Павлодар қаласындағы Орталық стадион аукционға шығарылатын болды. Сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша болатын сауда бәсекесі 18 қаңтар күні өтеді.
Ертіс жағасындағы қаланың басты спорт аренасы саудаға салушылар үшін кепілдік жарна 17 921 070 теңгені құрайды. Осындай мазмұндағы хабарландыру Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мемлекеттік мүлік тізілімі сайтында пайда болды.
Аталмыш жарнамада тендерлік шарттар толық көрсетілген. Онда бейінге сәйкес қызметті жүзеге асыру, мүгедектерге тегін қызмет көрсету, штат санын сақтау және спорттық кешеннің шығынсыз дамуын қамтамасыз ету секілді тармақтар бар.
Еске сала кетейік, бұл кезге дейін Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болып үлгерген «Ертіс» футбол клубының алаңы іспеттес бұл Орталық стадион 1947 жылы қатарға қосылған. Ол соңғы жылдары команданың еурокубоктарға қатысуына орай бірнеше рет күрделі жөндеуден өткізілген.
Бұған қоса, қалада «Жұлдыз» стадионы, «Шымыр» және «Толқын» дене тәрбиесі-сауықтыру кешендерінің де сатылымға қойылғанын айта кеткеніміз ләзім.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»