• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2017

Алаңсызда болған ауыр апат абай болуға шақырады

293 рет
көрсетілді

8 қаңтар күні таң алдында Шым­кент қаласының орта­лы­ғын­дағы үйлердің бірін­де қайғы­лы жағдай орын алды. Көгіл­дір отын мен ауа қосын­дысы­нан барак іспеттес салынған қос қа­батты үй жарылып, осында тұрып жатқан екі отбасы үйінді астында қалды. Оқиға орнына бардық. Негізгі тұрғын үйге жапсарлас салынған екі қабатты пәтер қам кірпіштен көтерілген. Біздің анықтағанымыз, ерлі-зайыпты зейнеткерлер бұл баспананы екі отбасына жалға берген. Пәтер жалдап тұрып жатқан әскери қызметкер Дәурен Жұмалиев Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының тумасы екен. Жарылыс салдарынан оның зайыбы Сәбина Орынбаева қайтыс болған. Бір жастан енді асқан қызы Аружанға дәрігерлер миы аздап шайқалған деген диагноз қойып отыр. Аружанды аса ауыр жарақаттан (ажалдан деуге ауыз бармайды) бесік құтқарып қалған. Ал оның әжесі Әлия Орынбаева жедел жәрдем ауруханасында жасанды аппаратпен дем алып жатыр. Дәрігерлер оның езілген көк бауырын операция жасап алып тастаған. Жалдамалы пәтер­дің екінші иесі 21 жастағы Қарлы­ғаш Аханованың денесін күйік шалып, ауруханаға түскен. Мамандар жары­лыстың орын алу себебін плита мен ирандық каминге көгілдір отын дұрыс қосылмағанның салдары деп отыр. Пәтер иесі Аманбек Сәуірбаевтың айтуын­ша, жылу қазандығы өз үйінде бол­ған. Ал жапсарлас салынған үйге 3 метр­­лік шлангамен екі камфоркалы газ бен каминге көгілдір отын тартылған. Шлан­­га дұрыс бекітілмегендіктен, көгіл­дір отын ауа қосындысымен жи­нақ­­тала ке­ле, жа­рылған. Бұл алғаш­қы анық­таулар ғана. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев оқиға орнына арнайы келіп, зардап шеккендерге көмек көрсетуді тиісті орындарға тапсырды. Оқиға болған күні-ақ әкімдік тарапынан құрылған комиссия жұмыс жасап жатыр. Қазіргі кезде зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп, оқыс оқиғадан зардап тартқан отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай көмек беріліп, уақытша тұру баспанасы сынды қосымша әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, қайтыс болған отбасына тиісті материалдық көмек пен тиісті құрылымдардың ұйымдастыруымен қажетті демеушілік көмектер берілуде. Оқиға орнында болған облыс әкімі алдағы уақытта азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңға енгізілген өзгерістерге орай жүргізілетін тіркеу жұмыстары кезінде жеке баспанасы жоқ азаматтар санын анықтап, сол арқылы апатты үйлерді түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Апатты оқиға кезінде авариялық-құтқару жұмыстарына Оңтүстік Қазақ­стан облыстық төтенше жағдай­лар департаментінен 23 адам және 3 техника, жедел-құтқару жасағының 44 қызметкері мен 6 техникасы (оның ішінде 3 қызметтік итімен 3 кино­логиялық есеп, 1 медициналық-пси­хологиялық қызмет), өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 17 маманы, 4 техника, медициналық апаттар орталығының 3 қызметкері мен құрамында 16 адам және 4 техникасы бар жедел медициналық қызмет өкілдері тартылды. Сонымен қатар, осы күні ОҚО Ішкі істер департаментінің 30 қызметкері оқиға орнында қоршау жұмыстарын қамтамасыз етіп, энергетика және газ шаруашылығы қызметінің 4 қызметкері электр қуатын және газды ажырату жұмыстарын жүргізді. Біз оқиға орнына келген «ҚазТрансАймақ» АҚ бас инженері Сәкен Ис­майловтан осы оқыс оқиғаға түсінік беруін өтінген едік. – Комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүріп жатқандықтан, әзірге баға беру қиын, – деді ол. – Заң бойынша, үй ішіне орнатылған газ қондырғысы тұрғын үй иесінің жауапкершілігінде болады. Біздің штатта пәтерлердің техникалық қауіпсіздік шараларын тексеретін инспекция жоқ. Үй иелері жылыту маусымы алдында тиісті мекемелермен келісімшартқа отырады. Олар – көгілдір отынға қатысы жоқ көлденең көк аттылар емес, мамандандырылған, арнаулы орындардан аттестаттаудан өткен, құзыретті органдардың есебінде тұрған мекемелер. Апат орын алған үйдің техникалық құжаттарын алып, зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Олар құжатымыз түгел дегенімен, әлі ешқандай қағазын өткізбеді. Әкімдік үш жақты комиссия құрды. Олар барлық үйлерге тексеру жұмыстарын жүргізеді. Көгілдір отын дұрыс қосылмаған үйлер ажыратылады. Мұның тағы да осындай қайғылы оқиғалар орын алмауы үшін істеліп жатқан амал екенін түсінерсіздер. Апаттың салдары осындай болды. Екі бірдей отбасының басына ауыртпашылық түсті. Жас сәбиі бар ана дүниеден өтті. Оның орнын толтыру, әрине, қиын. «Қайғыны бөліссе азаяды» дейді дана халқымыз. Біз оқиға орнынан әкімдік қызметкерлерінен бөлек, қиындықта қалған екі отбасына қайырымдылық көмегін ұсынып жатқан азаматтарды көп көрдік. Ал апаттың қандай жағдайда орын ал­ған­дығын осы мақсатта құрылған арнайы комиссия нақты анықтайтын болады.  Оңтүстік Қазақстан облысы Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