Қаламгердің «Музыкальная душа» жинағы Женевада француз және орыс тілдерінде жарық көрді
Әрбір адам өзі өмір сүрген қоғамның бір бөлшегі іспеттес. Сондықтан да оның әрбір ісінен, қалыбынан сол уақыттың, сол кезеңнің лебі есіп тұрады. Алайда, шынайы суреткер қолтаңбасынан осы бір таптауырындықты таппайсыз. Ол жазған шығармаларды оқи отырып, ана тіліңіздің шалқар мұхит екенін танисыз, жазушы қалам тартқан ғажайып әлемнің, ол суреттеген дүниенің өлмейтін, өшпейтін ескерткіш екенін бағдарлап, суреткер шеберлігіне тәнті боласыз. Себебі, жазылған көркем дүние қай қоғамда, қай жүйеде, қай кезеңде де өміршең. Өйткені, ол халқыңның боямасыз болмысы. Жазушы Тәкен Әлімқұлов осындай тұрғыдағы суреткер.
Жақында ғана сонау Швейцарияның Женева қаласындағы «Slatkine» баспасынан классик жазушының орыс тілінде «Музыкальная душа», ана тілімізде «Ел мен Жер» атауымен белгілі романы мен бір топ әңгімелерінен құралған «L′ÂME MUSICALE» жинағы жарық көріпті. Бұл жөнінде біздің тілшімізге Женевадағы «PRIVAXIS SERVICES SA» қаржылық компаниясының қызметкері, жазушының қызы Алма Әлімқұлова-Паскуалато мен Тәкен ағаның жары Есімкүл Болысбайқызы әңгімелеп берді.
– Ең алдымен Тәкен ағаның шығармаларының француз тілді оқырмандарға жол табуымен құттықтап қояйын. Айтыңыздаршы, осы жақсы істің бастауында кім тұрды, қалай жүзеге асты? Алма, сіз бастайтын шығарсыз.
– Кітап шығаруға дайындық бір жарым жылдың ішінде жүргізілді. Мен жұмыс жасайтын «PRIVAXIS SERVICES SA» қаржылық компаниясы жыл сайын бір іс-шараға демеушілік көрсетіп отырады. Мысалы, өткен жылы спорттық іс-шараға қолдау жасады. Компанияда жұмыс жасап жүргеніме биыл үшінші жылға кетті. Екі жыл бұрын басшымыз Оливье Местелан мені шақырып, әкемнің кітабын француз тілінде шығарсақ қайтеді деп ұсыныс жасады. Ол кісімен жұмысқа қабылданған кездегі әңгімелесу рәсімінде танысқан болатынмын. Сонда қайдан келгенімді, қай елдің азаматы екенімді, шыққан тегімді сұрағанда айтқанымды көкейіне түйіп қалса керек. Мен, әрине, қуанып кеттім. Маған француз тіліне аударатын тәржімашы табу тапсырылды. Және кітапты бірден орыс және француз тілінде шығарамыз деген сөздері одан сайын қанат бітіріп, Софи Жиндпен әкемнің кітабының әдеби аудармасын жасауға келісімге келдік.
Алдымен романның орысша нұсқасын алып кеткен Софиге жиі-жиі жолығып, оған қажетті кеңес беріп тұрдым. Тағы бір қиындық, жинақты қазақшадан тікелей французшаға аудару мүмкіндігі жоқ. Орыс тіліндегі 1984 жылы шыққан «Музыкальная душа» жинағынан тәржімалануы тиіс. Сонда тілдің сөлінен, шығарманың болмысынан ауытқымау дегеннің өзі үлкен күш қой. Бір күні Софи: «Алма, мен мына шығарманы дұрыстап аударуым үшін маған қазақтардың жанын жете ұғыну шарт. Мен үшін қазақ халқы мүлде беймәлім әлем. Маған сіздің елге міндетті түрде барып қайту керек», деді. Мысалы, романның алғашқы бетінде көкпар туралы айтылады, ал француз қызына оның ұлттық спорттық ойын түрі екендігін қанша айтсам да жеткіліксіз болды. Содан Алматыдағы анама хабарластым.
Осы жерде әңгімеге Есімкүл Болысбайқызы араласқан.
– Алмадан аудармашы елге келгісі келеді деген хабарды естіген соң менен маза кетті. Шымкентпен, Созақпен, Алматыдағы жора-жолдастарыммен хабарласып, Софиге көрсетер халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін, ғұрпын таныстырар үлкен бағдарлама жасадық. Ол Алматыға 2009 жылдың желтоқсан айының ортасында келді. Содан мұражайларға, Медеу мұз айдынына, Шымбұлаққа, театрларға алып барып, достарым үйлеріне қонаққа шақырып, қазақтың дастарқанын көрсетті. Одан Шымкентке, Шолаққорғанға, Баба Атаға барып, Тәкен жүрген жерлерге саяхат жасаттық. Кіндік қаны тамған жерде болып, өзінің атына берілген мектеп-интернатқа барып, оқушылармен, ұстаздармен кездесулер өтті. Ұлттық ас ішіліп, ұлттық әуендер, Тәкен шығармаларына арқау болған шертпе күйлер тыңдалды.
