Хайрулла-Сұлтан Хисами – АҚШ-тың Нью-Йорк кино академиясының 3-курсында білім алып жүрген маңғыстаулық жас. Талантын іспен дәлелдеуге ұмтылған ол Голливудта түсірілген «Ақырғы күнә» атты қысқа метражды фильмінің тұсауын туған жеріне келіп кесті.
Бюджеті 3 мың долларды құрайтын кино батыстық стильде түсірілген, ал мағынасы жағынан қатыгездіктен аулақ болуға және жасалған күнәні кешіруге үндейді. Фильм сюжеті кейіпкерлер – қыдырумен күнә жасаған діндар мен оның ұлы арасында өрбиді. Күнә араласқан қиындықтан кешірім, мейірім және төзімділікпен күресу арқылы шығу жолы ұсынылады.
Калифорнияның даласында түсірілген кино үшін небәрі бір-ақ күн жұмсалған. «Ең басты қиындық – күннің қатты ыстық болуы еді», дейді Хайрулла-Сұлтан Хисами.
Әзірге жабық көрсетіліммен жұртшылық назарына ұсынылған фильмді 200-ге тарта ақтаулық тамашалап, оң пікірлерін білдірді. Жас таланттың шетелде алған білімін дамытып, тырнақалды туындысын жарыққа шығарып үлгергеніне қуанып, мұны өңір өнеріне жаңа да жас таланттың қосылуы деп бағалап жатты.
Кино соңынан Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Дамир Бешаковпен бірге шеберлік сыныбын өткізген Хайрулла-Сұлтан өз арманы туралы бөлісіп, арманға жету жолындағы табандылық туралы әңгімеледі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суреттер tumba.kz сайтынан алынды