• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2011

Қайтарымсыз көмек көрсетіледі

959 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 10 жыл толуы қарсаңында осы ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс министр­лерінің мәжілісі өтті. ҚР Қорғаныс министрі Әділ­бек Жақсыбековтің төрағалық етуімен өткен мәжілісте Қытай Халық Республикасының Ұлттық қорғаныс министрі Лян Гуанле, Қырғыз Республикасының Қорға­ныс министрі Әбиболла Құдай­бердиев, Ресей Федер­ациясы Қор­ғаныс министрінің орынбасары Анатолий Антонов, Тәжікстан Рес­­публикасының Қорғаныс министрі Шерали Хайруллоев пен Өзбекстан Республикасы Қорға­ныс министрінің халықара­лық бай­­ла­ныс жөніндегі орынбасары Рустам Ниязов қатысты. Мәжілісте ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттер қорғаныс ведомстволары ынтымақтастығының даму барысы, халықаралық және өңірлік қауіпсіз­дікке байланысты мәселелер қарал­ды. Сонымен бірге онда өңірді тұ­рақ­сыздандыруға бағытталған кез кел­ген іс-қимылға қарсы тұра ала­тын сенімді механизмді құрудың ма­­ңызды әрі ол көп жоспарлы мі­н­дет­тердің бірі болып саналатынына, бұл бағыттағы негізі сүйеніш жауын­герлік дайындықтың деңгейін көтеру мен әскери білімді жетілдіру екендігіне баса мән берілді. Осы мәселеге байланысты ҚР Қорғаныс министрі Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің әртүрлі салаларда қауіпсізді­гі­нің қамтамасыз етілуіне, тұрақ­ты­лығы мен өзара іс-қимылына назар аударатынын атап өтті. Ал жиынға қатысқан басқа елдер министрлері болса, ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тер­дің ынтымақтастығы зор әлеуетке ие, ол өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті тиімді түрде іске асы­ру­ға, сонымен бірге қорғаныс сала­сын реформалауда өзара іс-қимыл танытуға, әскери кадрларды әзір­ле­у­ге ерекше ықпал ететінін айт­ты. Мә­жілісте тағы да әскери са­ла­дағы сенім шарасы мен тұрақ­ты­лықты кү­шейту, өңірдегі қауіп­сіз­дік пен бей­бітшілікті нығайту, лаңкестікке қар­сы күресті жетілдіру мәселесі кө­те­рілді. Жиын соңында ШЫҰ-ға мү­ше мемлекеттер қорғаныс ми­нистр­лері­нің 2012-2013 жылдарға ар­нал­ған ынтымақтастық жоспары бекітілді. Ал кеше және арғы күні Қор­ға­ныс министрі Ә.Жақсыбеков ҚХР Ұлттық қорғаныс министрі Лян Гуанлемен және қырғыз­стан­дық әріп­те­сі Әбиболла Құ­дай­бер­диевпен өткізген кездесуінде ШЫҰ аясын­да­ғы екі жақты ын­ты­мақтас­тық мә­селелерін талқыла­ды. Қытай министрімен кездесуде қор­ғаныс ведомство­сының бас­шы­сы еліміз­дің ШЫҰ аясында ҚХР-мен ын­ты­мақтас­тық­қа ба­рын­ша маңыз беретінін, соның шең­берінде тұрақ­ты түрде лаңкес­тік­ке қарсы бірлескен әскери жат­ты­ғу­лардың, халық­ара­лық және өңір­лік саясаттың өзекті мәселелері бо­йын­ша ақпарат алмасу мен кеңесу­лер­дің өткізіліп жат­қа­нын тілге тиек етті. Ал Қытай Қорғаныс министрі былтыр Мәті­бұ­лақ полигон­ын­да өт­кен «Бейбіт миссия – 2010» жатты­ғу­ларын жо­ғары бағалайты­нын, осы жатты­ғу­лар ШЫҰ қару­лы күштері­нің бірігіп кез келген қауіпке той­тарыс бере алатынын көрсеткенін айтты. Сонымен бірге ол Қытайдың ШЫҰ аясында бар­лық мемлекеттермен терезесі тең саясат жүр­гі­зе­тін өзара сыйлас­тық пен ынты­мақ­тас­тықты ны­ғай­тудағы ұстанымын білдірді. Ал Қырғызстан Қорғаныс министрімен өткен кездесуде тараптар «Қа­зақ­стан Республикасы Үк­іметі мен Қырғыз Республикасы Үкі­ме­ті ара­сын­дағы қайтарымсыз әс­ке­ри көмек көрсету туралы келісімге» қол қой­ды. Осы жерде ҰҚШҰ мү­ше мемлекеттерге әскери мамандар даярлау жөніндегі келісім аяс­ында осыған дейін 70-ке тарта қырғыз әскери қызметшілерінің қай­тарым­сыз негізде Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Қор­ға­ныс ми­нистр­лігінің жоо-ла­рын­да білім алғанын, ал қазір көрші елдің 110 әскери қыз­мет­шісінің елі­міздің әскери оқу орын­дарында білім алып жатқанын атап өткен жөн. Дастан КЕНЖАЛИН.