Киелі таудан келген ақын
Жаз ортасы. Егін орағы жүріп жатқан кез. Шақырайған шілденің күні от бүркіп тұр. Өрт қаупінен сақтанған комбайндар астық алқабына түнге қарай шығады. Ал күндіз комбайншылар үсті брезентпен жабылған темір бастырманың астында шалқасынан түсіп, қалғып-шұлғып, терлеп-тепшіп, ми қайнатар мынау аптаптың жеті атасынан түк қалдырмай сыбап, қақырынып-түкірініп жатады. Бірде қосқа орталық жақтан азық-түлік әкелген «көк қасқа» машинамен Өмір ақын келді. Басына торкөз шляпа киген, орта бойлы, қызыл шырайлы, арық, жіңішке, тарамыс кісі екен. Қолтығына қысқан құндақтаулы домбырасы бар. Түскі тамаққа жиналған механизаторлардың алдына шығып, басын иіп, бір-екі ауыз сөз айтты да, бригадирдің күркесінен бір орындық алдырып, құйрық басты. Қолына домбырасын алып, құлақ күйін келтірді. Сөйтті де, әу деп, бастап кеп жіберді. ...Сар далаға бір бұлбұл ұшып келген секілді. Көмейінен ән мен жыр сорғалап, сары алтындай жарқыраған астықты алқаптың үстінде қалықтап, құйқылжыта сайрайды. Оу, халқым, Егініңді орарсың, Малыңды да бағарсың. Ақының келді, құлақ сал, Марқайып бір қаларсың, – дейді домбырасын қағып-қағып жіберіп. Әуелде, бұл ақынды мұнда қандай жын қуып келді деп мысқылдап отырған жұрт енді өзін-өзі ұмытып, өзге бір дүниеге көшіп бара жатты. Күн астында қаңтарылған комбайндар, тер мен шуаш иісі мүңкіген қос, май сіңген күпәйкі, көңірсіген керзі етік ерекше бір еңбек құралына айналып, көз алдарында сүйкімі артып, қадірлі затқа айналды. Ең қызығы сол, отқа тотыққандай қарайып, ерні кезеріп, езуінен «примасын» тастамайтын тракторшы жігіттер өздерінің отан қамбасын нанға толтырып жатқан нағыз еңбек ерлері екенін сезінді. Жүздеріне қан жүгіріп, бір-біріне қарап жымиып, еңсесін көтеріп, айналаға ат үстінен қарағандай паңданып қалды. Сол күні ақын біздің ауылда қонақ болып, түннің бейуағына дейін жыр толады. Ақын түскен үйге барғандар да, бармағандар да құлақ құрышы қанғанша тегін концерт тыңдап, рахатқа батты. Сіз білмейсіз, білсеңіз де, ұмытып қалған боларсыз. Біздің ауылда бұрын шарбақ, қоршау деген нәрсе болмайтын. Есігінің алдында бау-бақшасы жоқ, бір жұтым суға зар болып отырған үйлердің әулісінен бір-екі түп қарағаш көрсеңіз, соған да тәубә дейтінсіз. Ақын түскен үйдің абыр-сабыр боп жатқаны ошақтағы оттың жалп-жалп етіп жанғанынан байқалады. Әу деген даусы түнгі ауада алысқа самғап кетеді. Көгенбай көкем айтқандай, «Так што, тапшанда жатып-ақ тыңдай беруге болады». Жалықпайсың. Ақын ел туралы, жер туралы, егін егіп, мал бағып жүрген ерлер туралы жырлады. Ұзағынан толғады. Шаршайды-ау деп ек, шаршамады. Қайта жырлаған сайын арқаланып, даусы ашыла түсті. Жыр дегеніңіз көктемгі бұлттардай түйдек-түйдегімен ағылды. Бір кезде біздің өзіміз шаршап, көзіміздің қалай ілініп кеткенін байқаймай да қалдық... Ертеңіне бүкіл ауыл ақынды ортаға алып, құрметтеп, қошеметтеп шығарып салды. Қаладағы автобазадан астық тасуға келген «көк қасқа ЗиЛ»-дердің бірінің кәбіңкесіне отырып, Киелі тау жаққа қарай тартып кете барды... Содан кейін ол біздің жаққа көктемде автоклубпен келді. Отар-отардағы қойшыларды аралап, Аңқи жайлауының ашық аспанын, Ақжар ауылының сақпандағы жастарын, бөрте қозының маңыраған үнін, Адырбай қойшының малсақтығын жырға қосты. Бұл жолы да ел ақынға алғысын айтып, иығына шапан жауып, қимай-қимай қоштасты. Содан кейін, біз сияқты қарапайым пенделер онша түсіне бермейтін бір қызық заманалар басталды. Диқан егінінен, қойшы малынан айырылып, кетпені мен таяғына сүйеніп қалды. Ел күйзелді. Жер тозды. Егін қурады. Комбайншылармен бірге комбайндар да бөлініп, жекеменшікке өтіп кетті. Өмір ақынның ендігі айтқан ынтымақ туралы, бірлік туралы жырлары біздің өлкеге тау жақтан ескен желмен бірге ілесіп жетіп жатты. ...Кейін ел ес жиып, сабыр тапқан шақта өздерінің баяғыдай бай-кедей болып тағы да екіге бөлініп шыға келгендерін көрді. Сөйтті де, ежелгі әдеті бойынша «Кедей бай, бай құдай болуға» таласып, мәңгілік бітпес бәсекеге түсті. Ел ақынды ұмытты... Міне, сол кезде Киелі тауды құшағына алған қап-қара мақпал түнді дүр сілкінтіп қосауыз мылтықтың гүрс ете түскен даусы естілді. Өмір ақын өзін өзі атып өлтірді. Таудағы оқ шөлге келіп жаңғырықты... Сол күні біздің ауылдағы бір кейуана «Ақынынан айырылған ел, ақылынан да айырылғанын біле ме екен, Құдай-ау!» деп кемсеңдеп, ақ жаулығымен бетін басып, ұзақ жылады. Нұрғали ОРАЗ
•
11 Қаңтар, 2017
Ел кезіп, еңіреген әуен
338 рет
көрсетілді