• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2017

Әр мәселе дер кезінде шешімін табуы тиіс

266 рет
көрсетілді

Жылумен қамту нысандарының жай-күйі қалай? Олардың пайдаланылуы мен техникалық күйін бақылау, қадағалау қалай жүргізілуде? Уақытша тіркелу нормалары мен ережелері туралы түсіндіру жұмыстары неге кемшін? Ал, елге орала алмай жатқан қазақстандық азаматтардың жағдайы қалай? Биылғы жылдың селекторлық режімдегі алғашқы Үкімет отырысы, міне, осындай мәселелерді талқылаудан басталды. Негізінен Үкімет отыры­сы­ның күн тәртібіне жастар сая­саты және мүлікті жария ету ак­цияларының қорытындыларын қарау мәселелері қойылған екен. Алайда, Үкімет басшысы Ба­қыт­жан Сағынтаев отырысты уақыт күттірмейтін маңызды мәсе­лелерден бастады.

Жылу қазандықтары тексеріледі

Премьер-Министр алды­мен Үкімет атынан Қара­ған­ды об­лысының Шахан кентін­де орын алған қайғылы оқиға­ның сал­дарынан қайтыс бол­ған­дар­дың туыс-туғандары мен жа­қындарына көңіл айтты.  Мұнда жылыту қазандығының жарылуы салдарынан бес қабатты тұрғын үйдің бір бөлігі құлап, салдарынан 9 адам қаза тапқан болатын. Сондай-ақ, 8 қаңтарда Шымкенттегі жекеменшік тұр­ғын үйде де жарылыс болды. Ал 9 қаңтар­да «Kazakhmys Energy» ЖШС Жез­қазған ЖЭО-дағы апат­тан Жезқазған қаласы мен «Қазақ­­мыс» ЖШС өндіріс ны­сан­­дары тоқтан ажырап қалды. Үкі­­­мет басшысы осы төтенше оқи­­­ға­­ларға байланысты қолға алын­­ған шаралар жайына тоқ­талды. «Мемлекет басшысы Қа­ра­ғанды облысының әкіміне, сонымен қатар, өкілетті мемлекеттік ор­гандарға барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көр­сету үшін шұғыл шаралар қабыл­дау туралы тапсырма берді. Қазір апат себептерін тергеу бойынша ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр», деді Б.Са­ғынтаев. Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, сондай-ақ, Қа­рағанды облысының әкімі Н.Әб­ді­беков жүргізілген тергеу нә­ти­желері туралы баяндады. Тұр­­ғын үйлерде, мектептер мен ау­­ру­ханаларда қазандықтар орна­тылған кейбір аймақтардың әкім­дері де өңірлердегі жағдайды хабар­лады. Олардың ішінде Оң­түстік Қазақстан, Ақмола және Ал­маты облыстарының әкімдері де бар. Сонымен қатар, бұл мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов бола­шақта мұндай апатты жағдай­ларға жол бермеу бойынша ұсы­ныстарын білдірді. Ал Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин талқыланған барлық мәселелер жекелеген кеңестерде қарастырылатынын, жағдайға талдау жасап, республикалық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өкілеттіктерді бөлуге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар енгізетіндерін атап өтті. Талқылау қорытындысында Премьер-Министр Ішкі істер министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп көп қабатты тұрғын үйлердегі, әсіресе, білім беру және әлеуметтік сала нысан­дарындағы барлық жылу қазан­дықтарына тексеру жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, Б.Са­ғынтаев жылумен қамту нысан­дарының пайдаланылуы мен тех­никалық күйін бақылау мен қа­дағалау функцияларын күшейту бойынша нақты ұсыныстар ен­гізуді тапсырды.  

Тіркелуге қолайлы жағдай керек

Отырыста талқыланған тағы бір маңызды мәселе – уақытша тіркелу туралы жұмыстардың жайы. Үкімет басшысы министр­ліктерге азаматтардың келген же­рінде уақытша тіркелу нормалары мен ережелері туралы ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. «Қазір қо­ғамда, бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында азаматтардың уақытша тіркелуіне қатысты тақы­рып бел­сенді түрде талқы­лануда. Адам­­дардың сауалдары көп, ал ақпа­рат жеткіліксіз. ХҚКО-ларда кезек көбейген», деді Б.Сағын­таев. Премьер-Министр Ішкі іс­тер министрлігіне Ақпарат жә­не коммуникациялар ми­нис­­тр­­лігімен бірлесіп тың бас­та­маны түсіндіру бойынша ауқым­ды ақпараттық жұмыстар жүргізуді және тіркеу шарасын барынша жедел жүзеге асыруды тапсырды. Б.Сағынтаев бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының да міндеті екенін еске салды. Б.Сағынтаев азаматтарға олар үшін қолайлы уақытта тір­ке­луге мүмкіндік беру керектігін жә­не ол үшін ХҚКО-да жұмыс істей­тін терезелер санын барынша кө­бейтіп, қызмет көрсететін опера­торлар санын жеткілікті ету керек­тігін атап өтті.  

