Қарап отырсақ, аяқталған жылда телекоммуникация нарығындағы елеулі оқиғаның бірі – ұзақ жыл ұстаған нөміріңді ауыстырмай-ақ оператор алмастыру болды. Демек, нөмір қалады, ал «мобильдік құлдықтан» құтылуға болады. Ұялы байланыс саласына мұндай қызметтің енгізілуі нарықтағы бәсекені күшейтіп, барлық мобильдік операторларды абоненттеріне тиімді тарифтер ұсынуға мәжбүрледі.
Ал енді осының нақты нәтижесі қандай болды десек, 2016 жылы 200 мыңнан астам қазақстандық «мобильді құлдықтан» құтылған. Яғни, өткен жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін MobileNumberPortability (операторлардың арасында нөмірлерді көшіру) қызметі қолжетімді болғаннан кейін, 203 719 абонент осы қызметті пайдаланған.
«Көшірілген нөмірлердің орталық дерек қоры» МТҚ республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан алынған мәліметтер бойынша, 2016 жылы MNP өтулері бойынша абоненттердің таза келуі Tele2 операторында анық байқалады. Бұл байланысқа көшкен абоненттер саны – 37 015. Ал Аltel-ге келгені 2 551 абонент. Осы аралықта Beeline компаниясынан 5 997 абонент, Kcell операторынан Activ сауда белгісін қоса алғанда 62 227 адам кеткен. Сол сияқты шамамен 28 мың абонент өзінің бұрынғы операторына оралуды қош көріпті.
Өсу статистикасына сәйкес, нарықта бағалары аса төмен және 4G интернетімен жақсырақ қамтылған операторлар үлкен сұранысқа ие болғанын айта кетуге болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