• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2017

Биылғы жылдың маңызды он оқиғасы

941 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2017 жылы Орталық Азия елдерінің саяси және экономикалық дамуы, тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін мән-маңызы жоғары 10 негізгі оқиғаға шолу жасады. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алмасу алаңында аталған институт директоры Ерлан Қарин биыл Орталық Азия елдері үшін аса маңызды саналатын оқиғалар туралы айтып берді. Бірінші маңызды оқиға – әлемдік тауар нарықтарының бірте-бірте қалыпқа келуі, Ор­та­лық Азия елдерінің экономикаларында конъюнктураның жақсаруы. Институт директоры 2017 жылы əлемдік тауар нары­ғы­ның қалыпқа келуі күтіле­тінін жеткізді. Мұнай баға­сы­ның өсуі мен оның жыл бойы 50-65 доллар аралығында тұрақ­талуы нəтижесінде 2017 жылы мұнайдың орташа жыл­дық бағасы былтырғы көр­сет­кіш­тен шамамен 20-25%-ға артады. Бұл Қазақстан шикізат эконо­микасының 2-2,5% мөлшерінде елеулі өсімін көр­сетеді. Екінші маңызды оқиға Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия жəне Иран сияқты мемлекеттердің ішкі саяси үдерістеріне байланысты. Спикердің айтуынша, 2017 жыл Орталық Азия елдері үшін жергілікті трендтерден бөлек, сыртқы ойыншылардың ішкі саяси үдерістері де айтарлықтай маңызды болады. «Биыл Ресейде президенттік сайлауға дайындық жүреді. Сонымен қатар, күзде Қытайда ең бас­ты саяси оқиға – Коммунистік партияның ХІХ съезі өтеді. Онда ҚКП ОК-нің, ҚКП ОК Саяси бюросының жəне ҚКП ОК Саяси бюросы Тұрақты ко­ми­тетінің құрамы едəуір жаңа­рады деп күтіледі. АҚШ-та жаңа əкімшіліктің келуімен негізгі мемлекеттік құрылымдарда жаңа топтар қалыптасады. Аппарат алаңы­ның қайта құрылуынан елдің жаһандық стратегиясы əрі қарай қалай əзірленетіні шешіледі. Бір жағынан, Ау­ғанстандағы тұрақсыздық, Ресейдің белсенділігі мен Қы­тайдың қарқынды өсуі жағ­дайында АҚШ Орталық Азия аймағында өз мүддесін сақтап қалса, екінші жағынан, жо­ғарыда көрсетілген мемле­кет­тердің Орталық Азия ел­деріне қатысты іс-əрекеттері көп жағ­дайда «Трамп факторына» байланысты болады. Түркиядағы конституциялық реформаға қатысты референдум мен елдің президенттік басқару жүйесіне көшуі, сондай-ақ, осы жылдың мамыр айында өтетін Ирандағы президенттік сайлау да аса маңызды оқиғалар болып табылады. Жалпы алғанда, аймақтағы жəне аймақтан тыс негізгі ойыншылардың ішкі сая­си үдерістердің жаңа кезеңіне өтуі Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылдарының одан арғы траекториясына жанама да, тікелей де əсерін тигізеді», – дейді Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры. Келесі маңызды оқиға Ор­талық Азия халқының демо­гра­фиялық жағдайына байланысты болып отыр. Спикер 2017 жылы Орталық Азияның демографиялық дамуында бетбұрыс болатынын атап өтті. «Аймақтың халқы 1991 жылы 51 млн болса, соңғы 25 жыл ішінде халықтың саны 34,4%-ға ұлғайып, 2016 жылдың басында 68,6 млн адамды құрады. Ал соңғы 5 жылда өсімнің орташа қарқыны 1,2%-дан 1,7%-ға дейін жеткен. Осындай оң үрдістің сақталуы 2017 жылы Орталық Азиядағы халық санының 70 миллионға жетуіне немесе одан да асып жығылуына мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Е.