Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Башқұртстан Республикасы Құрылтайы – Мемлекеттік Жиналысының Төрағасы Константин Толкачевпен кездесті. Онда Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс, парламентаралық ынтымақтастық мәселелері сөз болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тарихы тереңде жатқан туыстық байланыстар, рухани-мәдени ұқсастықтар жөнінде айтылды. Тараптар бүгінгі таңда Кеден одағы шеңберінде және құрылып жатқан Біртұтас экономикалық кеңістік аясында сауда-экономикалық ықпалдастықты дамыту жайы туралы пікір алмасты.
Осы келісімдердің нәтижесінде сауда айналымы арта түсетіні анық. «Бресттен Владивостокқа дейінгі аумақтағы 170 млн.-дай тұрғынды қамтитын ауқымды рынок алаңы пайда болып отыр», – деді Мәжіліс Төрағасы. Сондықтан да жаңа қатынастарды реттеу үшін заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі мәселе ерекше өзекті екенін байқауға болады.
Мәжіліс Төрағасына кездесу үстінде Константин Толкачев: «Башқұртстан халқы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бізге келген сапарын әлі күнге ұмытқан жоқ. Бізге тағы да қонаққа келсе, өте қуанышты болар едік. Осы сәлемімізді жеткізуіңізді сұраймыз», – деді.