«Қазақстандық вагон жасау зауыты» жекешелендірудің екінші кезеңі шеңберінде 1,8 млрд теңгеге сатылды, деп хабарлайды Электронды сауда алаңына сілтеме жасаған abctv.kz.
Саудаға кәсіпорын үлесінің 78,4%-ы қойылған болатын. Сауда бағаны төмендету әдісі бойынша жүргізілді. Сатушы – «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ). Бастапқы бағасы 2,9 млрд теңге болған лоттың құны 1,8 млрд теңгеге төмендеді.
ALB Company бағалаушы компаниясының мәліметі бойынша, 2016 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша кәсіпорынның бағаланған құны 1,5 млрд теңге болған еді.
«Қазақстанның вагон жасау зауыты» Павлодар облысындағы Ақсу қаласында орын тепкен. Онда 481 адам еңбек етеді. Компания 2008 жылы «Таман» вагон жөндеу депосының негізінде құрылды. Кәсіпорын ҚТЖ-ны жүк вагондарымен қамтамасыз етеді.