орталықтандырылған қазандық сұрайды
Көп қабатты үйдегі жарылыс салдарынан адамдар қаза болған Шахан кенті аумақтық бөлініс бойынша Шахтинск қаласына қарайтынын бұған дейін де айтқан едік. Осы Шахтинскінің әкімі Сержан Аймақов жарылған қазандықтың от жағушысына іздеу салынды деп хабарлады. Жертөледегі қазандықтың қалыпты жұмыс істеуін кірпік қақпай қадағалап отыру соның міндеті болған-мыс.
Алайда, полиция қызметкерлері ешқандай от жағушыға ресми іздеу салынған жоқ деп, әкімнің сөзін жоққа шығарды. «Ол от жағушының қазір қайда екені белгілі. Тергеу амалдары жүргізілуде. Басқа ақпаратты әзірге жариялауға болмайды», – деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Б.Құдияров.
От жағушының кім және қайда екені апат орын алғаннан көп ұзамай-ақ анықталғанын Қарағанды облысының прокуратурасы да растап отыр. «Қылмыскерге немесе күдіктіге іздеу салынады, – дейді прокуратура қызметкерлері. – Апаттың дәл неден болғаны анықталмай тұрып, от жағушыға қалайша іздеу салынады? Сарапшылар жылыту қазандығы не себепті жарылғанын әлі дәл анықтап болған жоқ. Оның үстіне, от жағушының кім екені анық, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр».
Көп ұзамай, сарапшылар да алдын ала болжамдарын жария етті. Олардың айтуынша, жарылыс болған үйдің алдыңғы үш подъезі дін аман, тұрғындар ештеңеден қорықпай-ақ қайта оралып, тұра берулеріне болады. Ал қазандық орналасқан, жарылыс болған соңғы 4-ші подъезді мамандар әлі де зерттеуде. Қорытынды тұжырым таяу күндердің бірінде хабарланбақ. Үйдің зақым келмеген бөлігін жылыту үшін оның енді жертөлесіне емес, сыртта бөлек тұратын шағын қазандық салынады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шахандағы үйлердің дені автоматты жүйемен жылытылады. Шынтуайтында, бұл дегеніңіз, жертөледе орналасқан, от жағушы үнемі қасында тұрып қыздырып отыратын кәдімгі қазандық. Мұның ең қауіпті жері – электр жарығы сөніп қалса, пештің жел арттырғышын жауып, оттыққа көмір лақтыру керек; өйтпеген жағдайда жарылыс болуы мүмкін. Шахандағы апаттың себебі де осыған сайып отыр: жарылыс болған кезде үйде электр жарығы болмаған.
Автоматты жылыту жүйесі кенттегі 19 үйге орнатылған. Бұлардың бәрі – отыз жыл бұрын салынған үйлер. Кеңес Одағы ыдырағанша бөлек тұрған қазандықтардан жылытылып келген олар өткен ғасырдың 90-шы жылдарында адыра қалып, тұрғындар үй басына жеке қазандықтан орнатып алған. Оның үстіне олар бес жыл сайын тозығы жететін дүние екен. Жылу мәселесін шешіп беруді сұраған халық құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып, әбден көңілі қалған. Жарылыс болған үйдегі қазандық негізі бірнеше рет айырбасталған екен. Жарылған қазандық осыдан үш-төрт жыл бұрын қойылыпты.
Шахтинск қаласының әкімі Шаханда орталықтандырылған қазандық салынады десе де, бұл мәселенің нақты қашан шешілерін шегелеп айта алмай отыр. «90-шы жылдары қала типтес үлкен кент болған Шаханда 28 мың халық тұрған, орталықтандырылған қазандық жұмыс істеген. Бірақ кейін заманның қалай құбылғаны белгілі, қазір кентте 8 мыңдай ғана тұрғын бар. Қазіргі әр үйдегі қазандықты 90-шы жылдардың соңында халық өзі қаражат жинап орнатып алған, – дейді Сержан Аймақов. – Ортақ қазандық салу мәселесі алғаш 2005 жылы көтеріліп, содан облыстық бюджеттен тек 2013 жылы ғана жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қаражат бөлінген. Сол кезде қазандық құрылысына 2,8 млрд теңге қажет болған екен. Енді сол сметаны қайта жаңғырту қажет. Облыс әкімі бұл жайттан хабардар және енді жеке қадағалауына алмақ».
Өткен аптаның аяғында Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Дулатбеков, Снежана Имашева және Юрий Тимошенко Шаханға арнайы барып, жарылыс болған үйді қалпына келтіру барысымен танысып, сәулет-құрылыс нысандарын бақылау саласының мамандарымен, жергілікті тұрғындармен кездесті.
«Сарапшы мамандар үйді жан-жақты тексеруден өткізді, онда тұруға болады. Өз пәтеріне оралудан сонда да бас тартқандарға басқа үйлерден пәтер алып береміз», – деді әкім.
Үйді қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатқан «Аспап» өндірістік кооперативінің директоры Төлеген Әшімов мәлімдегендей, жұмыскерлер мұнда екі ауысыммен күндіз-түні тоқтаусыз еңбек етіп жатыр.
Юрий Тимошенко депутаттар корпусы бір күндік жалақысын жарылыстан қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына аударғанын жеткізді. Айта кету керек, елімізде бұл бастаманы қолдап, қаржы аударып жатқан кәсіпорындар мен басқа да еңбек ұжымдары баршылық.
Депутаттармен кездескен жергілікті тұрғындар олардан Шаханда орталықтандырылған жылыту қазандығын салу мәселесін үкіметтік деңгейде қозғауды сұрады. Ел мұңын естіген олар бұл мәселе жерде қалмасына уәде берді.
Жалпы, Шахан трагедиясының қазақстандықтарды бей-жай қалдырмағаны рас. Еліміздің түкпір-түкпірінде белсенді азаматтар, түрлі қоғамдық ұйымдар, мекемелер мен кәсіпорындар зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек шараларын ұйымдастырып, игі істерге ұйытқы болуда. «Көп тілегі – көл» деген, бүгінгі күнде Шахан кентіне 3 тоннадан астам азық-түлік, мол көлемде тұрмыстық заттар мен киім-кешек жеткізілген. Отандық Qazkom банкінің зардап шеккендерге бір реттік көмек ретінде 32 миллион теңге аударғаны да атап өтуге тұрарлық мүбәрак іс.
Кенттегі жағдайды Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев толықтай өзінің бақылауына алған. Үкімет басшысы төтенше оқиғаның салдарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің баяндамаларын тыңдап, оларға кенттегі жағдайды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Осындай шұғыл шаралардың арқасында қазіргі таңда апатты үйдің жанына қуаттылығы 400 кВт болатын модульді қазандық орнатылып, кеше ол іске қосылды. Үйдің 4 кіреберісіне электр энергиясы тартылып, су құбырлары мен кәріз жүйесінің іске қосылу дайындығы тексерілу үстінде. Ал бүгіннен бастап зардап шеккен тұрғындарға арналған өтемақы арнайы қор арқылы төлене бастайды.
Дегенмен, үрейленіп қалған Шахан халқы жертөледегі дербес жүйемен жылытылатын үйлеріне осы күндері, шыны керек, қорқақтай кіріп-шығып жүр. Олар орталықтандырылған жаңа қазандық орнатылуын талап етіп отыр. Оған бере қоятын қаражат көзі жоқ шенеуніктер де тура жауаптан тайсақтап әбігер. Жобалық құжаттары төрт жыл бұрын дайын болған мәселе неге осынша созбалаңға салынып келген?.. Айта кету керек, тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, қайғылы оқиғаның орын алуына, бір есептен, тексеруші органдар да кінәлі. Халықтың қалай және немен жылынып отырғанында құзырлы орындардың шаруасы жоқ. Тіпті, жертөлелердің өзі әу баста қандай да бір жылыту жүйесін орнатуға есептелмеген екен. Сондықтан, халықтың қауіпсіздігін шын ойлайтындар болса, орталықтандырылған қазандық салу мәселесін тым құрығанда келесі жылу маусымына дейін шешу қажет.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