• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2017

Бесіктің қасиеті

1988 рет
көрсетілді

Жақында Шымкенттен жеткен суыт хабар жүрегі мейірімге тұнған әрбір жанға ауыр соқты. Ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, Аружан есімді бөбек жарылыс салдарынан опырылып ортасына түскен үйдің үйіндісінің астынан еш жері зақымданбай, дін-аман табылған.

Апыр-ай, «Естімеген елде көп» демекші, мұндай да болады екен-ау. Қалада қараусыз қалған сәбилердің терезеден, биік қабатты үйлердің са­мал­дығынан жазатайым құлап кетіп, бірақ ауыр дене жарақаты болмауынан тез арада айығып, аяғынан тік тұрып кеткендерін жыр ғып тамсанып жазатын әріптестеріміздің өзі мына жағдайға тап болғанда, әлдебір құдіреті күшті тылсымның арқасында аман қалған сәбидің денсаулығына, тосын жайттың жай-жапсарын біл­мек­ке алаңдағаны шындық. Сөйтсе, қазіргі болжам бойынша үйдің құлауы газ-ауа қоспасының жарылысынан орын алған көрінеді. Бөпе бөленген бесіктің үстінен төбенің едәуір бөлігі опырылып түсіпті. Абырой болғанда, сәбидің кө­рер жа­ры­ғы бар екен. Құдайдың құ­ді­ретімен бесіктің жақтауларының мы­ғымдығы құлаған қаңқаға қалқан болып, нәрестеге түк те етпеген. Жа­­­за­тайым жарылыстан көңілге медет етер жұбанышымыз тек осы ғана. Қирандының астында баланың туған анасы жантәсілім еткен. Құдай тағала жарық дүние сыйлаған сәбидің мұнан кейінгі тағдырына алаңдаған сәтте, енді анасының омырауын емірене иіскей алмайтынын ойлап, көңілді шимай ойлар шырмауықша матағанда, жүрегің қарс айрылып, жаның ауырады, әрине. Қайғылы оқиғаның салдарынан тағы төрт бірдей кісі зардап шексе, шырт ұйқыда жатқан нәрестені үйін­діден осы маңда тұратын  Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің қызметкері Руслан Бахрамов есімді азамат шығарып алғаны мәлім болды. Дүйім жұрт құлағдар болып үлгерген хабарды мұнан әрі қай­талап, жараның аузын қайта қа­сы­ғаннан не пайда? Ондай ойдан ау­лақпыз. Біз бұл жерде сәбиді өлім­нен құтқарып қалған қазағымның қа­сиетті бесігі туралы айтуды мақсат тұт­тық. Өзінің төл құндылықтарынан қа­радай жеріген, бесік жырынан қол үзген кейбір отандастарымыздың бетін ұлтымыздың баға жетпес байлықтарына қайтарсақ деген ниетпен сөз етіп отырмыз. Әдетте, мұндайда сәбиді періштесі қорғап қалыпты деспей ме ел. Ал енді осыдан кейін ата-бабаларымыздың кейінгі үрім-бұтағына аманаттаған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қалайша сүймей тұра аласыз. Қазақта ежелден бесік қасиетті, құтты мүлік болып саналғанмен, кейінгі уақытта қалалық от­ба­сылардың баланы бесікке бөлеуді ес­кіліктің сарқыты деп есептеуі белең алып барады. Тіпті, дәрігерлердің айтуынша, сәбидің денсаулығына, қалыпты өсуіне бұл едәуір зиянын тигізетін қауіпті мүлік-мыс. Білгенге – маржан, білмеске – арзан-ау. Ұлы даланың бүкіл тәрбие-тамыры осы бесік жырының қайнарында бүлкілдеп соғып тұрғанын сол жазғандардың қаперлеріне де іл­мей­тіні қандай аянышты. Сырттан тө­нетін түрлі қауіп-қатерге төтеп беруде қазақтың бесігінің қаншалықты қай­ратты әрі қуатты екенін осы бір ғана мысалдан кейін тағы немен тү­сіндіру керек?! Бесік жырымен балбырап өскен балғын шаққа не жетеді, шіркін! Толғауы тоқсан тіршілікте бесік туралы аңыз-әпсаналар, әңгімелер көл-көсір. Бірақ бүгінгі өмірдің мы­на мысалы бұрынғы қазақы қа­ғи­далардан ат қазығымызды мүлде аулаққа ала қашатын жөніміздің жоқ­тығын еске салып тұрғандай. Құ­дайдың құдіретінде шек жоқ-ау, дей­сің кейде. Осыншама қирандының астынан бір нәзік сәуленің жарқ етіп, үкілі үміттің үзілмей қалғанына тәубе айтуыңа тура келеді. Жұрт бесіктің беріктігіне, мығымдығына қайран қалысуда. Мән берсек, шынымен солай-ақ. Ал бірақ алақанға алынбайтын, көзге шалынбайтын тылсымның құдірет-күші бұдан әлдеқайда терең қабатта бүктеулі, сақтаулы. Қазақ халқы бесікті жайдан-жай құрмет тұтпаған, өйткені, бесік баланың тазалығына, денесінің дұрыс дамып, жетілуіне, жайлы жатып, жабықпай тұруына өте пайдалы. Бұлар ежелден бәрімізге мәлім қырлары, ал беймәлім жақтары, түбіндегі асыл маржандары мұнан да көп-ау деген сыр түйдік ажалдың өзіне дес бермес құдіретті қасиетін сезінген сәттен бастап.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»