• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2017

«Сәбит Мұқановқа тақпақ айтып бердім»

944 рет
көрсетілді

– дейді Ресейде тұратын 90 жастағы Жібек Тұрласова Нағайбақ ауданы Челябі облысындағы өндірісті Магнитогор қаласынан 50 шақырымдай бүйректе жатыр. Қазақтар шоғырланып отырған Арсланбай ауылы Нағайбақ ауданының орталығы Фершампенуаз селосынан қозыкөш қана жерде орналасқан. Одан бес шақырым жерде Нағайбақ селосы бар. Осы Нағайбақ ауылында немере інісі Абай Жапаровтың қолында тұратын Жібек Тұрласова әжеміз өткен қарашада 90 жасқа толды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, бір көзінің ауырып, көрмей қалғаны болмаса, әлі өңі тая қоймаған, сөзі де мірдің оғындай. Көненің көзіндей шежіре қария әңгіме айтқанда, өткен уақыт суреттерінің бәрін тізілдіріп көз алдыңа әкелгендей болады. Әңгімеміз бірден жарасты. – Бұл өмірден көргенім де көп, білгенім де мол еді. Кәрі­лік кімді тұсауламады дей­сің, қарағым. Тоқсаның да аяй­ын деп тұрған жоқ, бірақ бала кезімдегі көріністер жадымнан тым өше қоймаған секілді. – Онда алыс жылдардың естелігін ести отырайық, әже. – Қазақстаннан келсеңдер Сәбит Мұқановты білетін шы­ғар­сыңдар. Атағы жер жарды ғой. Сол кісінің алдында отырып, тақпақ айтқаным бар еді бала жасымда. – Әже айтыңыз, мұнан артық қандай әңгіме керек! – 30-шы жылдары мен ойын баласы едім, өткен ғасырда. Әкем жастай өлді, жетім өстім. Жоқшылықтан он жасқа дейін мектеп көрмедім. Дәл қай жылы екенін ұмыттым, бірақ сол 30-шы жылдардың ортасы екені анық. Менің 9-10 жасар кезім болатын. Бірде ауылға «жазушы Сәбит Мұқанов келді» дегенді естісімен, ауыл­дың тайлы-таяғы қалмай дау­рығып, оны көргенше асықтық. «Қызыл қазақ» ауылында ылғи қазақтар тұратын. Сауыққой ауыл еді. Мен бала жасымнан естігенімді қағып алатын зерек болып өстім. Ауылда алаңсыз өлең айтылады. Соның барлығын жаттап алатынмын. Еститінім тек Сталин туралы өлеңдер болушы еді. «Сталин – көсеміміз, Сталин деп өсеміз біз» деп ауыз жаппай айтып жүреміз. Аты жер жарып тұр­ған Сәбит Мұқанов Ысқақ Божақов деген кісінің үйіне түс­ті. Ол кезде қазақтарда қа­зір­гідей кең сарайдай үй қай­да, тұқыл жер баспаналар ғой. Ысқақтың сондай үйінде Аға­жай деген әйелі дастарқан ә­зірлеп жүрді. Анам мені ертіп барғанда дөңгелек жүзді, қараторы, ажарлы, қырықтың о жақ, бұ жағындағы кісі төрде отыр екен. Баламын ғой, ауыл ақсақалдары маған «ағаңа өлең айтып бер» деп итермеледі. Сәбит Мұқанов мені шақырып алып, оң тізесіне отырғызды. Сонда: «Келемін жоғарыдан маң-маң басып, қолымда шие баулы күміс қасық. Сәбеттің өкіметі құрылған соң, жарыққа жаңа шықтық көзді ашып» деп бас­тап тақпақ айтқаным есім­де. Алдымдағы ересек балалардан үйренген тақпағым болса керек. Өлеңнің кімдікі екенін, қалған шумақтарын ұмы­тыппын. Сәбит менің арқа­мнан қағып, «бәрекелді!», деп мақтау сөздерін айтты. Содан ауыл­дың адамдары қау­қыл­­да­сып, қо­нақпен дастарқан ба­сын­да бол­ды. Біз балалар ой­- ы­нға шы­ғып кеттік. – Сәбит Мұқановтың ауыл­да қанша уақыт болғанын білесіз бе? – Ол кісі Қызыл қазақ ауылында бір-екі күн аялдады бі­лем. Өйткені, Сәбитті жа­ғал­байлылар бірден жібер­меді. Оны ауылда Ысқақ кө­ке­мізден кейін «Қызыл қа­зақ» колхозының төра­ғасы Сәтен Боранбаев, бухгалтері Жұ­матай Ноқаев, менің әкем­нің інісі Хасен Жапаров деген ауылдың ірі-басты к­і­сі­лері үйіне шақырып, қона­ға­­сы берді. Баламыз ғой, біз­­­ді үлкендердің қасына кім­ жіберуші еді? Әйтпесе, Сә­би­т­­пен қаншама әңгіме ай­ты­лғаны хақ қой. Кейін, хат та­ныған соң Сәбит Мұ­қановтың шығармаларын қ­ы­зыға оқыдым. – Жібек әже, бір сөзіңізде Кү­ләшті де айтып қалдыңыз ғой? – Иә, сол 30-шы жылдардың ішінде Магнитогор металл комбинатына Күләш Байсейітова да келіп, концерт берді.Тура қай жылы келгені есімде жоқ, бірақ сол 30-шы жылдардың ішінде, бәлкім, аяғына қарай шы­ғар. Соғыстан бұрын. Жетім қыз сонау Магнитогорға, Кү­ләш­тің концертіне қайдан бар­­сын. Ол кезде қазіргідей зыр­ғыған автобус, машина қайда? Ауылдан шамасы жете­тін­дердің барлығы шұбап атпен, арбамен барып келді. Содан кейін татар (нағайбақ) тіліндегі жергілікті «Сталин йолы билән» газетіне Күләштің суреті, оның концерті туралы мақала басылды. Мен содан оқыдым. Шашын маңдайдан қақ жарып тастаған, дөңгелек жүзді, сұлу әйел екен. Күләш Магнитогорға келіп-кеткеннен кейін «Қызыл қазақтың» бар қызы «Гәккуді» айтып, ауыз жимайтын болды. «Қобыз бен домбыраның арасында, балқыған қорғасындай қайран Гәкку» деп шырқайтынымыз есімде қалыпты. Тілші шегінісі: «Сталин йолы билән» газеті демекші, Нағайбақ ауданын жайлап отырған тілі татар тіліне өте жақын, діні бөлек нағайбақ халқын Кеңес Одағы кезінде «татар» деп жазатын. Кеңес Одағы тарағаннан кейін олар­дың өз алдына халық, ұлт бо­лып тіркелуіне көп еңбек с­іңір­ген осы «Қызыл қазақ» ауылы­ның түлегі Қайырбек Сейілов есім­ді қандасымыз екенін де айта кетудің артық­тығы болмас. Жалпы, Жайық бойын жай­­лаған қазақтардың тарих-тағ­дыры арнайы мақаланың жүгі дер едік. Жібек әженің әңгі­ме­­сінен Жайық бойындағы қазақ­тар­дың өмірі қай уақытта да мал­дың жайылымы, жер үшін күреспен өткен. – Жібек әже, әңгіме бары­сын­да жетім өскеніңізді қай­та­ладыңыз. Балалық ша­ғы­­ңыз ауыр кезеңдерге тап кел­ді ғой? – «Қыз Жібек» қи­сса­сын­дағы Жібектің: «Әуелде түскен жерім Жағалбайлы, жылқысын көп­тігінен баға алмайды» дей­т­іні бар ғой, сол рас. Ата­ла­­ры­мыз­дың бай болғанын қай­т­е- й­ін, рахатын өздері көрді, сол мал­дың бар қорлығын балалары – біздер тарттық. Одан он беске енді шыққанымда соғыс басталып кетті де, көр­ме­генім жоқ. Несін айтайын, кө­рікті едім. «Ақ Жайықта та­ғы бір Жібек өсіп келеді» дей­ді екен ауылдың үлкендері мен туралы. Уақыт жібегін жүн қып жіберді, қарағым. Қазақ­тың қай әйелінің де шері өлең­мен шыққан ғой. Мен де: «Дүниенің қызығына кімдер тойған? Түріндей текеметтің ою ойған. Қыз Жібек арманына жете алмаған, Атымды әкем неге Жібек қойған?..», деп жылап алатын едім. Соғыс кезінде аштан өліп бара жатқан соң, күнім үшін ауылдағы біреуге тұрмысқа шықтым. Ол мені адам емес, мал қатарында ұстады. Осы жердің ағашы қалың болушы еді, қасқыры жаудай. Өзі үйде жатып, мені отынға, шөпке жалғыз жібереді.Құдай аяған шығар, ол бір жарым жылдан соң кенеттен өлді де, одан кейін Молдабай деген жігітке өзім қалап шықтым. Көзім ашылды, жақсы тұрдық. Қуандық атты ұл, Қарапа атты қыз тап­тым. Бірақ тағдыр маған Молдабайды да көп көрді, одан 33 жасымда жесір қал­дым, ауырып қайтты. Нашар­лап жатып марқұм: «Жібек, сені жанымнан артық көріп ұна­тып едім, енді кім құшақтар еке­н?» деді. Ол бұл дүниеден баз кешіп жатқанын, бетінің о дүниеге қарағанын айтып қа­мықты, балаларды да­йындады. Сосын мен өмір бойы оған деген адалдығымды сақ­тай­тынымды айттым. Сол с­ө­зімді ұстадым да. Әйтпесе, ма­­ған қызыққандар көп болды. Еш­кім­ге мойын бұрмадым, екі балам­ды өсіріп, аяқтандырдым. Бірақ тағдырдың жүгі мойнымнан ақыры түспеді. Ұлым қайтыс болды, қызым қазір инсульт алып, оны жалғыз қызы қарап отыр. Мені немере інім қолына алды. Әттең, дүние-ай, деймін. – Сонда тоқсан жаста өмір­ден не түйдіңіз? – «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деген ғой халқымыз. Әйел соны ұстануы керек екен. Мен жарыма адалдық таныта­мын деп, өмір бойы өзімді бұ­ғау­ладым. Сонда не таптым? Баладан қалдым, өмірімді қиын­даттым. Ер болсын, әйел бол­сын Алланың берген сыйын бұл өмірде толық жара­туы керек екен, өмірдің жал­ға­сатынына пейіл салмаппын. Әр адамның тағдыры, қа­телігі кейінгіге сабақ болсын, қарағым. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,  «Егемен Қазақстан»  ҚОСТАНАЙ – НАҒАЙБАҚ – ҚОСТАНАЙ