• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

Мақсат – екі алтын, бір күміс медаль

450 рет
көрсетілді

Кенді Алтайдан Универсиадаға 42 спортшы қатысады Кикбокстан әлемнің 5 дүркін чем­пионы, еліміз біріншілігінде сан мәрте топ жарып, халықаралық жарыстарда Қазақ елінің туын желбіреткен атақты спортшы, бұдан бұрын да облыстық спорт және туризм басқармасын басқарған, соңғы екі-үш айдан бері лауазымды қызмет тізгінін қайта ұстаған Асқар Можановпен қысқы Универсиада жөнінде пікір алмасқан едік. – Асқар Байжігітұлы, Уни­вер­сиадаға қысқы спортпен шұғыл­дана­тын жерлестеріміз қанша жолда­маға ие болды? Кімдерден үміт күтесіз? – Дүниежүзілік Универсиа­да­ның елімізде өтуі әлем жұрт­шылы­ғын таңдай қақтырарлық елеу­лі оқиға. Дәрежесі жөні­нен Олимпия ойындарынан кейін екінші орында тұрған Универ­сиадаға әлемнің 60-қа тарта елінің сайып­қырандары қаты­сады, оны 80 мем­лекеттің 1 мил­лиардқа жуық көрермені тамаша­лайды. Қазақ елі тәуелсіздік алған ширек ғасырда ауыр атлетика мен бокстан әлем чемпионаттарын, Азия біріншіліктерін, қазақ күресінен «Қазақ барысы» секілді басқа дүбірлі халықаралық сайыс­­тарды өткізді. Оның үстіне, Ас­тана­­да Экспо-2017 көрмесі өт­пек. Бір жылда ғаламат екі оқиға­ның қатар өтуі шынында да ғажап жаңалық. Қысқы спорт түрлері Кенді Алтай­да ерекше дамыған. Шаңғы, биатлон, тау шаңғысы, шайбалы хоккей сияқты қыс­қы спорт түрлерінен жерлестеріміз жүл­делі орын­дарды иеленіп жүр. Шығыс Қазақ­стан облысының студент­тері бүгін­ге дейін 6 Универсиадаға қаты­сып, 6 алтын, 4 күміс, 6 қола медальды қанжығалаған. Алматы­дағы XXVIII Уни­вер­сиададан екі алтын, бір күміс медальды алуды мақсат тұтып отырмыз. – Алтын медальдан үміткер­лер қатарында кімді айтар едіңіз? – Алдын ала тон пішкен жөн бол­мас. Кейде қолда тұрған алтын­ның бір мезетте уыстан сырғып кете­тіні де бар. Лиллихамер Олим­пиа­­да­сында жерлесіміз Шешкель­дің сөре­ге бірнеше метр қалғанда сүрі­ніп, төртінші орынды қанағат тұт­қа­нын қалай ұмы­тайық. Немесе атақ­ты шаңғышымыз А.Полтора­нин­­нің әлем чемпионатында құлап қа­лып, бесінші орынды місе тұт­қа­ны да есте. Демек, такти­ка­лық әдіс пен шеберлікті қатар меңгер­ген­де ғана діттеген межеге жете аласыз. Алматыдағы Универсиадаға Кенді Алтайдан 42 саңлақ қаты­сып, спорттың 9 түрі бойынша бақтарын сынайды. Атап айтқанда, шаңғы спортынан – 5, биатлоннан – 5, тау шаңғысынан – 4, тұғырдан шаң­ғымен секіруден – 3, фристайлдың могул және акробатика түрлерінен –7, конь­ки спортынан –1, шайбалы хоккейден – 11, сноуборд, шаңғы қоссайысынан – 2 сту­дент. Ал еліміз бойынша Уни­вер­сиадада барлығы 195 (оның 103-і ер, 92-сі әйел) спортшы қатысады деп күті­лу­­де. Демек, Қазақстан құрамасының төрт­тен бірін біздің жерлестеріміз құрап отыр. Фристайлдан әлем чемпио­наты­ның қола жүлдегері, Әлем кубогы­ның жеңімпазы Юлия Галышева бұдан бұрын да Дүние­жүзі­лік Универсиадада алтын ал­­қа­ны жеңіп алған. Бұл жолы да Юлия­дан тек алтын күтеміз. Дми­трий Рейх­ерд, Павел Колмаков, биат­­лон­шы Галина Вишневская бір ал­тын, бір күміс алса, тамаша бо­лар еді. Фристайлдың акробатика түрі­нен Ақжол Заманбеков, шаң­ғы­дан Әсет Дүйсенов, Иван Люфт, Марина Матросова, Анже­лика Тарасова, конь­ки­ден Эльвира Халикова сияқ­­ты талантты жас­тары­­­мыз намыс­ты қолдан бермес де­ген ойдамыз. Қалай дегенде де, ел­­ді­гі­міз бен бір­лігіміз сынға түсер сәтте жер­лес­тері­міз жеңіс тұғыры­ның биік сатысынан көрінеді деп сенеміз. – Универсиада эстафетасы бізде қашан өтеді? – Шығыс Қазақстанда эстафета 26 қаңтарда өтіп, оған 60-тан астам жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқуда үздік жас­тары қатыспақшы. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист ӨСКЕМЕН