Бұрнағы күні оңтүстік астанадағы Бостандық ауданының №6 өрт сөндіру бөлімінде болған кезінде ел президенттігіне кандидат Ғани Қасымов Патриоттар партиясының, өз сайлауалды штабының және өтініш айтқан сайлаушылардың атынан осы күндерде жер сілкіну зілзаласының зардабын бастан кешіріп жатқан жапон халқына жан күйзелісін білдіріп көңіл айтты. Сөйтіп, қазақстандықтарды қиындықта қалған елге қолдан келгенше қолұшын беруге шақырды.
Аталған өрт сөндіру бөліміне үміткер бекерден бекер келген жоқ. Ол төтенше жағдай бола қалған кезде өрт сөндірушілердің адамдарға жедел әрі ұтымды көмекке келу әзірлігінің қандай екендігіне көзін жеткізуді мақсат тұтты.
Президенттіктен үміткерге Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы подполковник Асқар Тойшыбеков төтенше жағдайларға әзірліктің жайын баяндап берді. Қазір қалада 14 әскери өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді, ірі кәсіпорындар мен ұйымдарда оннан астам ерікті бөлімшелер құрылған. Олардың бәрі техникамен, жабдықпен, жеке қорғаныс құралдарымен жеткілікті деңгейде жабдықталған. Айталық, өткен жылы өрт сөндірушілер «Мерседес» автомашинасының негізіндегі төрт автоматты көтергішпен жарақтанды.
Ғ.Қасымов өрт сөндіруші өрендермен әңгімелесіп, жабдықтарды көрді. Сонымен қатар, ол Алматы сияқты үлкен мегаполисте өрт сөндіру бөлімшелерінің әлі де болса жеткіліксіздігін атап көрсетті. Бұл күнде қалалық әкімдік Алатау ауданында қосымша екі бөлім құруда. Таяу уақытта тағы да бес өрт сөндіру кешенін салу үшін жер телімдері бөлінбек. Президенттіктен үміткер олардың қаржыландырылуын, құрылыстың жедел басталуын қадағалауға уәде етті. Сондай-ақ азаматтарымызды қорғайтын өрт сөндірушілердің тұрмыстық жағдайы мен жалақысы ерен де ер еңбекке лайықты болуы қажеттігін ескертті.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.
-------------------------------
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.