• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2011

Орталық Азиядағы тұрақтылық аралы

1093 рет
көрсетілді

Жас, тәуелсіз Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасу сәтінен бергі уақыт аралығы оқиғалар мен асқаралы асуларға толы. Ұлттық әл-ауқаттың өсуі, экономиканың өрлеуі, азамат­тық тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуы – қа­зақ­стандықтардың мақтанышы. Ертеңгі күнге үмітпен қарауға негіз болатын басқа да жайлармен қатар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуы айрықша тәнті  етеді. 16,2 миллион халқы бар мемлекетте көптеген ұлттар мен діндердің өкіл­дері тату-тәтті қатар өмір сүріп жатыр. Республиканың серпінді сыртқы және ішкі саясаты жаңа жетістіктерге жетудің негізін қалауда. Тұрақтылықтың  және соның арқасында келген эко­номикалық өсудің арқасында Қазақстан халықаралық саясатта да көп нәрсеге қол жеткізді. Соның ішінде әлемнің  белді ұйым­дарымен ынтымақтастық ыңғайындағы табыстары да қомақты. Қазақстан Республикасы Азия­дағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам конференциясы ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық  ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты көптеген маңызды мемлекетара­лық құрылымдардың мүшесі бо­лып табылады. Аталған бағыт­тар­дың барлығы бойынша да қазақстандық дипломаттар талмай жұмыс істеуде. Табысты жұ­мыс істеуде. Оған мысал ретінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығы мен Астанада ұйым­ның тарихи Саммитінің өткізілуі сияқ­ты жарқын жайларды айтуға бо­ла­ды. Биыл республиканың ИКҰ-дағы төрағалығы басталады, таяу арадағы маңызды оқиғалардың қатарында Ислам конференциясы ұйымы саммитіне дайындықты және қонақжай қазақ жерінде өтетін ШЫҰ саммитін еске алу жөн. Оның үстіне республика талай рет әртүрлі халықаралық құ­рылымдардың құрылуына баста­ма­шы болды. Ел дамуының тағ­дырын шешкен аса маңызды қадамдардың бірі Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылуы. 1992 жылы Қазақстан Президенті БҰҰ мінберінен жаңа тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретінде сөз сөйлегенде осынау бейбітсүйгіш құрылымды құрудың жолдары туралы ойларымен бөліскен еді. Идея айтылғаннан оны жүзеге асырған 2002 жылға дейін он жыл өтті. Оның есесіне бүгінде АӨСШК үш миллиардтан астам халқы бар, әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен бір бөлігін беретін 20 мемлекеттің басын қосатын ұйым. АӨСШК-нің басты мақ­саттарының бірі – Азия өңірінде өзара сенім мен жемісті ын­тымақтастықты нығайту үшін жағдай жасау. Қазақстан Республикасының осы ұйымдағы төрағалығы өткен жылдың жазында аяқталды, төр­ағалық кезінде АӨСШК-нің негізгі құжаттарында айқындалған ынтымақтастықтың барлық бес пункті бойынша нақты жұмыс  жүргізілді. Олар – экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, экологиялық бағыттар, сондай-ақ жаңа қыр көрсетулер және қатер­лермен күрес саласы. АӨСШК-де әскери-саяси саладағы проблемалар арнаулы пунктке бөліп көрсетілген. Ядролық қаруды таратпау режімі, энергетикалық қауіп­сіз­дік,  есірткі трафигімен күрес, жаңа қыр