Қарин. Аймақтағы тағы бір маңызды оқиғалардың бірі Өзбекстанның жаңа басшылығымен байланыс­тырылып отыр. Институт директоры атап өткендей, 2017 жыл Өзбек­стан­ның жаңа басшылығы үшін алғашқы əрі маңызды жыл болмақ. Осы жылдың «Халық­пен диалог жəне адам мүддесі жы­лы» деп жариялануы, мемле­кеттік басқару жəне сот жүйесін жаңғыртуға, сондай-ақ, елдің əлеуметтік-экономикалық саласын ырықтандыруға қа­тысты жарияланған негізгі реформалар ұлттық маңызға ие болып қана қоймай, бүкіл аймақтың дамуына тың серпін бермек. Түрікменстан мен Қыр­ғызстандағы президенттік сайлаулар да аймақтағы маңызды оқиғалар қатарына кірді. Спикер биыл Түрікменстан мен Қырғызстанда президенттік сайлаулар өтетініне назар аудар­ды. Орталық Азия елдері үшін аса маңызды алтыншы оқиға – Таяу Шығыстағы шиеленістер контексінде аймақта террорлық қауіп-қатерлердің сақталуы. Институт директоры Сирия мен Иракта қақтығыстардың жалғасуына байланысты терроризм қауіп-қатері әрі қарай да қауіпсіздік саласындағы ха­лық­аралық күн тəртібін қалып­тастыратынын атап өтті. «Соның шеңберінде Орта­лық Азияның кейбір елдерін­де радикализмнің ішкі алғышарт­тары мен терроризм қаупі сақ­талып қалады. Таяу Шығыстағы ахуалдың өзгеруі жағдайында ор­талықазиялық содырлардың қайта келу қаупі де бар», – дей­ді ол. Жетінші маңызды оқиға – Ауғанстандағы тұрақсыздықтың сақталуы. Стратегиялық зерттеулер институтының шолуына сәйкес, 2017 жылы Ауғанстандағы ішкі саяси жағдай өте күрделі болып қала береді. Негізгі сын-қатерлер көп жағдайда елдің солтүстігі, шығысы мен оңтүстігіндегі шекаралас аймақтардағы «Тали­бан» қозғалысының əскери белсенділігіне, сондай-ақ, ДАИШ пен əл-Каиданың белгілі бір жақтастарының болуына байланысты туындауы мүмкін. Келесі маңызды оқиға Ор­талық Азия халқының Ин­тер­неттегі белсенділігіне байланысты. Соңғы жылдары Орталық Азияда Интернет пен əлеуметтік желілерді қолданатын халық үлесінің артуы байқалады. 2010 жылдан бері оның көлемі 2 есеге ұлғайды – 14,5 млн адамнан 29,9 млн-ға дейін. Шолуға сәйкес, биыл Орталық Азияда Интернет қолданушылар саны кемінде 30 млн адамға немесе аймақ халқының 45%-ына жетеді. Тоғызыншы маңызды оқиға – Орталық Азия аймағында қытайлық инвестиция өсімінің жалғасуы. Болжам бойынша, 2017 жылы Қытайдың аймақтағы экономикалық үрдіске араласуы нығая түседі. Оған Қытайдың Орталық Азия елдері үшін бас­ты сауда серіктесі ретіндегі позициясының сақталуы мен ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы қозғаушы күш болуы мүмкін. Стратегиялық зерттеулер инс­титуты жүргізген шолуға сәй­кес, аймақтағы оныншы маңыз­ды оқиға – әлемдік ау­қымы бар аса маңызды іс-шара­ларды өткізуді жоспарлап отыр­ған Қазақстанның биыл әлем назарында болуы. Биыл Қазақстан аймақтық жəне халықаралық үдерістерге бел­сенді қатысады. 2017 жыл­­дан бастап еліміз БҰҰ Қауіп­­­сіздік Кеңесінің тұ­рақты емес мүшелері құра­мына ен­ді, сонымен бірге, Қа­зақ­стан Уни­версиада-2017, ЭКС­ПО-2017, ШЫҰ саммиті жəне АӨСШК бастамасының 25 жыл­­­дығы сияқ­ты маңызды халық­­­ара­лық оқиғалардың алаңы­­на айна­лады. Осы орайда, стра­тегия­лық зерттеулер инс­ти­туты­ның шолуына сәйкес, биыл Қа­зақ­станның әлем назарында болуы аймақтағы аса маңызды оныншы оқиға саналып отыр. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»