Еліміздің елдігін, халқымыздың бірлігін, ұлттар мен ұлыстардың татулығын, бейбіт өмірдің баяндылығын айқындайтын, іс жүзінде олардың жүзеге асуына жол ашатын сындарлы заңдарымыздың ізгілікті саясаты екендігі даусыз. Осы міндеттерді іске асыру үшін мемлекеттік тұрғыдан барлық қолайлы жағдай жасалынып келе жатқаны да әмбеге аян. Экономикамыздың жандануы, кәсіпкерліктің қанат жаюы, осының нәтижесінде халықтың әл-ауқатының артуы, алдымен, тәртіпке, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген бірлігімізге тікелей байланысты.
Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында заң үстемдігіне айрықша мән бергендігі белгілі. Өйткені, «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспар болып табылады. Соның ішінде, ол елімізге «2050» Стратегиясын жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады деген сенімді де орнықтыра түседі. Ал бұл орайда, заң үстемдігін нығайту барысында тек соттардың төрелік етуі ғана жақсарып қоймағаны рас. Соның нәтижесінде құқық қорғау органдарының қызмет сапасы да арта түсті. Енді бұл мерейлі жетістіктеріміздің одан әрі жалғасын таба беруі үшін заң үстемдігі нақты өмірде түпкілікті орнығуы қажет. Осы бағытта заңдарымыздың мәні мен мазмұны, сапасы, негізгі мақсаты уақыт талабымен үндесіп, қажеттілікке сай жауапкершілігі де арта бергені жөн. Бұлардың қатарында көптеген заңдарымызды атауға болады. Мәселен, олардың қатарына Еңбек, Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодекстері мен зейнетақы, сақтандыру туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және жергілікті полиция қызметінің жұмыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заңдарды және басқаларды жатқызуға болады. Еңбек кодексінде тың жаңалықтар баршылық. Жоғарыда айтып өткеніміздей, заңдардың үстемдік алуы қашанда сол уақыт еншісі мен талап мүддесіне сай келуі керек. Соған орай бұл Еңбек кодексінде оң өзгерістермен қатар, жаңа талаптар да бой көтерді. Мәселен, онда енді «өндіріс және орындалатын жұмыс пен көрсетілетін қызмет көлемі азайып, ұйымның экономикалық жағдайының нашарлауына» әсер еткен жағдайда келісімшарт жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзілуі мүмкіндігі қаралды. Өйткені, Еңбек кодексінде мұндай негіздердің пайда болуы «экономикадағы қалыптасқан жағдаймен» байланыстырыла қаралып отыр. Ал еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде мемлекеттiк қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм бiлдiру болып табылатындығы және мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-әдептiлiк бейнесiне жоғары талаптар қойылатындығы айтылады. Қоғам мемле- кеттiк қызметшi өзiнiң барлық күш-жiгерiн, бiлiмi мен тәжiрибесiн өзi жүзеге асыратын кәсiби қызметiне жұмсайды, өзiнiң Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрi адал қызмет етедi деп сенедi. Мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын қолдауға және оны дәйектi түрде жүзеге асыруға тиiс. Кодекс халықтың мемлекеттiк органдарға сенiмiн нығайтуға, мемлекеттiк қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетiн қалыптастыруға және мемлекеттiк қызметшiлердiң әдепке жатпайтын мiнез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттiк қызметшiлер Қазақстан халқының бiрлiгi мен елдегi ұлтаралық келiсiмдi нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттiк және басқа тiлдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлерiне құрметпен қарауға; адал, әдiл, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептiлiк нормаларын сақтауға, азаматтармен және әрiптестерiмен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептiлiк танытуға; өздерi қабылдайтын шешiмдердiң заңдылығы мен әдiлдiгiн қамтамасыз етуге; шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi таратпауға; iскерлiк әдептi және ресми мiнез-құлық қағидаларын сақтауға тиiс. Сол сияқты енді «Сақтандыру қызметі туралы» Заң бойынша жол апатынан көлікке келген зиянды сақтандыру компаниялары бағаласа, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң бойынша мемлекеттік мекемеде жақын туыстардың бiрге қызмет iстеуiне жол берілмейді. Міне, мұның бәрі қазіргі уақытта ел алдына қойылған міндеттерді талапқа сай жүзеге асыру үшін аса қажетті ұстанымдар болып табылады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»