көрсетулер мен қатер­лерге қарсы тұру жөніндегі нақ­ты іс-шаралар белсенді түрде қарасты­ры­лып, пысықталады. Өз құзы­реті шеңберінде кеңес АӨСШК мүшесі – Ауған­стан­ның бейбіт дамуына гумани­тар­лық көмек көрсету арқылы септеседі. Ауған жағы өз кезегінде АӨСШК-нің есірткінің заңсыз ай­на­лы­мымен күрес тұғыр­на­ма­сын дай­ындау ісіне белсене қа­тыс­ты. Тұ­тастай ал­ғанда АӨСШК шең­бе­рінде жүзеге асырылған саяси үнқа­ты­су мен әртүрлі іс-шаралар Азия­дағы бейбітшілік пен қауіп­сіз­дікті сақтау ісіне  көмек­те­се­тіні күмәнсіз. Алайда, АӨСШК мен басқа да кез келген өңірлік құрылым­ның қызметіне тоқталғанда жа­һан­дану жағдайында бірде-бір ұйым қауіп­сіздікті жеке-дара қам­тамасыз ете алмайтынын түсіну маңызды. Сон­дықтан да әртүрлі мақсат­тар­ды субөңірлік, өңірлік және жаһандық деңгейде шешу ісі­мен айналысатын халық­ара­лық қоғам­дастықтар жүйесі қажет. Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы құрылған. Дегенмен ШЫҰ-ның тарихи өзегі одан біршама бұрынырақ, 1996-1997 жылдарда әскери саладағы сенімді нығайту мен шекара маңындағы қарулы күштерде екі жақты қысқарту жөніндегі келісімдерге қол қою нәтижесінде «Шанхай бестігі» дүниеге келген кезден басталады. Оған Қазақ­стан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан енген еді. 2001 жылы Өзбекстан қосылған соң бір­лестік өз атауын Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымы деп өзгертті. Ұйымға кіретін елдердің жал­пы аумағы Еуразия аумағының 60 пайызын құрайды. Халқы ты­ғыз орналасқан Қытайдың арқа­сында, ШЫҰ-да, іс жүзінде, бүкіл планетадағы адамзаттың ширек бөлігі тұрып жатыр. Ұйымның ерекшеліктерінің бірі мәртебелік тұрғыдан оның НАТО сияқты әскери блокқа да, АРФ АСЕАН сияқты қауіпсіздік жөніндегі ашық тұрақты кеңеске де жат­пай­тынында, ол аралық ұстанымды ұстанады. Ұйымның басты міндеттері – мүше елдерді біріктіретін кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, лаңкестік­пен, сепаратизммен, экстремизм­мен, есірткі трафигімен күресу, экономикалық ынтымақтастық­ты, энергетикалық серіктестікті, ғылыми және мәдени өзара іс-қимылды дамыту. Жақында Алматыда болып өткен ШЫҰ конференциясында Таяу Шығыс пен Африкадағы «әлеуметтік дәме револю­ция­ла­ры» делінетіндер жөнінде көп айтылды. Саясаттанушылардың пікірі бойынша, бүгінде әлем өте күрделі жағдайда тұр – мүдде­лерді геосаяси қолдау жүйесі күй­реуде. Талай адамдар тәртіп­сіздіктер лаңкестік ұйым­дардың өсуіне әкеліп соқтыруы мүмкін екенін жоққа шы­ғармайды. «Араб Шығысында болып жатқан оқиғалар кездейсоқ орын алған оқиғалар емес. Өйткені, бүгінде сонда болып жатқан оқиғалар астарында әлеуметтік-экономикалық негіздер бар екені айдан анық. ТМД елдері үшін бұл оқиғалар, бақытымызға орай, қарым-қатынасқа кері әсер етпейді», – деді ШЫҰ-ның Бас хатшы­сы Мұратбек Иманалиев. Африка мен Таяу Шығыс ШЫҰ-ның мүддесі саласына енбейтінімен, Алматы конферен­ция­сына қатысушылар жағдай ШЫҰ Мемлекет басшыларының Астана Саммитінде – тікелей форумда немесе екіжақты кездесулер аясында талқыланатынын жоқ­қа шығармайды. Ауған проб­лемасы да жоғары аталғандардан аз алаңдаушылық туғызбайды. Конференцияға қатысушылар Ау­ғанстанды әлемдік қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіретін ошақ деп біледі. Атап айтқанда, мемлекеттердің сыртқы шекара­лары­ның шеңберінде есірткіге қарсы белдеу құру ұсынылады. «Отыз жыл соғыс жүрді. Кедей ел болғандықтан, шаруалар тіршілік үшін өздеріне пайдалы нәрсені өсіреді. Мұнда күресті ел ішінде ғана емес, есірткі тра­фи­гінің Еуропаға жолын қиындату үшін шетелдерде де жүргізу керек. Сатып алушылар болмаса, тра­фиктің жолы да қиындай тү­седі, сонда біздің шаруалар есірт­кінің орнына басқа дақылдарды өсіруге мәжбүр болады», – деп конференцияға қатысып отырған АИР консулы Азиз Рахман Фаик проблемаларымен бөлісті. Ал жаздың басында Астанада өтетін мерейтойлық саммитте конференция барысында жария­лан­ған ұсынымдамалар, сарап­шы­лардың болжамдары бойын­ша, ШЫҰ-ның нормативтік-құқықтық құжаттарының негізіне алынады. Республика ИКҰ-ға 1995 жылы мүшелікке өтті және сол уа­қыттан бері оның құрамын­да­ғы басқа мемлекеттермен ынты­мақ­тастығын жоғары қарқынмен белсенді арттырып келеді. Ұйым­мен арадағы төрт негізгі бағыт 42 мүше елмен экономикалық бай­ланыстарды қамтыса, олардың қатарында сауда-саттық, көлік, ту­ризм және қаржы салалары бар. Кейбір пікір алшақтығына қара­мас­тан, ИКҰ діни мақсат­тарды көз­демейді. Негізінен ұй­ым мұ­сыл­ман қоғамының дең­гей­ін көте­ріп, оны жаңғыртуға ұмтылатын мүддені қарастыра­ды. ИКҰ-ның басты міндеттері­нің бірі ислам әлемін ХХІ ғасыр қауіп-қатер­леріне бейімдеуді мақ­сат тұтады. Сондай-ақ ИКҰ қыз­метінің қазіргі кезеңдегі маңызды мәселесі ұйым кеңістігінде әйел­дердің құқын ілгері жылжыту болып табылады. Аталған тақы­рып­тағы аса ма­ңыз­ды шара ИКҰ-ның 2012 жылы Астанада өтетін мұсылман әйелдері істері жөніндегі халықаралық конференция болады. Қазақстандық төрағалықтың маңызды белестерінің бірі сон­дай-ақ дінаралық үнқатысуды қай­та жаңғырту. Өйткені, Астана қашанда Батыс пен Шығыс ын­тымақтастығының жақтасы бо­лып келеді. Енді Қазақстанның төрағалығының арқасында екі жақ іс жүзінде жақындай түсуге мүмкіндік алады. «Өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Батыс пен Шығысты жа­қындатуға қабілетті екенін көр­сет­кеніндей, ұйым жаңа төраға – Қазақстанның жетекшілігімен қайта жаңғырады деп сенгіміз келеді, – деп жазады пәкстандық сая­саттанушы Сайма Камаль. – ИКҰ –  құрамында 57 мемлекет бар халықаралық бірлестік және онда Қазақстан шешуші мемле­кет­тердің бірі ретінде қарасты­ры­лады. Дәл осы мемлекет ұйымды табыс биігіне шығаруға және екі маңызды халықаралық ұйым – ИКҰ мен ЕҚЫҰ-ны жақындатуға қажетті әлеуетке ие». Қазақстанның өткен жылы ғана ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткені республиканың осы лауазымдағы қызметі артта қалды деуге негіз бермейді. Іс жүзінде, төрағалық үш жылға созылады. Яғни, ұйым ережесі бойынша жұмыс ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа бір жыл қалғанда басталады және кейін болашақ, іс басындағы және өткен төрағалар­ды байланыстыратын «үштік» негізінде жалғасады. Демек, Қа­зақ­стан биыл да бұрнағы жылда­ғыдай