратегиялық әріптестік екі ел үкіметтері басшыларының арасында тың әріптестікті қалыптастыруға серпін бермек. Соңғы жылдары әріптестікті дамытуға бағытталған қадамдар, құжаттар, жаңа жобалар біздің алдымызда тұрған мақсат, екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд. долларға жеткізуге, болашақта одан да асып түсуге жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Белоруссия агроөндірісі мен ауыл шаруашылығы, индустриясы жоғары дамыған ел, ал Қазақстанның шикізаттық секторда мүмкіндіктері мол. Бүгінгі екіжақты кездесу мен алда Кеден одағы аясында өтетін үшжақты кездесулер бізге дағдарыстан кейінгі кезеңде макроэкономикалық тұрғыда тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жаһандық қатерлерге бірігіп жауап беруге септігін тигізеді деп ойлаймын, деді Қазақстан Премьері.
Түстен кейін Кәрім Мәсімов Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенкомен кездесті. А.Лукашенко Қазақстан Үкіметі басшысының беларусь жерінде өткізіп жатқан кездесулеріне қанағаттанғандығын жеткізді. Бізде отыздан аса бірлескен кәсіпорындар бар. Олар Қазақстан секілді мықты елді индустрияландыруға қызмет ететін болады. Маған Қазақстан тарапымен қарым-қатынасымызды бірқатар жаңа жобалармен толықтыруға ұсыныс түскендігі мәлім. Қазақстанмен арадағы екіжақты қатынасты одан әрі кеңейтуге даярмыз. Осыған дейінгі тәжірибеміз арқылы Қазақстанның рыногында келісімдер арқылы жүзеге асырылған жобаларға қарай отырып оған сеніміміз кәміл, деді Беларусь Республикасы Президенті А.Лукашенко. Өткен дағдарыстан шығу жылында Қазақстанмен арадағы тауар айналымы 1 млрд.долларға жақындады. Болашақта БЭК аясында бұл көрсеткішті бірнеше есе өсіруге мүмкіндік бар. Ал бағалар әлемдік рынок бағасынан әлдеқайда төмен. Сондықтан өзара келісімге қол жеткіземіз деп ойлаймын, деді Беларусь басшысы. Бұдан соң А.Лукашенко Елбасына алдағы сайлау науқанына тілектестігін білдіріп, сәлемін жеткізуді өтінді.
Өз кезегінде Кәрім Мәсімов те Қазақстан мен Беларусь арасындағы әріптестікті жоғары бағалады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасында түрлі деңгейдегі келісімдерге қол қойылды. Әлемде қаржы дағдарысы күшейіп тұрған кезде біздің әріптестігіміз ұстанған бағытымыздың дұрыстығын айқындап берді. Біз осынау нәтижелі әріптестікті одан әрі дамытуды ұсынамыз, деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.
Осы күні кешкісін Беларусь Республикасына сапары аясында К.Мәсімов ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі кезекті отырысына қатысты. Бұл туралы алдағы нөмірде хабарлайтын боламыз.
Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Минскіден.