• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2017

Лайықтылар марапатталған салтанат

353 рет
көрсетілді

Бүгінде Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның елдегі тыныштықтың сақталуына қосып келе жатқан үлесі зор. Ішкі әскердің заңды мұрагері болып табылатын құқықтық тәртіп әскерінің құрылғанына күні кеше ширек ғасыр толды. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас күштік құрылымның атаулы күніне орай елорда төрінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Қазақстанда тұңғыш рет құқықтық тәртіп әскерінің құрылуы кезеңінде талмай еңбек еткен ардагер азаматтар мен Ұлттық ұланның жеке құрамы қатысқан салтанатты жиында лайықтыларға сый-құрмет көрсетіліп, үздік мамандар марапатталды. Алдымен Ұлттық ұланның жиырма бес жылдық еңбегін екшеп, арнайы баяндама жасаған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сатов алдағы нақты жоспарлар мен алар асуларды сөз етті. Содан соң, мемлекетіміздің ішкі тыныштығын қамтамасыз ететін бүгінгі Ұлттық ұланның қалыптасуының басында тұрған генералдар мен ардагер офицерлер де Тәуелсіздіктің елең-алаңында әскер құрудың қиын шақтарын бір сәт еске алды. Атап айтқанда, ұзақ жылдар бойы Ішкі әскерлер қолбасшысы болған құрметті ардагер, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов пен генерал-лейтенант Болат Жанасаев Қазақстанның ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев сынды салаға еңбегі сіңген ардагерлер мінберге шығып, жиынға қатысушыларға сөз арнады. Сондай-ақ, Ұлттық ұлан ән-би ансам­блінің сүйемелдеуімен өткен жиында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенат Руслан Жақсылықов бірқатар азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында мерзімінен бұрын шен алғандар мен қызметтік пәтер кілтіне ие болғандар да болды. Қуаныш иелерін құттықтаған сөзінде Руслан Фатихұлы жақын күндері Алматыда шымылдығын ашатын XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада кезінде құқықтық тәртіпті қырағы қамтамасыз ету үшін Алматы гарнизоны жеке құра­мынан 1200-ден аса әскери қызметші жұмылдырылатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, елорда төрінде өтетін ха­лық­аралық ЭКСПО-2017 көрмесінің қау­іп­сіздігін қамтамасыз етуге де ұлан­дық­тардың белсенді қатысатындығын жет­кізді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА