Қарағанды облысындағы Шахан поселкесінде орын алған апат бүкіл қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды.
Қара жамылған отандастарға қолұшын беруді қостанайлық мемлекеттік қызметкерлер парыз деп біліпті. Шахандықтарға көмек үшін ұйымдастырылған акцияға жергілікті атқару органдарының – барлық деңгейдегі әкімдік, облыстық басқармалар мен ведомстволық мекемелер қызметкерлері белсенді атсалысты. Сөйтіп, «Шахтинск қаласындағы Шахан поселкесінде қалыптасқан төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмек қоры» қорына 11 миллион теңге аударылды.
Зардабы ауыр мұндай оқиғалардың сабағы болуы керек. Сол үшін де облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі барлық жылу көздеріне мұқият тексеру жүргізуді тапсырды.
– Күзде жылу берер алдында жылу қазандықтарының барлығы да тексерістен өткізілген, бірақ тұрғындар қауіпсіздігі үшін қосымша шаралар жүргізіп отырғанның артықтығы жоқ, – деді А.Мұхамбетов.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, жақын күндері облыстағы жылу желілеріне, тұрғын үйлердегі, әлеуметтік нысандардағы қазандықтарға жүргізілген тексерістер аяқталады. Байқалған кем-кетіктер жөнделмек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