Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақсақалдар кеңесіне зияткерлік және білім беру деңгейін арттыруға айрықша еңбек сіңірген, оқу орнының ғылым, мәдениет және рухани мүмкіндігінің дамуына зор үлес қосқан тәжірибесі мол беделді ғалымдар кіріп отыр.
Оқу орнындағы кезекті басқосуда ақсақалдар кеңесі білім мен ғылыми-зерттеу қызметінің жетілдіру жолдары жайында хабардар болып, инфрақұрылымдық дамудың инвестициялық жобаларымен танысты. Ғылымға еңбек сіңірген қайраткерлер – ҚР ҰҒА академиктері Сұлтан Сартаев, Арықбай Ағыбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зұлхайыр Мансұров, тарих ғылымдарының докторы Уахит Шәлекенов, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Арещенко және тағы басқалар жағымды өзгерістерді тілге тиек етті, университеттің даму стратегиясын қолдап, батасын берді. Ақсақалдар, әсіресе, QS рейтингінде ҚазҰУ-дің әлемнің үздік 200-топ университеті қатарына енуін жоғары бағалап, университеттің Орталық Азия мен ТМД-дағы көшбасшылық орнын атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мойындалған халықаралық беделге ие, әлемнің мыңдаған университеттері рейтингіндегі оның жоғары көрсеткіші еліміз үшін үлкен жетістік болып саналады. Бұл – Мемлекет басшысы алға қойған Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына ену мақсатын жүзеге асыруға және «Мәңгілік Ел» құруға қосқан университеттің нақты үлесі», – деді академик Сұлтан Сартаев.