Алматыға үлкен спорт додасының жақындап келе жатқаны анық сезіле бастады. Қала қонақтары мен тұрғындарын Универсиада аясында ұтымды ұсыныстар мен ауқымды оқиғалар күтіп тұрғаны байқалады.
Оңтүстік шаһарға Универсиада ойындарын тамашалауға келгендер Алматыдағы жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер маусымының үстінен түспек.
Сонымен, Универсиада қарсаңында басталатын Almaty Sales Festival аясында Алматыдағы ірі дүкендердің барлығы тауарларын айтарлықтай арзандатады. Жеңілдіктер маусымы алдағы 20 қаңтардан 10 ақпанға дейін созылмақ. Осылайша қаладағы 126 сауда ойын-сауық орталығы мен «street retial» үлгісіндегі дүкендерде азық-түліктік емес тауарлардың барлық түрінің бағасы түседі.
Алматылықтарды айтпағанда, ілуде бір болатын Универсиаданы еліміздің әр шалғайынан келген отандастарымыз да тамашалауға, заманауи үлгідегі салынған спорттық ғимараттарды көруге, спорт додаларына жанкүйер болуға қызығушылық танытады деп күтілуде. Және бұған Универсиада жарыстарына қатысатын 58 мемлекеттің 2 мыңнан астам спортшысын қосыңыз.
Қазірдің өзінде Алматыдағы супермаркеттерде сауда қызып тұр. Қаладағы 120-дан астам сауда ойын-сауық орталығы мен 120 азық-түлік әмбебап дүкені 19 пайыздан бастап 80 пайызға дейін тауарларын арзандатты.
АЛМАТЫ