Талант па, менеджер ме?
«Жұлдыз» журналының жүз жылдық дерлік тарихы бар, «Жалынның» да жанашырлары жетерлік. «Үркер» болса, маңдайы тасқа тиіп, орта жолда қаны тамшылап тұр (бұл жерде шыққанына сегіз жыл болған балаңдығын бетке басып отырмын). Әуелі Мәскеудің «Роман-газетасына» еліктеп, осы прозалық басылымды өмірге әкелдік. Үш санынан кейін тәй-тәй басқан қадамына көз салып қарап, жастардың әдеби-мәдени, қоғами-саяси басылымы етіп басқаша бағыт алдық. Әйтеуір сегіз ондықта қазақы үйді қайта тіккен сыңайымыз бар. Әйтсе де проза мен поэзияның қамын ойлағандар осы қараша үйге бас сұқпай кетпейтін сияқты. Бірақ, қазір әдебиетке кім ие? Қаламгер бағын кім ашады? Осы жағына келгенде жан-жағыма жалтақтай қараймын. Мен талантты іздесем, менеджерлер таралым іздейді. Талантты табу – редакторға жүктелсе, менеджердің міндеті күннен-күнге артып келеді, өйткені менеджер-редакторлардың ырқына заман да көне қоятын емес.
Бірақ біз өзіміздің ұлттық құндылықты айтпай тұра алмаймыз. Оның уақыты келді. Ол не? Ол – біздің тіліміз. Осы жағынан әлі де ақсап жатырмыз. Қазақ қаламгерлері әрісі 2000 таралыммен ілдәлдалап кітап шығарып жүр. Жазушының жаны – оқырман, олар да жанұшырып шырқырап жүр. Бізге де әдебиет әлеміне аздап болса да бойұсыну керек емес пе?! Ол – кітап таралымы, ұлттық руханият әлемі. Әр нәрсенің ақысы болады, өткен жылы «қаламақы» деген бір сөз айтылып, биыл үміт үлкейіп келе жатқандай.
Орталық Азияда Әуезов пен Айтматов бар, бірақ біртұтас әдебиетте басқалар оза шауып, өзіндігін көрсетеді. Хэмингуэйді әбден ежіктеп оқыдық. Мәскеу Әдебиет институтының проза семинарында бәрін де бүге-шігесіне дейін талдап, тәптіштедік. Әрине, әркімнің әлемдік проблемасы әртүрлі, бірақ көркемдігі жағынан алға тартып, оза шауып кеткен ешкімді көрмедік. Габриэль Маркес те, жапон Харуки Мураками де солай. Біздің М.Мағауин мен Ә.Кекілбайдың, С.Мұратбеков пен Д.Исабековтің айтар проблемасы да, шеберлігі де солардан бір кем емес. Бұл жағына келгенде өзіміздің өзбектен көп нәрсе үйренсек болар еді, грузин мен армянның да ұлттық ауызбіршілікте талантқа көрсетер тағылымы зор.
Ұлттық агенттік құрып, озық дүниелерді дер кезінде аударып, әлемдік деңгейде үлгі тұтып ұсынып отыру – уақыт талабы. Әдебиет оқылады, қазір нағыз әдеби дүниелердің оқылып, басқа жұрттарға қарай бет бұрар өліара кезеңі. Басқаға кетіп жатқан мүмкіндікті өзімізге икемдесек қой, шіркін. Тарта алмай тұрған төрт аяғын тең басып кетер еді. Басқаға кетіп жатқан демеушілікті қайран қазақ өзінің толғауы тоқсан қызыл тіліне жұмсаса, ұлт кемесі алға жылжып, әдебиеттің түйінді сөзі айтылар еді. Демеушілік – бүгінгі күнге тән қамқорлық көрінісі. Ақшаны босқа шашпай, болашағымызға жұмсасақ дейміз ғой. Қазақстандағы «Bestseler KZ» әдеби агенттігінің негізін қалаушының мына сөзі көкейге қонып тұр: «Жалпы, ұлттың ұстын-болмысын көрсететін әдебиетімізді өзге түгіл өзімізге насихаттау жоқтың қасы және авторлар еңбегінің бағалануы өте төмен. Қаламақыдан күдерлерін үзген жазушылар жанайқайы өз алдына бөлек әңгіме. Қазақ қаламгерлері шығармаларының әлемге таныстырылуы жақсы болса, аударылған шұрайлы дүниелер қайда?». Қайықтың толқыннан өтер кезі келді. Бәрі бірігіп, қайықты да, кемені де қол бұлғап қарсы алып, қошеметтеп шығарып салуымыз керек. Бұған біздің әдебиеттің қауқары жетеді.
Әдебиетті насихатттау – бүгінгі өзекті мәселе. Қазір бір үрдіс қалыптасты. Көгілдір экранды ашып қалсаң, үш адамның басын қосқан әнші – ансамбль, оған құшырлана қол соққан тобыр. Өнер керек-ақ, оу, қара сөздің күні өтіп барады ғой. Кітапханаларға көп жұрт бас сұқпайды, бізге өзімізде барды жан-тәнімізді салып, сақтап қалатын күн туды. Қара сөздің қамын бүгін ойламағанда қашан ойлаймыз?!
«Переводчики – почтовые проводники просвещения» деген Чехов сөзі де ғасыр жылжып өткенде ойға оралады. Өйткені, бұл күнде аударма – атқа жегілген жолсеріктер екендігі өмірдің де, әдебиеттің де ақиқатына айналды. Жолды да, пырақты да біз оң пайдаланып, жол үстінде жөнімізді тапсақ дейміз. Ол үшін тәуелсіз тілдің тізгініне өзіміз ие боп, божыны бос жібермеуіміз керек.
Иә, әзірге несібемізге Нобель бұйырмай тұр. Осы сыйлықты Айтматов та ала алмай өмірден өтіп кетті. Бір нәрсеге таң қалам. Тәуелсіздікте тілге қатысты сөз көп. Соңына жеткізем деп әдебиет әлек, қолына қалам ұстағандар қақтығыста.
...Алматыдағы Абайдың алып тұлғасын кім ардақтамайды.
Абайдың алып тұлғасымен күн сайын сырласамын.
Хакімнің алдында әзірге ұяттымыз.
Қуандық Түменбай,
Халықаралық Алаш және Астана-Бәйтерек сыйлықтарының лауреаты