Бұрнағы күні президенттікке кандидат Ғани Қасымов өзінің сайлауалды штабында «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының өкілдерімен кездескенде ел өркені бейбітшілікте екендігіне баса назар аударып сөйледі. Ғ.Қасымов Үкімет тарапына осы орайдағы ел тұрғындарының пайым-пікірін ескеру және азаматтарды отандық атом энергетикасының даму келешегі туралы хабарландырып тұру қажеттігі жайында мәлімдеме жасады.
Атап айтқанда, үміткер Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі БАҚ-тарда тиісті деңгейде көрсетілмей отырғандығына, ғылыми ортада пікірталасқа салынбайтынына алаңдаушылық білдірді.
Сонымен бірге, АЭС салу және оны технологиялық жағынан қамтамасыз ету жайлы тек бір тараппен – ресейліктермен ғана келіссөз жүргізілуі де ойландырмай қоймайды. Айталық, бейбіт атомды пайдалану, оның сабақтас инфрақұрылымдарын жасау тәжірибесі француздың «Фроматом» компаниясында да бар. Оның өнімдерін Германия, АҚШ, Скандинавия елдері, Қытай сатып алатын көрінеді. Ғ.Қасымов осы мәселелер бойынша үкімет түсініктемесін күтетінін атап көрсетті.
Осы проблемалар аясында кездесуге қатысушылар алдында «Невада-Семей» қозғалысының президенті Олжас Сүлейменовтің қолы қойылған Жапония халқына көңіл айтқан мәтін оқылды. Қазақстанда 80-ші жылдардың аяғында құрылған халықтық қозғалыс Семей ядролық полигонын жабу жөнінде ұлан-ғайыр жұмыстар тындырды, ол өз қатарына миллионнан астам қазақстандық азаматтарды біріктіріп, әлемдік беделге ие болған еді.
Қазірде ақиық ақын Олжекең мен қозғалыс белсенділері бейбітшілік эстафетасын жастарға аманаттап жүктеп беру жөнінде бастама көтерді. «Қазақстан жастары ядролық қаруға қарсы!» үндеуінің соңына миллионнан астам қол жиналды. Ынталы топ бұл бастама әлемнің көп елдерінде қолдау табатынына сенімді. Патриоттар партиясы атынан сөз алған Ғани Қасымов та нақ осы акцияға қосылды. Президенттіктен үміткер азаматтардың қауіпсіздігі өзінің саяси қызметінің басты бағыты екендігін қадап айтты. Біз осы мәселеге көбірек көңіл бөлуге, қауіпсіздік жүйесіне мемлекет қаржысын көптеп салуға тиіспіз, деп қорытты ол ойын.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.