• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 08:40

Жас ғалымдарға жол ашылады

Жасанды интеллект, цифрлық ел, технологиялық серпіліс туралы көп айтамыз. Бірақ кез келген ғылыми жаңалықтың артында бір ғана негізгі күш тұр. Ол – адам капиталы. Ғылымды алға сүйрейтін «ынталы жүрек» болмаса, зертхана да, инновация да ұшпаққа шықпайды. Сондықтан бүгінде мемлекет ғылымның сәулетін ғана емес, дәулетін де арттыруды, анықтап айтсақ, кадрларды даярлау ісін стратегиялық деңгейге көтеріп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ­Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен жиында ғылымды өндіріске жақындату, инновацияны экономиканың нақты секторына енгізу, тиімді ғылыми орта қалыптастыру стратегиялық міндет екенін айтқан еді. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесі бүгінде нақты көрсеткіштерден байқала бастады. Кейінгі жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсті. Егер 2023 жылы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мысқа жұмсалған ішкі шығын көлемі 121,5 млрд теңгені құраған болса, 2025 жылы бұл көрсет­кіш 260 млрд теңгеге жеткен. Екі жылдың ішінде қаржының екі есеге жуық артуы мемлекеттің ғылымды нақты ресурс арқылы қол­дауға көшкенін аңғартады. Сондық­тан кейінгі жылдары мемлекет ғылым инфрақұрылымымен қатар ғылыми кадр даярлау мәсе­ле­сіне де басымдық беріп келеді.

«Ғылыми кадрларды даярлауға жыл сайын жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу мүмкіндіктері кеңейтіліп отыр. 2025–2026 оқу жылына докторанттарды даярлауға 2 919 білім беру гранты бөлінді. Индустриялық PhD тетігі бойын­ша экономиканың басым бағыт­тарында маман даярлауға қосымша 110 грант көзделген», делінген Үкімет хабарламасында.

Бұл көрсеткіш статистикадан бөлек, елдің ғылыми әлеуетіне салынған ұзақмерзімді инвестиция. Себебі бүгінгі докторант – ертеңгі профессор, жаңа технология авторы немесе күрделі өндірістік мәселені шешетін зерттеуші. Әсіресе индустриялық PhD бағдарламасының маңызы ерекше. Өйткені ғылымды өнді­рістің нақты сұранысымен байланыстыру бүгінде әлемдік үрдіске айналды. Университет зертханасында туған идея ертең зауыттағы технологиялық мәселені шешуге қызмет етуге тиіс.

Қазіргі жаһандық жанталас дәуірінде ғылым шекарамен шек­телмейді. Үздік тәжірибе, жаңа әдіс, заманауи зерттеу мәдениеті халықаралық байланыс арқылы қалыптасады. Сондықтан ғылыми кадрларды даярлауда сыртқы тәжі­рибеге сүйену маңызды фак­торға айналып отыр.Үкімет дерегіне сүйенсек, халықаралық ынтымақтастық пен ғалымдардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. 2021 жылдан бері әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында оқу мен тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін «250 ғылыми тағылымдама» бағдарламасы жүзеге асып келеді. 2021–2025 жылдар аралығында шетелдік ғылыми тағылымдамаларға 1 543 отандық ғалым жіберілді. Ал бағдарламаға қатысушылардың 62%-дан астамын жас зерттеушілер құрайды.

Бұл жерде назар аударатын маңызды жайт – жас ғалымдар­дың үлесі. Ғылымдағы буын алмасуы кез келген мемлекетте күрделі мәселе саналады. Ал жас зерттеушілердің халықаралық тәжірибеге қол жеткізуі елдегі ғылыми мектептердің жаңаруы­на, жаңа зерттеу мәдениетінің қа­лыптасуына жол ашады. Гарвард, Массачусетс немесе Еуропаның ірі ғылыми орталықтарында тәжірибе жинаған маман тек білім алып қайтпайды, ол жаңа ойлау жүйесін, зерттеу әдебін, академиялық мәдениетті де бірге ала келеді.

Осы ретте халықаралық тәжі­рибенің нақты пайдасын шетелде білім алған маман­дар да растайды. «Бола­шақ» бағдарламасы­мен  Ұлы­британиядағы Бристоль универ­ситеті докторантурасының түлегі, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бақыт Алтынбасовтың айтуынша, әлемдік ғылыми орта­ның басты ерекшелігі – зерттеу­шіге жасалатын мүмкіндік пен ашық академиялық орта. «Бристоль университетінде докторанттар әлемдік ғылыми жұмыстар базалары мен кітапханаларын те­гін қолдана алады. Мысалы, мен докторлық жұмысымды жүргізу барысында әлемнің кез келген кітапханасынан онлайн материал алып, еркін жұмыс жүргіздім. Жалпы алғанда, әлемдік университеттерден үйренетініміз әлі де көп әрі шетелде ғылыми кадрларды даярлау саясаты өте маңызды деп ойлаймын», дейді ғалым.

Шынында да, халықаралық тағылымдаманың құндылығы тек жаңа білім игерумен шектел­мей­ді. Ол зерттеу мәдениетін, академиялық жауапкершілікті, ғылымды ұйымдастырудың жаңа моделін көруге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе кейін елдегі ғылыми ортаның сапасын арттыруға қызмет етуге тиіс. Дегенмен грант санын көбейту мен тағылымдама ұйымдастыру мәселені толық шешпейтіні анық. Ғалым елге оралғаннан кейін оның әлеуетін тиімді пайдалану, зерттеу нәтижесін экономикамен байланыстыру, ғылыми жаңалықтың өндіріске енуіне жағдай жасау – одан да маңызды міндет. Әйтпесе шетелде білім алған ғалымның тәжірибесі қағаз жүзіндегі есеппен ғана шектелуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар