33 жастағы Венера Великанова бірінші сыныпта оқитын ұлымен қас қараймай тұрып күре жолға жетіп алуды ойлайды. Алайда, Нагорное елді мекенінен трассаға дейінгі арақашықтық алыс болмағанымен, долы жел ышқына соғып, айналаны ақтүтек боранға айналдырып жібереді. Негізгі бағдардан адасқан аналы-балалы екеу беті ауған жаққа жүре береді. Әлдері құрып, қатты шаршайды. Қысылшаң шақта Венераның есіне қалтасында ұялы телефоны бары түседі. «112» нөмірі арқылы тиісті орындармен хабарласып, мүшкіл жағдайларын баяндайды. Бірақ қай төңіректе тұрғандарын айта алмайды.
Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Петр Мартынюк бастаған жеке құрам із кесу шараларына жұмыла кірісіп, оларға жергілікті билік органдарының өкілдері, тұрғындар да қосылады. Түнгі ондар шамасында еріктілердің бірі Вячеслав Кондратюк пен Дмитрий Бизиков баласын құшағына қысып, ес-түссіз жатқан Венера Великанованы кезіктіреді.
Суыққа әбден ұрынып, үсікке шалдығудың аз-ақ алдында қалған олар дереу аудандық ауруханаға жеткізіліп, жатқызылады.
– Ұлым жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды. Өлім мен өмір арасында жанталасқан бізді құтқаруға атсалысқан адамдарға алғысым шексіз. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің жолға шықпау жөніндегі ескертуіне құлақ аспаудың салдары неге ұрындырарын білетін болдық,–дейді В.Великанова көзіне жас алып.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Тайынша ауданы