Шетелде қалғандарға көмек көрсетілуде

Премьер-Министр жыл басында түрлі себептермен еліне орала алмай қалған қазақстандық азаматтарға қатысты мәселеге де тоқталды. Атап айтқанда, Түркия мен БАӘ-ге қатысты, онда ауа райы жағдайына байланысты әуе рейстері кейінге қалдырылған болатын. Бұл жөнінде кеңірек баяндаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қа­сым­бек қалың тұман мен көру қа­шықтығының нашарлығына байланысты Шарджа және Дубай қалаларынан әуе рейстері кейінге қалдырылғанын жеткізді. Соның салдарынан Қазақстанға бағыт алған 500-ге жуық адам зардап шекті. Аталған мәселені шешу үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, әуе компаниялары мен туроператорлар жедел штаб құрды. «Біз алғаш рет қазақстандық азаматтардың көшпелі туризм саласындағы құқықтарына ке­пілдік беру жүйесінің тетік­терін іске қостық. 31 желтоқ­санда «Туристік Қамқор» корпо­ра­тив­тік қорының кепілдігімен 300 жолау­шыны шұғыл алып келу ұйым­дастырылды, қалған жо­лау­шылар былайғы әуе ком­­панияларының тұрақты рейс­­терімен жеткізілді», деді Ж.Қа­сымбек. Сондай-ақ, министр Ыс­тан­бұл қаласының әуежайындағы жағ­дай бойынша есеп берді, онда қалың қар түсуіне байланыс­ты Қазақстанға келетін бірқатар рейстер кейінге қалдырылды. Соның нәтижесінде 900-ге жуық адам зардап шекті, олардың 600-і қолайлы ауа райы кезінде жеткізілсе, тағы 300 адам қазіргі уақытта әуежайда. Қазақстан тарапы оларды тамақпен және қонақ үймен қамтамасыз ету шараларын қабылдауда. Премьер-Министр Б.Са­ғын­таев Инвестициялар және даму министрлігі мен Сырт­қы істер министрлігіне аталған мәселені айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.  

Ақпараттық жұмыс күшейеді

Үкімет отырысының күн тәр­тібіндегі негізгі мәселе – жас­тар саясаты бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстар жайында Дін істері және азамат­тық қоғам министрі Нұрлан Ер­мекбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Та­мара Дүйсенова баяндады. Бұл ретте Бақытжан Сағынтаев министр­ліктерге жастар саясатын са­палы жүзеге асыруды қамта­масыз ету және жастар­ды мемлекеттік қолдау шаралары туралы тиімдірек ақпараттандыру бойынша тапсырма берді. Премьер-Министр Қазақстан халқының төрттен бір бөлігі жастар екенін атап өтті. Олар елдің одан әрі дамуына бағыттала алатын зор әлеует болып табылады. Б.Сағынтаев жастар саясаты дегеніміз мемлекет пен жастар арасындағы қарым-қатынас қана емес екенін, бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді болуы үшін оған қоғам да, бизнес те қызығушылық танытуы тиістігін алға тартты. Әсіресе, ел аймақтарындағы жастар саясатының сауатты жүзеге асырылуы аса маңызды. Отырыста сондай-ақ, «Бола­шақ» республикалық қоз­ғалы­сының төрағасы мен «Жастар үні» жастар бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов, Ұлттық волонтерлік желісінің төрайымы Вера Ким және Қазақстан сту­дент­тері альянсының басшысы Мержан Әбілқас сияқты жастар ұйымдарының өкілдері де сөз алды. «Жастар саясатының ба­сым­дықтарын Мемлекет басшы­сы желтоқсан айында өткен жас­тар форумында белгілеп бер­ген болатын. Осыған байланысты Дін істері және азамат­тық қоғам министрлігіне жас­тардың белсенділігін ынталан­дыру үшін жаңа тетіктер мен тәсіл­дерді пайдалана отырып Мем­лекет басшысының нұсқау­ларын жүзеге асыруды қам­тамасыз етуді тапсырамын», деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, Премьер-Ми­нис­тр Ақпарат және коммуникация министрлігіне, әсіресе, жас­тар арасында кеңінен таралған ғалам­тор мен әлеуметтік желі­лер­де мемлекеттік бағдарла­ма­лар­дың жүзеге асырылуы бойын­ша ақпараттық жұмыстарды кү­­шей­туді тапсырды. Әрі бұл жұ­мыс жүйелі түрде қолға алынуы тиіс.  

5,7 трлн теңге заңдастырылды

Ал елімізде жүргізілген заң­дас­тырудың аралық нәтижелері туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов есеп берді. Министрдің мәліметінше, акцияға еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысқан. Барлығы 5,7 трлн теңге заңдастырылды, оның ішінде 4,1 трлн теңгесі – ақшалай, 1,6 трлн теңгесі – мүлік түрінде. 151 мыңға жуық жылжымайтын мүлік, сонымен қатар заңды тұлғалардың қатысуындағы 213 үлес заңдастырылды. Акцияның соңғы айларында халықтың жоғары белсенділігі байқалған, мәселен, 2016 жылдың төртінші тоқсанында қаражаттың 53%-ы заңдастырылыпты. «Бұған 2015 жылдың соңында қабылданған түзетулер ықпал етті, оған сәйкес үдерістер жеңілдетіліп, азаматтарға қосымша кепілдіктер берілді», деді Б.Сұлтанов. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»