«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Глеб Щегельский, Құралай Қаракен және Абай Тасболатов облыс ардагерлерімен кездесті.
Кездесуді қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылы өңірде атқарылған жұмыстармен таныстыра келіп, аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталды.
Содан кейін мәжілісмен Б.Ізмұхамбетов сөз алып, жұмыс сапарының мақсаты, Парламент Мәжілісінің жұмысы туралы жан-жақты баяндады. Ол ел тәуелсіздігінің 25 жылында қол жеткен табыстарымызды Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатымен сабақтастыра әңгімеледі. Жиында сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов өңірде 85951 ардагер тұратынын, олардың 101-і Ұлы Отан соғысының ардагері, 1022-сі соғыс ардагеріне теңестірілгендер, 8027-сі тыл ардагері екенін жеткізді. Олардың облыстық, бір қалалық, он екі аудандық ардагерлер кеңестеріне біріктірілгенін, 317 бастауыш ұйым жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы ардагерлерге жәрдемақыға облыс бойынша жергілікті бюджеттен 270 миллион теңге бөлінген.
Өңірге келген Парламент Мәжілісінің депутаттары алдағы күндері қаланың бірқатар еңбек ұжымдарында, Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар және басқа аудандарда болып, жұртшылықпен жүздеседі деп күтілуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ
Суретті түсірген
Максим ТОКАРЬ