Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) «Ливерпуль» мен Дортмундтың «Боруссия» командаларының жанкүйерлерін үздік деп таныды.
Нәтижесінде қос команданың жанкүйерлері 45,92 пайыз дауыс жинады. Бұл сыйлыққа сондай-ақ, Исландия құрамасының (31,37) және голландиялық «Ден Хааг» (22,71) қолдаушылары үміткер болған.
«Ливерпуль» мен «Боруссияның» жанкүйерлері «Хиллсбро» стадионындағы трагедияға 27 жыл өтуіне байланысты ағылшын клубының You'll Never Walk Alone әнұранын бірігіп шырқаған. Осыған байланысты аталмыш жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 1989 жылдың 15 сәуірінде «Ноттингем Форест» пен «Ливерпуль» арасында өткен матчта орын алған. Ұйымдастырушылық жұмыстарының салғырттығынан жанкүйерлер отыратын орында қысым болып, салдарынан 96 адам қаза тапты. Сондай-ақ, 766 көрермен түрлі деңгейде жарақат алды.