өзінің шарықтау шегіне келіп жетті
Асқақ Алатаудың баурайындағы әсем қала аясында жалау желбіреткелі тұрған XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың сөреден шығар шағына 19 күн қалды.
Бүкіләлемдік студенттік ойындар мұнда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында ойналады. Аламанның бағдарламасында мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасында), керлинг, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру, фристайл секілді 12 спорт түрі бар. Жарыстарға әлемнің 55 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Олар 86 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Сонымен қатар, Универсиадаға 3 мың ерікті, оның ішінде көптеген шетелдік еріктілер қызмет көрсетеді. Жарыс күндері қалаға 30 мыңнан астам отандық және шетелдік туристер келетін болады.
Универсиаданы өткізуге 127 халықаралық төреші мен 600-ге жуық ұлттық техникалық мамандар қатыстырылады. Оларды төрешілер алқасы әрбір спорт түрінің ұлттық және халықаралық федерациялары бекітеді.
Жарыстар 8 спорт нысанында өтеді. Олардың арасында «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» мұз айдыны, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, 12 мың орындық «Алматы Арена» және 3 мың орындық «Халық Арена» спорт кешендері бар. Осы күндерде көп профильді «Алматы Арена» кешеніне 850 мыңнан астам адам келуге тиіс. Бұдан басқа, Атлеттер ауылы қатарға қосылды. Ол қысқы Универсиада тарихындағы бірінші осындай нысан болып отыр. Құрылыстардың 60 пайыздан аса бөлігін қазақстандық компаниялар жүргізді. Осы кезеңде 1550 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыспен қамтамасыз етіліп, олар 30 мыңнан астам жұмыс орындарын тауып берді.
Универсиаданың операциялық бюджеті 32 миллиард теңгеден 17,9 миллиардқа дейін қысқартылып, шығын екі есеге жуық азайтылды. Ойындарды операциялық дайындауға 5 мың қызметкерді қамтыған 200-ден астам компания қатысты. Олардың 80 пайызын алматылықтар құрады.
Универсиада күндерінде мұнда 181 жарыс пен соған сәйкес 21 мәдени шара өткізіледі. Жарыстар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құқық қорғау органдарының 7 мың қызметкері атсалысады. Студенттер арасындағы спорт ойындарына 30 мыңға жуық отандық және шетелдік турист келеді деп күтілуде. Сайыстарды әлемнің 80 еліндегі 1 млрд адам теледидар арқылы тамашалайды.