Кәмпитімен танылған кәсіпорындар
Қазір қонақ күткенде ғана емес, жай күндері де кішкентайларымыз кәмпит-печеньеден құралақан қалмайды. Сонау тоқырау жылдарында да тұраламаған «тәтті» нарығымыз бүгінде қанатын қашыққа сермеген. Кондитерлік өнімдердің экспорты алыс-жақын елдердің біразын қамтиды. Бұл жайында сәл кейінірек, алдымен еліміздегі тәттімен табысын еселеп жүрген компаниялардың бірнешеуін тізе кетсек. Айталық, «Қазалы кәмпиті». Бірнеше жыл бұрын ғана Нұрбек Қазбергенов есімді жас кәсіпкер патенттеп, кірпіш зауытынан өндірілетін ащы кәмпитті көпшілікке қайта ұсынған. Бұл өндіріске мемлекет тарапынан қолдау жасалып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 18 миллион теңге көлемінде несие бөлініпті. ЖШС бүгінде Қытайдан, Ресейден жеткізілген соны технологиялармен жабдықталып, өнімдерімен ел өңірлерін қамтуға асығуда. «Қарағанды конфеттері» АҚ та – тағам өнімдері өндірісінде алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Фабрика бір жылда кондитерлік өнімдердің 247 түрінен 12 мың тонна өнім шығарады. Өткен жылы ғана 60 жылдығын тойлаған кәсіпорын 1996 жылдан бастап-ақ жаңа нысандармен толыққан. «Қарағанды конфеттері» «Лиса Алиса», «Артемон», «Буратино» кәмпиттерін, вафли, торттардың оннан астам түрін және басқа да тәттілерді өндiредi. Кондитерлік өнімдер шығаратын компаниялардың көш басындағыларының бірі – «Баян Сұлу» да көпшілікке мәлім. Бүгінде мұнда тәттінің 200-ден астам түрі шығарылады. Есігін ашқанына отыз жылдан асқан фабрика тұтынушыларын ең тәтті және сапалы өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Шегелей айтарымыз, елімізде ірге қалап, тәттінің түр-түрін өндіретін фабрикалардың тізімін одан әрі де жалғай беруге болады.«Рахаттың» тәттілері – Универсиада төрінде
«Рахаттың» тәттілерінен дәм татпағанымыз кемде-кем шығар. Жетпіс жылдық тарихы бар кәсіпорын 3500-ге тарта адамды жұмыспен қамтыған. Алматы мен Шымкент қалаларында орналасқан «Рахат» АҚ өнімдері Қазақстан нарығында ғана емес, шеткері аймақтарға – Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Германия, Қытай, Ауғанстан аумағына да тарайды. ТМД-дан өзге де елдер тарапынан «Рахат» өнімдеріне деген сұраныстың артуына орай, компания өндіріс көлемін ұлғайтуды және экспорт көлемін кеңейтуді жоспарлауда. Атап өтерлік жайт, «Рахат» АҚ – сусамыр (диабет) ауруынан зардап шегетін адамдарға арнап арнайы өнім шығаруды игерген Қазақстандағы бірден-бір кәсіпорын. «Тәтті» компанияның тағы бір өзгешелігі – сан қилы және айрықша шоколад өнімдерін шығаруға басымдық танытуы. Жақында ғана ірі кондитерлік өнімдерді шығарушы АҚ пен биыл өтетін Дүниежүзілік 28-қысқы Универсиаданы ұйымдастыру мен өткізу дирекциясы ынтымақтастық туралы келісімге келді. Соның негізінде кәсіпорын Универсиаданы 8,5 тонна шоколад, вафли және печеньемен қамтамасыз етпек. «Шетелдік спортшылар байрақты бәсеке аяқталған соң, отандарына осы компанияның өнімдері – шоколадтар мен кәмпиттерді өздерімен бірге ала кетеді деп ойлаймыз», дейді дирекция директорының орынбасары Камила Лұқпанова.«Қазақ лизингтің» қоржыны немесе Сәкеннің саудасы
Қазақстанның кондитерлік өнімдері өткен жылдан бері Қытайдың Шэньси провинциясында сатыла бастады. 35 миллионға жуық тұрғыны бар аймаққа отандық өнімді «Қазақ лизинг» компаниясы апарған. Бүгінде көрші елдегі коммунистік партия «Қытай халқына құнарлы тағам» деген ұранмен қоспасыз азық-түлікке мән беруде. Құрғақ порт саналатын Сиань қаласына жеткізілген қазақстандық тәтті өнімдер интернет-дүкендер арқылы да саудаланып жатыр. Ал біздің өнімді сатып алған қытайлық компанияның Шэньси провинциясында мыңға тарта сауда нүктесі бар. Жергілікті сатушылар қоспасыз өнімге сұраныс жоғары болатынына сенімді. Жақында әлеуметтік желіден осы секілді жағымды жаңалықты көзіміз шалған. Сәкен Сүлейменов деген қандасымыз Қазақстан тауарларын ту алыстағы АҚШ-та саудалап жүр екен. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тумасы осыдан тоғыз жыл бұрын жаңа құрлыққа кеткен. Ол алғашқы төрт жылында жүк көлігімен тауар тасымалдағанын айтады. Содан кейін Бруклин дүкендерін балмұздақпен қамтамасыз етіп, жеміс-көкөніс сатқан. «Кейінгі бес жылда үш-төрт түрлі бизнесте өзімді сынап көрдім. Соңғы идеям мен үшін тіпті сәтті болды. Қазақстанда жасалған тауарларды Бруклиндегі дүкендерге жеткізумен айналысамын. Әсіресе, «Рахат» пен «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикаларының өнімдері үлкен сұранысқа ие. АҚШ елшілігі мұрындық болған «BeshintheUSA» флешмобы қазақтың қазысына деген сұранысты бірнеше есе арттырып жіберді», депті Сәкен.Кондитерлік өнімдеріміз Орталық Азияны қамтуға қауқарлы
Бейресми деректерге сүйенсек, әрбір қазақстандық жыл сайын кондитерлік өнімге шамамен 10 мың теңге жұмсайды екен. Ал нанның адам басына шаққандағы жылдық шығыны – 5 мың теңге. Мамандар мұндай салыстырым нәтижесінде «тәтті» импортты алмастыру өте маңызды екенін айтады. Тіпті, Қазақстан Орталық Азия елдерін кондитерлік өнімдермен қамтамасыз етуге қауқарлы көрінеді. Расында, еліміздің кондитерлік өнімді экспорттауда мүмкіндігі зор деуге негіз бар. Өйткені, Орталық Азиядағы Өзбекстан мен Тәжікстанда, бұдан бөлек, Ауғанстанда тәтті нарқының тегеуріні төмен. Сонымен қатар, біздің өнімдерді Ресей аумағында пұлдаудың да мүмкіндігі баршылық. Тәтті нарықтағы басты бәсекелестеріміздің бірі Украина болатын. Ал өткен жылы түрлі себептермен ол жақтан келетін тауарлардың көлемі 40 пайызға дейін қысқарып, екі ел арасындағы тауар айналымы 30 пайызға кеміді. Бұл ахуал да жоғарыдағы пікірімізді қуаттай түсетіні сөзсіз. Демек, Қазақстанның «тәтті нарығы» табысын еселей бермек. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»