• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2017

Қазақстан уран өндіруді 10%-ға қысқартады

326 рет
көрсетілді

Бүгін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев уран нарығын қалпына келтірудің ұзаққа созылуына байланысты Қазақстанда 2017 жылға жоспарланған уран өндірісі шамамен 10%-ға қысқаратынын мәлімдеді. Ұлттық компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қысқару 2017 жылдың жоспарлы өндірісіндегі 2 000 тоннадан астам уранды (5 миллион фунттан астам U3O8) қамтиды. Тұтастай алғанда, ол жалпы әлемдік уран өндірудің 3%-на тең (UxC Consulting 2015 жылғы дерегіне негізделген). Қазақстанда уран өндіруді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес және тәуелді кәсіпорындары шетелдік серіктестермен бірлесе жүргізеді. Әрбір кеніш пен бірлескен кәсіпорын үшін өндірістің нақты көлемі басқарушы органдардың тиісті шешімдерімен анықталып, бекітілген. Түрлі өндіруші кәсіпорындардағы қысқаратын өнім көлемі бір-бірінен айырмашылық етеді, алайда компаниялар тобы бойынша жиынтық көрсеткіш 10%-дан аспайды. Мұндай шешімдер уран нарығының қазіргі кездегі молығуына негізделіп қабылданды. Сондай-ақ, өндіріс деңгейіне жасалған түзетулер әр кәсіпорын өзі реттеп отыратын жер қойнауынан пайдалану келісімінің ережелеріне де толық сәйкес келеді. «Талай жылдардан бері жалғасып келе жатқандай, ядролық энергетиканың болашағына  сенім арта түскенімен, жақын арада уран нарығы тек молыға түсетіні шындық," - дейді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және оның бірлескен кәсіпорындардағы серіктестеріне нарықтағы осындай проблемалар жағдайында жауапты шешім қабылдауына тура келді. Қазақстандық стратегиялық ресурстардың қазіргідей нарық молыққан жағдайда арзан пайдаланылғанша, жер қойнауында тағы біраз уақыт жата тұрғаны акционерлеріміз бен стейкхолдеріміз үшін де жақсырақ. Уран болашақта нарықта қолайлы жағдай туындағанда өткізілетін болады», - деп атап көрсетті. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ осынау қысқартуларды есептегеннің өзінде уран өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы болып, бүкіл әлемде ядролық энегетиканың өсуін қолдауды жалғастыра береді. Аталмыш стратегиялық шешім компанияның клиентері алдындағы келісімшарттарын орындауына ешқандай әсер етпейді.