Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Аймақтық бітімгерлік дипломатия орталығының басшысы Мирослав Енчаны қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ және оның құрылымдық бөлімдерімен ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды. Аймақтық орталықтың қызметін жоғары бағалай келіп, Төраға орталықтың БҰҰ жүйесіндегі тиімді институт болып табылатынын атап өтті.
Қазақстан Республикасы мен БҰҰ-ның өзара белсенді іс-қимылын атап өте келіп, Қ.Тоқаев Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған орталық қызметіне Қазақстанның жан-жақты қолдау білдіретінін айтты.
БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Аймақтық бітімгерлік орталығы 2007 жылы 10 желтоқсанда Ашғабадта ашылған болатын. Аймақтағы елдердің үкіметтері халықаралық терроризм мен экстремизм, есірткі саудасы, ұйымдасқан қылмыс пен қоршаған ортаның жағдайы нашарлауымен бірге, Орталық Азияға төнетін көптеген қатерлерді назарға алды.