Бүгінгі күні Астанада 12 482 орынға арналған 164 қонақ үй бар. ЭКСПО-2017 өткізілетін кезеңде 2 829 орынға есептелген тағы 23 қонақ үй кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қалада 664 орынға арналған 25 хостел жұмыс істейді. 2017 жылдың мамыр айына дейін қонақ үйлер мен хостелдерде 15 975 орын дайындау көзделген, деп хабарлады abctv.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімдігі қонақтарды орналастырудың қосымша орындары ретінде жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханалары, жалға берілетін пәтерлерді қарастырып отыр. Бүгінгі күні 1 710 орындық 10 колледж жатақханасы әзірленді, олар республика өңірлерінен келетін 40 000 оқушыны орналастыруға мүмкіндік береді. 2017 жылдың мамырына қарай жатақханаларда 9 000 орын дайындау жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, қала бойынша 18 мың пәтер жалға беріледі, соның 3 мыңы тәулік бойынша тапсырылады, бұл 10 000 адамға 3-4 төсек орынды қарастырады.
Мұнымен қоса, ЭКСПО өткізілетін кезеңдегі оқиғалық шаралардың күнтізбесі жасалды. Ал туристерге ыңғайлы болуы және тілдік кедергіні азайту үшін «Friendly Taxi» жобасы іске қосылды. Бұл жүйе Астана қаласының шетелдік қонақтары мен таксопарк жүргізушілерінің арасында коммуникациялар орталығы болып табылады. Жоба іске қосылғалы жүйеге қалалық таксопарктердің 300 автокөлігі қосылды.