«Қызыл кітапқа» кірмесіне кім кепіл?
Бүгінгі күні жануарлар дүниесін қорғау және санын кемітпеу қай кездегіден де маңызды, қай кездегіден де қажеттірек дей аламыз. Қазіргі таңда елімізде қорғауға аса зәру болып отырған жануарлар түрлерінің бірі сахараның ботакөзі – ақбөкендер. Қолда бар деректер бұдан тұп-тура екі жыл бұрын, яғни 2015 жылдың басында Қазақстан аумағындағы киіктер саны 300 мыңның төңірегінде болғанын көрсетеді. Әрине, бұл әбден шүкірлік етуге тұратындай көрсеткіш бола тұрса да, соңғы екі жылдың ішінде «дала аруларының» саны екі есеге дейін қысқарып кеткеніне қалайша қынжылмассың. Киіктер лағын өргізгеннен кейін жүргізілген өткен жылғы соңғы санақ республикамызда небәрі жүз мыңның төңірегінде киіктер қалғанын айғақтайды.
Оның жетпіс пайыздан астамы Орал өңірінде, қалған 30 пайыздық мөлшері Бетпақдала мен Үстіртте сақталған. Киіктер ареалы еліміздің он облысын және көршілес Ресей Федерациясы мен Өзбекстан өңірлерін қамтиды. Үкіметтің 2012 жылғы 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес 2020 жылға дейін ақбөкендерді ату мен аулауға тыйым салынған. Соған қарамастан, «Атты екен қандай адам көзі қиып?!» деп ақын жырлағандай, бес қаруын асынып мұздай қаруланған браконьерлердің жезкиіктерге жаудай тиіп, жаппай қыру деректері тоқталмай келеді. Жоғарыда айтылғандай, екі жылдың ішінде киіктер санының екі еседей кеміп кетуінің басты сыры осында десек, қателеспейміз.
Заңсыз киік аулаушылар оған неге соншама өшігеді? Бал татыған, дәмі тіл үйіретін еті үшін бе? Жоқ, мол пайдаға бірден қарық болуды ойлаған қаскүнемдер киік етіне тістерін батыруды бірінші орынға қоймайтын секілді. Олар үшін киіктің етінен гөрі оның мүйізі әлдеқайда пайдалы, әлдеқайда табысты екені байқалады. Осы материалды газетке әзірлеу барысында біз Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің, соның ішінде Қытай мемлекетінің фармацевтикалық және дәрі-дәрмектер жасау өндірісіне киік мүйізіне деген сұраныстың аса жоғары екенін анықтадық. Соның салдарынан алтынмен пара-пар киік мүйізі бармақ басты, көз қысты дегендей, контрабандалық жолмен жоғарыда аталған елдерге қарай жылыстай беретінге ұқсайды.
Былайша алып қарағанда, өз елімізде киік мүйізінен дәрі-дәрмектер жасайтын фармацевтикалық өндіріс жоқ болғандықтан, республиканың өз ішіндегі қара нарықтың өзінде киік мүйізі аса бір жоғары бағалана бермейді деуге болады. Яғни киік мүйізінің бір келісі мұнда он мың мен жүз мың теңгенің аралығында бағалануы осы пікіріміздің дәлелі. Сонымен, бір мезгілде бір келі киік мүйізінің Қытайдағы құны төрттен он мың долларға дейін шарықтайды екен. Әрі бұл елдің нарықтағы киік мүйізіне деген сұранысы жылдан-жылға өсіп отырғаны аңғарылады. Соның әсерінен браконьерлерді қаржыландырудың астыртын жымысқы жолдары да көбейіп келе жатқандай.
Екіншіден, браконьерліктің тыйылмауына табиғат қорғау жөнінде қабылданған заңдарымыздың әлсіздігі мен солқылдақтығы да әсер етіп жүргенін жасырып қалудың реті жоқ. Тіпті, ұсталған жағдайдың өзінде айыптылар жауапкершіліктен оңай құтылады. Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады дегендей, дәндеген браконьерлер табиғатқа қаскөйлігін одан әрі жалғастыра береді.
Осы арада бұған Қазақстандағы киіктер санының басым бөлігін құрайтын Орал өңірінен бірер мысал келтіре кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Айталық, мұнда өткен жылдары Алматы облысының тұрғыны Амангелді Жантөреев 149 дана киік мүйізімен ұсталған. Сөйтіп, тиісті жауапқа тартылған. Соған қарамастан, ол арада екі ай өтпей Бөкей Ордасы ауданында тағы да өз сыбайластарымен қолға түскен. Бұл жолы браконьерлер мінген автокөлік салонынан елу дана киік мүйізі тәркіленген.
Тағы бір өкіндірерлік мәселе өңірде қызмет жасайтын кейбір ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңсыз киік аулау ісін бүркемелеп келгенінен туындап отыр. Мысалы, тергеуші Дәурен Мұқанов Амангелді Жантөреевке толтырылған хаттамадағы деректерді бұрмалап көрсетіп, тәркіленген мүйіздер санын әжептәуір кемітіп жазған. Екінші бір жағдайда учаскелік инспектор Д. Әшімов «Нива» автокөлігімен шығып киіктерді баудай түсірген. Ол жүргізген көліктің ішінен кесілген он төрт мүйіз бен тоғыз киіктің денесі табылды. Бұл деректі «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Орал өңірлік филиалының қызметкерлері әшкерелеген.
Түйіп айтқанда, табиғат қорғау қызметкерлері анықтағандай, қосымша 340 миллион теңгеден астам қаражаттың айыппұл есебіне кіргізілмей қалғаны жергілікті полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен белсенді іс-әрекетіне үлкен сын болып жүрмегей. Олардың өңірдегі табиғатты қорғау жөніндегі мекемелермен байланыстары және өзге өңірдегі әріптестерімен ақпарат алмасу жұмыстары да нашар, өз деңгейінде емес екендігі өткен жылдың аяғында облыстық прокуратурада өткізілген алқа мәжілісінде егжей-тегжейлі сөз болды.
Киіктердің мүйізіне қатысты жайттарды түйіндей келгенде, тағы бір тосын мәселеге тап боламыз. Гәп мынада. Ақбөкендердің мүйізі браконьерлерден тәркіленіп алынғаннан кейін жойылады екен. Айталық, соңғы үш жылда облыс аумағында 941 киіктің мүйізі тәркіленіпті. Оның жалпы құны шетелдік нарық сұранысына шаққанда 1 миллион 600 мың АҚШ долларына тең болып шығады. Сондықтан оны жоймай экспортқа шығарған жағдайда бұдан бюджет қоржыны 550 миллион теңгеге толығады екен. Мәселенің мұндай мәнісін неге ойластырмасқа? Тәркіленген киік мүйізіне қатысты заңнама аясында акт ресімдеп оларды қажетке жаратуды, бұл бағытта отандық дәрі-дәрмек өндірісін жолға қоюды ойластыруға болмас па еді?
Қазіргі кезде киіктерді қорғау ісінде республикалық деңгейдегі «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Батыс Қазақстан өңірлік филиалының қызмет аясы кеңейіп келеді. Өйткені, ел аумағындағы киіктердің жетпіс пайыздан астамы Орал өңірін қоныстанған. Соған сәйкес аталған бірлестіктің Ақтөбе және Қостанай облыстары бөлімшелеріндегі бірқатар қызмет орындары қысқартылып, соның есебінен Орал өңірлік филиалы қызметкерлерінің саны өскен.
Ендеше, оның қызметіне іскерлік пен қырағылық, кәсіби біліктілік пен белсенділік қажет екендігі талас туғызбайды. Соған қарамастан, «Охотзоопром» ӨБ өңірлік филиалының директоры Сәбит Дүйсекеновтің сылбырлық танытып жүргенімен келісу қиын-ақ. Филиалға қарасты тірек қосындары қайта жарақтандыруды қажет етеді. Мұндағы мемлекеттік инспекторлар осы заманғы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Қызмет көліктерінің тең жартысында техникалық ақау бар. Мемлекеттік инспекторлардың дені өз мамандықтарына сәйкес білім алмаған.
Міне, қазір қыстың қақ ортасы. Күнпарағымызда – қаңтар. Биылғы қыста Ақжайық аймағына қалың қар түсті. Бұл жағдай мұздай қаруланған браконьерлерге тіптен ыңғайлы болғандай. Өйткені, олар қалың қар үстінде жүрдек әрі қуатты қар шанамен киіктерді қарауылға іліктіріп жүр. Бұған таяуда ғана, яғни өткен 2016 жылдың 30 желтоқсанында олардың бірден 34 бас киікті жайратып салғаны толық дәлел.
Бір өкініштісі, браконьерлер оқиға орнынан сытылып үлгерген. Оларды құтқарған желден жүйрік қуатты қар шана екенін тағы бір астын сызып айта кеткенді артық көрмейміз. Керісінше, «Охотзоопром» мамандарының техникасы ескі, күші әлсіз болғандықтан қар қауып қала берген. Рас, қазір тергеу жүріп жатыр екен. Істің мән-жайы таяу күндерде анықталып қалатын шығар деген ойдамыз.
Сөз соңында тілшілер қосынына өңірді мекендейтін киіктердің қазіргі қысқы жәй-күйінен хабар берген Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдиновтің айтқан дерегін оқырмандар назарына бергенді жөн көреміз. Оның айтуынша, киіктер орнығып, отығатын және төлдейтін мекендерінен ауып көшіп облыстың оңтүстік өңіріндегі Нарын құмының етегіне қарай қоныс аударып жатыр екен. Киіктер, соның ішінде аталық текелер көрер көзге өте әлсіз көрінген. Аяқтарын әрең басып келе жатқанға ұқсайды. Тіпті, ауылдың ішіне кіріп кеткен киіктер де бар. Бұл бір тосын өзгерістің болғанын көрсетеді, деп ойын ашық айтты негізгі мамандығы ветеринар, тәжірибелі әрі кәнігі аудан басшысы Л.Хайретдинов. Біз өз кезегінде мұның сыры неде, сіз бұған не дейсіз деген сауалды Батыс Қазақстан облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевке қойған едік. Оның жауабының ұзын ырғасы төмендегідей болды. Сала жетекшісі Жаңақала ауданының әкімі хабарлаған жайт шындыққа сәйкесетінін жеткізді. Даланың жүрдек жануары – ақбөкен қыс кезінде азығын қар астынан тебіндеп тауып жейтін жылқы тектес жануарлар тобына кіреді. Биылғы қыста киіктердің негізгі тұрағы Жәнібек пен Қазталов аудандарына қар қалың түсті де кейін ауа райының құбылмалылығы салдарынан қардың үстіңгі қабатын қалың мұздақ басып қалды. Бұл жағдай киіктердің тебіндеуіне қиындық туғызды. Аса сезімтал жануарлардың жылы әрі қары жұқа, әйтсе де шөбі құнарлы құмды өңірге қарай ойысуының мәнісі осында деді ол.
Тағы бір ұққанымыз, бұл мәселе инспекция бақылауында болып шықты. Тіпті, қажет кезінде арнайы техника көмегімен қар аршылып киіктерді құм өңіріне қарай өткізіп жіберудің тиісті шаралары да белгіленіпті. Ал киіктердің аталығы – текелердің әлсіреу сыры өткен желтоқсанның онынан бастап осы айдың аяғына дейін болған күйек салдары екен.
Соңғы санақ бойынша еліміздегі киіктердің жалпы саны 100 мыңның төңірегінде болса, алдағы кездегі бұл санның жай-жапсары қалай болып шығар екен? Бұған алдын ала бал ашпай-ақ қоялық. Дегенмен, соңғы екі жылда «дала аруларының» саны екі есеге дейін төмендеп кеткенін ескерсек, бұл мәселеге алаңдамау еш мүмкін емес.
Мұның екі себебі бар екені анық. Оның біріншісі – браконьерліктің салқыны, яғни тікелей адамның қолымен жасалған қатыгездік болса, екіншісі соңғы жылдары себебі дәл анықталмаған киіктердің арасында кездесіп жүрген аурулар. Оның алдын алу мақсатындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары да әзірге нақты нәтиже бермей келе жатқаны алаңдатпай қоймайды.
Сондай-ақ, заңды қасақана бұзып киіктерді қырғандарға қатаң жаза қолданылса мүмкін бұл қанды қырғын тыйылар ма екен деген ой келеді. Бұған қоса киіктерді қорғауды күшейту жөніндегі мәселелерді де ойластыратын кез келгені анық.
Мысалы, осыдан 5-6 жыл бұрын ақбөкендерді арнайы қорғайтын заңды тұлға ретінде «Бөкей Орда» мемлекеттік табиғи резерватын құру туралы мәселе көтерілген еді. Тіпті, мұндағы инспекторлар құрамы 52 адамнан тұратыны да ашып айтылған-ды. Сондай-ақ, болашақ резерваттың барлық құжаттары әзірленгеніне де тиісті мекемелерде жинақталған ақпараттар арқылы куә бола аламыз. Қайда сол резерват?
Мен қауіп еткеннен айтамын дегендей, киіктерді алдағы жылдары «Қызыл кітапқа» кіргізуге мәжбүр болып жүрмесек болғаны...
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы