Ақтөбе қаласында жергілікті басқарушы компаниялардың қатысуымен өткен қардан жасалған мүсіндер байқауы қорытындыланып, ең үздіктері анықталды. Қалалық әкімдік ұйымдастырған байқауға қаладағы 28 басқарушы компания қатысты. Байқауды өткізудегі мақсат тұрғын үй аулаларында қардан мүсін жасап, шаһарды шырайландырып, оқушылардың демалыс уақыттарын тиімді пайдалануға жағдай жасап, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау болып табылады.
Шарада сөз алған қала әкімі Ілияс Испанов мұндай байқаулардың әлі де жалғасатынын тілге тиек ете келіп, жаз айларында аулалардың ішін абаттандыру жұмыстары жүргізілетінінен хабардар етті.
Байқау нәтижесі бойынша Есет батыр көшесіндегі №105 үйдің ауласында жасалған сырғанақ бірінші орынды иеленді. №14 басқару компаниясы жасаған сырғанақтың ерекшелігі тауық жылын бейнелеуімен құнды. Қызылды-жасылды түстерге боялған мүсіннің биіктігі – 4 метр, ал сырғанақтың ұзындығы 20 метрге жуық болып қалады.
Екінші орын №11, ал үшінші орын №4 басқару компанияларының еншісіне бұйырды. Жеңімпаз және жүлдегер басқарушы компанияларға арнайы сертификат табысталды.
Қазір Ақтөбе қаласында тұрғын үйлер аулаларын қысқы кезеңге сай көріктендіру және спорт алаңдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің қысқы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 60-қа жуық мұз айдыны ашылып, игілікке қызмет етуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