Қазір елдің де тұрмысы жақсы ғой. Барлығы дұрыстап қарсы алды. Елде қалай, бір үлкен бөлме қонақтарға арналып қазақша жабдықталса, бір бөлме еуропалық үлгіде ғой. Софиге жерде отырып шай ішу де таңсық дүние болды. Жерге төселген құрақ көрпелердің өзі оны әсерге бөледі. Қысқасы, Софи қазақтың ұлттық киімдерін, зергерлік бұйымдарын, өнерін, қонақжайлығын көріп еліне аттанды. Үйдегі Тәкеннің бай кітапханасына таң қалды.
Осы арада әңгімені Алма жалғап әкетті.
– Қазақстаннан келіп түсісімен алғашқы кезде Софидің бар айтатыны тек «супер» деген жалғыз ғана сөз болды. Ал өзіне-өзі келгеннен кейін Софидің ауызы жабылсайшы. Біздерге, әрине, оның айтқан әрбір сөзі ерекше бір ризашылық туғызғаны анық. Оны тек мақтаныш сезімі деп айту жеткіліксіз, бәлкім өз еліңе деген махаббат десе дұрыс болар. Содан іске кіріскен Софи Жинд әкемнің шығармасын француз тіліне аударып шықты. Жалпы, мен жұмыс жасайтын компаниядағы қызметкерлердің барлығы орыс-француз тілдерінде сөйлейді. Олардың ішіндегі француз филологиясын бітірген бір әріптесімнің де көп көмегі болды. Енді жинақ сәуір айында Женевада «Slatkine» баспасының кітап дүкендеріне сатылымға түседі.
– «Тәкенге жай өлшем жүрмес; Тәкенмен танысуға талап керек; Тәкенмен табысуға талант керек; Тәкенді білмесең, өзіңді ұлтыңның ұлы мен қызымын деп санауға хақың жоқ. Бәрібір, бола алмайсың, осыны мықтап түймекке керек», деген болатын Төлеген Тоқбергенов», – деп жазған еді біздің газетімізде жазушы Мархабат Байғұт. Шынында да, Әлімқұлов шығармалары кірпияз, бар қанымен, тінімен қазақы бола тұра, оны оқып тану үшін көкіректе көз болуы қажет деп ойлаймын. Бұл жөнінде Есімкүл Болысбайқызы, сіз не айтар едіңіз?
– Өте дұрыс айтасыз. Менің ойымша, Тәкен шығармаларының уақыты әлі толық туа қойған жоқ. Ол заман ағымына қарап шығарма жазған адам емес. Мен өзім «Жедел жәрдемде» 12 жыл дәрігер болдым. Сол жылдардың ішінде шақыруға барғанда санаулы үйден ғана Тәкеннің кітаптарын көрдім. Үйге келген соң Тәкенге айтсам, сонда ол: «Е, тегінде бар мықты қазақ болмаса менің кітаптарымды оқи бермейді ғой», дейтін. Сол заманда Тәкен кітаптарын тек шын мәнінде зиялы, әдебиетті түсініп, тұшынып қабылдайтын сирек оқырмандар ғана оқитын. Енді Женевада шығып жатқан кітаптың бағасы 60 еуро тұрады екен. Тағы да қалың көпшілік емес, жағдайы келетін, соған қаражатын шығаратын адамдар ғана оқи алады. Мен, әрине, көріпкел емеспін, бірақ алда шұрайлы қазақ тілінің заманы бар, сонда Тәкен шығармалары өз бағасын алатынына сенемін.
Ал Алманы әкесі керемет жақсы көретін. Біз дұрыс тәрбие бердік қой деп ойлаймын. Бөтен елде жүріп, сол жерде жар тауып, өзін сыйлатып, елін сыйлатып жүр. Тәубе деймін, енді, міне, әкесінің шығармасын шет жұртқа алып шықты.
– Алма, Женевада қайдан жүрсіз?
– Мен Қазақстан азаматымын. Швейцарияға еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Женевадағы миссиясының қызметкері ретінде бардым. Сонда қатарынан бірнеше жыл жұмыс істеген соң, енді елге қайтамын ба деп жүргенімде, Женевада тұратын Италия азаматы тұрмысқа шығуымды өтінді. Солайша шетелде тұрып қалдым.
Жылда наурыз айында Швейцарияның астанасы Берн қаласында отандастар жиналып, елшілікте Наурызды қарсы аламыз. Әрқашан елге құлағымызды түріп жүреміз.
Есімкүл Болысбайқызы:
– Тәкен екеуміз де Қазақстаннан тыс жерде танысып, Мәскеуде отау құрдық қой. Ол кезде Тәкеңнің жасы 50-де. Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқып жүрген, ал мен жап-жас қыз едім. 1987 жылы Тәкен дүние салғанда ұлымыз Рауан жиырмадан жаңа асқан жігіт, ал Алма 19-ға жетпеп еді. Мен 38-ге қарағанымда жесір қалдым. Өмірімді оның рухына тағзым етіп, атының қалуына, балаларына білім беріп, дұрыс азаматтар болуына арнадым. Елдегі Тәкен атындағы мектеп-интернатпен арадағы байланысты үзбеймін. Мамандығым бойынша жұмысымды жасап, өзімнен кейінгі дәрігерлерді тәрбиелеуге атсалыстым.
– Жеткізген жақсы хабарларыңызға, айтқан әсерлі әңгімелеріңізге көп рахмет! Алдағы Наурыз бәрімізге береке әкелсін! Алма, Женеваға аман-есен жетіңіз!
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.