• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2011

Болат жолдағы баянды істер

387 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздік алып, іргеміз беки баста­ған­нан бері күні бүгінге дейін көптеген игі жұмыстар халық игілігі үшін атқарылып келеді. Олардың қатарында бүгінде темір жол саласында жасалған шаруалардың орны тіптен бөлек. Қа­зақстан экономикасының күретамыры санала­тын осы салада кейінгі жылдары қыруар жұмыстар істелсе, алда әлі де еліміздің өркен­деуіне өз үлесін қосатын кезегін күткен жұмыстар да жетерлік. Ғасырдан астам тарихы бар  Қазақстан темір жолының ел экономикасына әкелген  пай­дасы өз алдына, жолаушылар тасымалы тұрғы­сында жасаған шаруалары да шашетектен. Бұл тұрғыда, әрине, еліміз  Көлік және коммуникация министрлігінің ұйымдастырушылық жұмыс­тарындағы еңбектерін де естен шығармаған жөн. Қазіргі таңда темір жол саласын дамыту мақсатында 600 шақырым темір жол мен 83 локомотив және 1192 вагон күрделі жөндеуден өткізілсе, 52 локомотив паркі жаңартылған. Сондай-ақ, жалпы құны 12,5 млрд. теңгені құрайтын 1360 жүк вагондары сатып алынған. Ал алдыңғы жылы пайдалануға берілген  Локомотив құрастыру зауытында былтыр  «Evolution» сериясымен 30 локомотив шығып, зауыт өндірісі жолға қойылды. 2010 жылы  Астанада  Тальго жолаушылар вагонын жасайтын зауыттың құ­рылысы басталса, бұл ағымдағы жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.  Және осы жыл соңына дейін, бұйыртса, 35 вагон жиынтығы жасалынады деп көзделінуде. Со­нымен бірге, өткен жылы электровоз зауыты құрылысы жөніндегі келісімге де қол жеткізілген. «Өзен-Түркіменстанмен шекара» темір жол желісінің құрылысын салу ниетінде де айтарлықтай жұмыстар атқары­луда. Өткен жылдың желтоқсан айының соңындағы деректерге сүйенсек, белгіленген басты 142 шақырым жол жасал­ған. Бұл аталған жұмыстың 97 пайызға орындалғанын көрсетіп отыр. Жыл соңына дейін басты жол құрылысының жұмысы аяқталады деп жоспарлануда. Осы ретте аталмыш құры­лысқа бір жарым мыңнан астам адам мен жеті жүздей арнайы техникалар жұмылдырылғанын да айта кеткен абзал. 2009 жылдың желтоқсанында ұзындығы 293 шақырымды құрайтын  «Жетіген- Қорғас»  темір жолының құрылысы басталса, мұнда 1,5 мыңнан астам техника мен 3 мыңға жуық жұмыс күші тартылған. Жаңа темір жол желісі бойынша пойыздарды жүргізу биылғы жылдың соңына белгіленген. Темір жол саласында биылға көзделген шаралар да көңіл қуантарлықтай. Жалпы құны 29 млрд. теңге болатын 624 шақырым темір жолды күрделі жөндеуден өткізу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу міндеті жос­парланған.  Сондай-ақ 6070 жылжымалы жүк вагондарын сатып алу белгіленсе,  1524 жүк вагондарына күрделі жөндеу жүргізу де назардан тыс қалмаған.  41млрд. теңгеге 76 локомотив сатып алу да биылғы жылдың күн тәртібінде тұр. Сайып келгенде, мұның барлығы да ха­лықтың қамы үшін жасалған және жасалуға тиіс жұмыстар екені белгілі. Болат жолдың бойын­дағы баянды істердің болашаққа қарышты қадам басуға талпынған ел экономикасының дамуына тың серпін берері айқын. Әбдірахман  ҚЫДЫРБЕК.