немесе суреттегі алтау туралы сөз
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың, «Малшылардың маршалы» атанған Жаз-атамыздың айналасында әрдайым жарқын жүзді, жайдары мінезді адамдар аз болмайтын.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бас кезінде түсірілген мына суреттегі Жазекеңді ортаға алып отырған азаматтар туралы айтсам деймін.
Жазекеңмен иықтаса сол жақта отырған Мойынқұм ауданын ширек ғасырдан аса басқарған, осы өңірдің өркендеп өсуіне өлшеусіз өрнек салған, керемет еңбегімен ел құрметін иеленген, майдангер Айтбай Назарбеков.
Ал енді сол жақ шеттегі Совет Ғалиақпаров кезінде жаңа ауданның қаз тұрып, қадам басуына үлесін қосқан, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болған.
Оң жақтағы Ермек Сауранбаев. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінде Ермек ағамыз да шалғайда жатқан Мойынқұмның мойын босатпайтын шалымды шаруасының ілгерілеуі үшін іркілмей жұмыс істеген. Кейіннен Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде жауапты қызмет атқарды, Мерке аупарткомының бірінші хатшысы болды.
Жоғарыда тұрғандардың сол жақтағысы Қаратай Адамбаев. Бұл кісі де жаңа ауданның шаңырағын көтерісіп, уығын шаншысқан. «Мойынқұм» совхозында директор болған, ауданның ауыл шаруашылығы басқармасын байыпты басқарған. Айтқандай, Қаракең қазақтың белгілі әдебиет зерттеушісі Балтабай Адамбаевтың туған інісі.
Оң жақта тұрған суреттегілердің ең жасы, алыстағы ауданның абыройын арттырған ардақты азаматтың бірі – Шотай Тайбағаров. Ол сонау Кеңес өкіметі кезінде қойды жедел қырқудан алдына жан салмаған еді. Екі дүркін КСРО-ның чемпионы атанды, сол тұстағы Экономикалық Өзара Көмек Кеңесіне (СЭВ) мүше елдердің абсолютті чемпионы.
...Бүгінде бұл кісілер түгелдей бақилық болған. Иә, бәрі де кетеді, бәрі де өтеді... Бірақ, дана да дара халқымыз анық айтқандай, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Мына суретте бейнеленген асыл азаматтардың да артында елінің ерекше есінде, халқының жадында жатталып қалатындай жақсы ізі, жарқын ісі бар!
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
АЛМАТЫ