аталған халықаралық беделді ұйымның алдыңғы шебінде болып табылады. Республиканың ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық лауазымына сайлануы – бұл өз табыстары арқылы сал­мақты халықаралық танымал­дық­қа ие болған бүкіл елдің, бар­лық Қазақстан халқының еңбегі. ЕҚЫҰ-ға төрағалық саяси жүйе­ні одан әрі жаңғыртуға ықпал етеді. Бұл билік жүргізіп отырған және республиканың қоғамдық-саяси өмірін одан әрі демо­кра­тияландыруға бағытталған  ре­формаларға сәйкес келеді. Қазіргі Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев 2007 жылы Мадридте Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететіні туралы шешім шығарылғаннан кейін былай деп атап өтті: «Біз қазірдің өзінде басқа Қазақстанда өмір сүріп жа­тырмыз деген болар едім. Сон­дық­тан бұл шешім біздің нақты табыстарымызды қуаттап қана қой­май, сондай-ақ біздің еліміз­дің халықаралық қоғамдастық­тағы дамуының жаңа кезеңін айқындап берді». Жағдай шын мәнінде осылай қалыптасып отыр. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы лауазы­мын­да өзіне интеграциялық рөлді – ШЫҰ, АӨСШК, ИКҰ сияқты өзге өңірлік бірлестіктермен өз­ара іс-қимылда басты бай­ла­ныс­тырушы буын функ­циясын алып, олардың күш-жігерін бүкіл Еуразия кеңістігіндегі маңызды саяси және экономикалық проб­лема­­ларды шешуге жұмылдыр­ды. Және Қазақстанның табысы – бұл бүкіл Орталық Азияның табысы, бұл – бүкіл ТМД-ның табысы, бұл – ЕҚЫҰ-ның төр­ағасы болған алғашқы азиялық ел, алғашқы посткеңестік ел, ал­ғашқы түркі әлеміндегі ел және   басым бөлігі дәстүрлі Ислам мәдениеті­нің ареалында жатқан ел. Сонымен қоса, Қазақстанның төрағалығымен ұйымның өзі де Батыстың Азияда болып жатқан үдерістерге ақпараттануы мен қатыстылығын жоғарылатуға, өңір­дегі мемлекеттермен қазір­гіден де тығызырақ әріптестік қарым-қатынас қалыптастырып, Ауғанстанмен шекарада үлкен мөлдірлікті қамтамасыз етуге тамаша мүмкіндік алды. Барлық халықаралық қоғамдастық мүд­де­лілік танытып отырған қауіп­сіз, тұрақты және болжамды Орталық Азия құру үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лыққа сайлануына бір тамаша факт оң әсер етті: ТМД елдері 12 президент деңгейінде және Еу­ропалық Одақ Қазақстанның төр­ағалығы бойынша тұтастай бірізді оң баға берді. Бұл Еуропалық Одақ пен ТМД елдері арасында ешқандай қайшылықтар кездеспеген бірден-бір құжат болып табылады. Тұтастай алғанда, респуб­ли­каның әлемдік тарих барысына ықпал ететін ұйымға халық­ара­лық қатыстылығы қырлары ха­қында айтар болсақ, былай деуге болады: Қазақстан «қайдағы бір түпкірде» жатқан абстрактілі, по­тен­циалды контрагент немесе әріптес емес, істес болуға бола­тын сенімді және болжамды әріп­тес ретінде қарастырыла баста­ды. Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейінгі өте қысқа мерзімде республика халықаралық қаты­нас­тардың толыққұқықты су­бъек­тісі болды және оңтайлы ин­вестиция­лық ахуал қалыптасқан, тұрақты жетілу үстіндегі аза­маттық қоғам институттарының жүйесі бар, жаһандағы нарықтық эконо­ми­калы ел ретінде табиғи түрде дамып келеді. Надежда ПЕТРОВА. «Известия», 2011 жылғы 15 наурыз.