Өткен жылдың Қазақстанның спорт әлеміндегі айтулы оқиғасының бірі Ауыр атлетика құрамасы тізгінін 22 жыл ұстаған, осы жылдарда команданы 6 Олимпиадаға бастап барып, 5 алтын, 5 күміс, 1 қола медальға қол жеткізген бас жаттықтырушы Алексей Нидің отставкаға кетуі болды. Жылдың соңғы айында оның орнына Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Мельников келді. Біз жыл алмасар шақта онымен аз-кем әңгіме құрып үлгеріп едік.
– Юрий Алексеевич, сіз үшін бұл тағайындау тым тосын болып шыққан жоқ па?
– Олай деп ойламаймын. Мен тағайындауға дейін республика құрамасы сапына ұзақ жылдар бойы үздік ауыр атлеттер дайындап беріп келе жатқан Оңтүстік Қазақстан облысында қызмет еттім. 1994 жылдан еліміз ұлттық құрамалары жаттықтырушылар штабы құрамындамын. Ал 2000-жылдары екі команда тізгіні бір қолға алынғанға дейін еліміздің әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болдым.
– Иә, екі бірдей шәкіртіңіз – Сергей Копылев пен Вячеслав Ню 1994 жылы Хиросимада Азия ойындарының чемпионы атанды ғой.
– Дұрыс айтасыз. Бұл Қазақстан спортшылары қатысқан бірінші Азиада болатын. Осында республика ауыр атлеттері үш алтын медаль алса, солардың екеуін мен шығардым. Ал үшінші алтын жүлденің иесі – семейлік Андрей Макаров Атлантадағы Олимпиададан кейін Шымкентке көшіп келіп, менің қарамағымда жаттықты. Бұлардан басқа, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Анна Важенина, Азияның чемпиондары Бақыт Ахметов пен Татьяна Хромова менің шәкірттерім болды. Бұған қосатыным, құрамадағы атлеттердің барлығын білетінмін. Кейбірімен тіпті жеке қарым-қатынасым да бар еді. Менің кандидатурамды Ауыр атлетика федерациясы да, Штаттық ұлттық командалар мен спорт резерві дирекциясы да, Жаттықтырушылар кеңесі де бекітті. Ол Қызылордада ауыр атлетикадан Қазақстан кубогы үшін жарыс өтіп жатқан кезде орын алды. Демек, ештеңе де ойламаған жерден болған жоқ.
– Жұмыс барысында құраманың бұрынғы басшысы Алексей Нимен кеңесіп алатын кезіңіз бола ма?
– Мен осы жылдардың бәрінде онымен қоян-қолтық бірге жұмыс жасастым. Алексей Ни республика ауыр атлеттерінің әлемдегі ең мықтылар қатарынан табылуы жолында орасан зор жұмыстар атқарды. Оны ұмытуға болмайды. Менің міндетім енді команданы сол деңгейден түсірмеу болмақ. Әлбетте, керек кезінде кеңесуден қашпаймын. Мені Алексей Геннадьевичтің қалыптасқан жағдайға қарай тез шешім қабылдап, ерлерше орнын босатып кеткені риза етті. Қазіргі тұрғыдан бұдан артық қадам болмас еді. Бірақ мамандар мен жанкүйерлер менің біреудің арқасында күн көруді көздеп отырмағанымды жақсы ұғынса деген ойдамын. Мен мұнда бәрін жан-жақты ойластырып, өз бетімше жұмыс жасауға тәуекел етіп келген адаммын.
– Сол жұмыстардың негізгісі қандай болмақ? Сіздің алдыңызға қандай міндеттер қойылып отыр?
– Ондай міндеттер көп. Оның біріншісін – команда қуатын қазіргі деңгейінен түсірмеу екенін жоғарыда айтып өттім. Негізі, мұның да алдында тұрған аса маңызды бір тапсырма бар. Ол – допингімен күрес. Осы зұлым залалды түбірімен жойып, оның құрсауынан аман шығу бірінші кезектегі міндет болады. Мен бұл кесапатта атлеттердің кінәлары жоқ деп есептеймін. Бұған соларды тексергендер айыпты. Сегіз жылдан кейінгі дүрлігіс осыған айғақ. Содан кейінгі кезекте нәтижелі өнер көрсету тұр. Мұны да ойдағыдай етіп жасауға болады. Мен қазір қирап қалған астауды қолымда ұстап тұрған жоқпын. Бұрынғы даңқты команданың негізі, қаңқасы бар. Тек соны жаңаша, жаңа спортшылармен жаңғыртып, жалғастыра білуіміз керек. Құрама қалай дегенде де өзінің күреске дайын құрыш қалпын сақтап қалатын болады.
– Юрий Алексеевич, біз мұның алғы адымын құраманың сіздің басшылығыңызбен осы кезге дейін екі бірдей жарыстан – Азия кубогы мен Қатар халықаралық кубогы үшін турнирлерге қатысуынан көріп отырмыз.
– Аталмыш жарыстар бір елде бір мезгілде қатарласа өтті. Оның Қатар кубогы үшін жарысына бізден тек 19 жасар Селимхан Абубакаров қана қатысты. Нәтижесінде, ол үшінші орын алды. Ал Азия кубогы үшін сайысқа қатысқан екі атлетіміздің екеуі де алтын медальға қол жеткізді. Атап айтқанда, 75 килодан ауыр салмақта Александра Аборнева алдына жан салмаса, 77 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде 21 жастағы Айдар Қазов топ жарып шықты. Дегенмен, бұл доданы деңгейі жағынан аса бір күшті болды деп айта алмаймын. Себебі, жылдың соңы болғасын, оған Олимпиададан кейін біршама тынығып алуды жөн көрген көптеген сайыпқыран саңлақтар қатыса қойған жоқ. Бірақ, бұл бәрібір біздің атлеттердің дайындықтары деңгейіне шүбә келтіре алмайды.
– Енді құрама құрамы қатты өзгеріске түсе ме?
– Биылғы жазда допинг дауынан кейін бірқатар зілтеміршілеріміз спорттық мансаптарын тоқтататындары туралы мәлімдеме жасап қойды. Осыған орай команда құрамын біршама жасарта түсу үдерісінің қолға алынатыны анық. Ең бірінші кезекте жасөспірімдер мен жастар құрамалары сапында табысты өнер көрсетіп келе жатқан ұландарға назар аударылады. Олардың арасында менің шәкіртім Надежда Ногай мен Альберт Линдер де бар. Сонымен қатар, біз допингпен айыпталғандар арасынан кімнің қанша уақытқа дисквалификацияға ұшырайтынын әлі біле алмай отырмыз. Мұның өзі алдағы жоспарға тікелей әсер етеді. Жағдай қалай болып қалыптасқанда да, біз Зүлфия Чиншанлодан үмітімізді үзе қоймаймыз. Оның айтар сөзі әлі таусылған жоқ, әлі де талай бәсірелі бәсекелерде топ жарады деп ойлаймын.
– Ұлттық құраманың 2017 жылғы жоспарлары қандай?
– Бұл жылы бірнеше маңызды жарыстар өтеді деп жоспарланып отыр. Соның біріншісі – сәуір айында Ашхабадта өтетін Азия чемпионаты. Бұдан әрі Универсиадаға қатысамыз. Сосын АҚШ-тың Анахайм қаласында жалау желбірететін әлем чемпионаты тұр. Біз қазірдің өзінде 2018 жылы кереге керетін Азия ойындары мен 2020 жылғы Олимпиадаға лицензия бөлетін әлем чемпионатына дайындық жүргізіп жатырмыз.
– Құраманың құрамы, оның бірінші нөмірлі атлеттері белгілі ме? Алдағы Олимпия ойындарында кімдерге үміт артасыздар?
– Бірінші нөмірлі атлеттер Азия кубогы кезінде-ақ белгіленіп қойылған. Олар ғана емес, екінші нөмірлі зілтеміршілер де белгілі. Осы тұста жастар құрамасынан біраз спортшы осында ауыстырылды. Олардың екеуін жоғарыда айтып өттім. Рас, олар ауыр атлетика үшін әлі жас. Сонда да болса, бұл буынды да тәрбиелей бастауымыз керек. Ал негізгі салмақ Риода өнер көрсеткен тәжірибелі толқынға салынады.
– Илья Ильиннің спорттық мансапты аяқтағаны туралы не айта аласыз?
– Мен Ильяның заманынан асып туған аса талант екеніне имандай сенемін. Ол – жүз жылда бір рет туылатын тұлға. Әрине, мұндай лидердің құрамада болғаны бізге үлкен демеу болар еді. Оның біздің сапымыздан табылып қалатынынан әлі де үміттіміз. Бұған қосатыным, мені Ильяның осы күндері өзін ұстау мәнері қатты риза етті. Іші ит тартқандай болып жатса да, ол былайғы жұртқа пәлендей сыр бере қоймады. Бәріне ақылмен келді, парасат тұрғысынан қарады. Ол өзінің осы кезде барынша тәрбиелі жігіт екенін анық көрсетті. Ішкі мәдениеті өте жоғары адам өзге біреулер сияқты болып жатқан зобалаң үшін құраманың бас жаттықтырушысын айыптаған жоқ. Бәленің бәрін әлдекімге қарай аударып, лай суды соның үстіне төге салған жоқ. Міне, нағыз азамат деген осындай болады!
– Жаңа жылда спорт жанкүйерлері үшін қандай тілек білдірер едіңіз?
– Барша қазақстандықтарға бірінші кезекте зор денсаулық тілеймін. Ең бастысы да осы ғой. Дені сау адамның жаны да жадырап жүреді. Осының нәтижесінде еліміздің қарыштап дами беруіне бәріміз лайықты үлес қоса беретін болайық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА