• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2017

WhatsApp кәсіп табуға көмектеседі

428 рет
көрсетілді

«Қарағанды қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі WhatsApp мобильдік қосымшасы арқылы жұмыс қарастыру бойынша жаңа әлеуметтік жобаны іске қосқанына бес айдан асты. Аса көп уақыт өте қоймаса да, бұл жоба тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерді. Бүгінге дейін осы бастама шеңберінде арнайы қосылған желіге жұмысқа тұру мәселесімен қаланың 2400-ден астам тұрғыны хабарласып, соның 400-ге жуығы жаңа жұмыспен қамтылған екен. Соның ішінде отыз шақты адам жастар тәжірибесінен өтуге, қырық шақты адам әлеуметтік жұмыс орындарына және 15 адам қоғамдық жұмыстарға жолдама алған. Қол қусырып үйде отырғаннан бұл әлдеқайда тиімді де пайдалы емес пе. WhatsApp  желісі бойынша жұмыс іздегендердің бірі Ольга Анисимоваға жұмыспен қамту орталығы Қарағандының №39 мектеп-балабақша кешеніне барып, әңгімелесу сынынан өтуге кеңес берген екен.  Оның жолы болып, бүгінде сол мектепте ақпараттану пәнінің мұғалімі қызметін атқаруда. Жаңа маман немесе бос жұмыс орнына қызметкер іздеген мекемелер де мобильдік қызметке жиірек хабарласатын болған. Солардың бірі Қарағандыдағы №3 перзентхананың басшылығы да Жұмыспен қамту орталығына WhatsApp желісі арқылы хабарласып, өздері өте қажет етіп отырған акушер мамандарды оңай тапқан. Бос жұмыс орындары үлкен қалаларда баршылық. Тек жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші бірін-бірі таппай жатады. Айталық, Қарағандының 132 мекемесінде осы күндері 998 бос жұмыс орны бар екен. WhatsApp қосымшасы арқылы әлеуметтік немесе кәсіптік бағдар бойынша ақыл сұрап хабарласатындар да жетерлік. Олардың бәріне сауалына қарай мейлінше пайдалы кеңестер беріледі. Жұмыс тапқан соң жоғалып кетпей, алғысын жаудыра қайта хабарласатын жандар жаңа жобаның қаншалықты пайда әкеліп отырғанынан хабар берсе керек. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»  ҚАРАҒАНДЫ