• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2017

Тұрақты өкіл Сенім грамотасын тапсырды

291 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров осы ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерришке Сенім грамотасын тапсырды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Рәсім Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтті. Рәсімнен кейін болған екіжақты сұхбат барысында Қ.Омаров пен А.Гутерриш жаңа қызметке тағайындалуларымен бірін бірі жылы құттықтап, тараптар әріптестігінің одан әрі де жоға­ры қарқынмен дамитындығына сенім білдірді. Қазақстандық дип­ломат еліміздің басшылығы атынан Ұйым­ның кикілжіңдерді болдырмау, бітімгершілік, бейбітшілік орнату мен ұзақ мерзімді тұрақты даму салаларындағы көпжақты бастамаларға ықпалдасу жөніндегі жаңа басшысының жоспарларын қолдайтындығын білдірді. Сонымен қатар, ол сұхбаттасын Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі ба­сым­дықтары жайлы хабардар етіп, Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның әлеу­меттік-экономикалық дамуына жа­һандық Ұйымның игі ықпалдарын жандандырудың маңыздылығы туралы айтты. Өз кезегінде Бас хатшы А.Гу­тер­риш Н.Назарбаевпен 2016 жыл­ғы 23 қарашада Астанада өткен кез­десуін жылылықпен еске ала отырып, Қазақстанның халықаралық сахнадағы жетістіктеріне жоғары баға бер­ді. Сонымен қатар, Қазақстанның әлемнің барлық мемлекеттерімен, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің барлық тұрақты мүшелерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан ел ретіндегі беделін атап өтті. БҰҰ басшысының айтуынша, бұл жетістіктер аймақтық қақтығыстарды реттеу мен жаһандық қауіпсіздіктің басты мәселелері бо­йынша қайшылықтарды еңсеруге игі ықпалын тигізеді. Сондықтан да БҰҰ Қазақстанмен саяси диалог пен прак­тикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі, деді өзінің сөзінде А.Гутерриш.