• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2017

Сексеуіл сиреп барады

1862 рет
көрсетілді

Қайбір жылы Талас ауданы, Үшарал ауылының жолдарын құм көшкіні басып қалғанда жергілікті жұрт облыс басшыларынан көмек сұрап, әрең дегенде ашып алған болатын. Сонда мамандар құм көшкінінің бұлайша ауылға басып кіруінің бір себебін осы маңда сексеуілдің тым сиреп, даланың жалаңаш қалуымен түсіндірген еді. Шынында шөл далаға «шөп» болып, шырайын келтіріп, кей жерлерде биіктігі 10 метрге дейін жететін сексеуілді жаппай отау – құрғақшылық пен құм көшкініне, табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуына алып келеді. Бүгінде Жамбыл облысында сексеуіл орманының қоры 1126,4 мың гектарды құрайды екен. – Десек те сексеуіл орманын тек отын ретінде ғана көріп, мүмкіндігінше отап алғысы келетіндердің жолы біржолата кесілмей тұр, – дейді Жамбыл облысы прокурорының аға көмекшісі Дастан Асқар. – Әлі де кең алқапты қорғау, бақылау мәселесі толық шешілмеген. Жаз күндері тілсіз жау да аяқ астынан өршіп, қаншама алқапты өрт құшағына орады. Осы тұста жыл сайын сексеуілді пайдалану көлемінің артып келе жатқаны да қатты алаңдатады. Мысалға, 2014 жылы 12 мың текше метр сексеуілді кесуге рұқсат берілсе, 2015 жылы бұл көлем 16 мыңға, өткен жылы 22 мыңға өсті. Бұл өте қауіпті жағдай. Облыстық прокуратураның мәліметіне қарағанда, соңғы үш жылда сексеуілді заңсыз кесу, тасымалдау бойынша 270-тен астам оқиға тір­кел­ген. Бұл шамамен 500 текше метрден ас­там сексеуіл заңсыз кесілді деген сөз. 56 факті бойынша қылмыстық іс қоз­ғалды. Әрине, сексеуілді егу, көбейту бағы­тында да көптеген жұмыстар атқары­луда. Соңғы бес жылда 30 мың гек­тардан астам жерге сексеуіл егілген. Бірақ, табиғатқа бас-көз болатын қорықшылардың аздығы, бұл бағыт­тағы жұмыстардың тиімді жолға қойыл­мауы сексеуілдің сиреуін жеделдете түсуде. «Сондықтан бұл мәселеге тың көз­қараспен қарап, жұмысты жандандыру қажет», дейді прокуратура қызметкерлері. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы